Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Халық көңілінен шыққан қойылым

Халық көңілінен шыққан қойылым

Театр – тәрбие бесігі. Көрнекті жазушы Ғабит Мүсіреповтің «Театр – хас сұлудың көз жасындай мөлдір өнер» деп баға беруі де тегін болмаса керек. Мәдениет пен руханият әлемін театрсыз елестету әсте мүмкін емес.
Бұл өнер туралы сөз қозғалса, Қызылорда өңірінің аса мақтанышпен айтатын жайты да бар. Ол – алғаш театр шымылдығының біздің облыста ашылуы. Содан бері ғасырға жуық уақыт өтсе де өз жалғасын тауып, әлі де көрермен көзайымына айналып жүрген театрлар қаншама. Арал ауданының халық театры 1972 жылы негізі қаланған сәттен бастап түрлі қойылымдарымен көрерменін қуантудан әсте жалыққан емес. Сол жұмыстың жалғасы – кешегі болған Төлен Әбдіктің шығармасы негізінде жазылған, драматург Нұрдәулет Баймаханның «Оң қол» мистикалық драмасының қойылымы.
Иә, Төлен Әбдікті танымайтын, оның ішінде «Оң қол» әңгімесін оқымаған қазақ кемде-кем шығар. Кітапты оқып отырып-ақ басқа әлемге жетелеп, Алманың хикаясын басыңнан кешкендей әсер қалдыратын шығарманың қойылымы қала жұртшылығының көңілінен шықты десек өтірік емес.
Көптен бері театр өнерін тамашалауға келгенім екен. Қазіргі таңда көп уақытымызды жұмыс, үйдің тіршілігі деп қалай өткізіп алғанымызды аңдамай қаламыз. Осындайда ой сергітіп, көңіліңді бөлуге таптырмас мүмкіндік – театр. «Оң қол» спектаклі өте қатты ұнады. Актерлер шеберлігі, қойылымның музыкамен әрленуі, жарықтың сахнадағы рөлі бәрі-бәрі үйлесімді болды. Алманың, Айшаның, Мақсат дәрігердің де бастан кешкен оқиғасын сезініп отырдым. Алдағы уақытта да осындай сахналық қойылымдардың көп болғанын қалаймын, – деп көрермен Әсемгүл Әзілханова өз пікірін білдірді.
Арал аудандық «Халық» театрының режиссері Диана Кеңес инсценировкалаған қойылымда аудандық Мәдениет үйінің қызметкерлері – Дәулеткерей Қуантқанов, Нұртаза Ордағұлов, Ақнұр Төлегенова, Айгерім Серікова, Есбол Қадірғұлов, Ерімбет Орынбасаров, Ғабит Базанов басты рөлдерде ойнады.
Бұл қойылымға дайындық 2 апта көлемінде болды. Алғашқыда Қазалы ауданындағы аймақтық байқауға арнайы жоспарланып, дайындық жүргіздік. Ол сайыстан жүлделі І орын алдық. Аралға келген соң халық сұранысына байланысты қойылым көрсету туралы ой туды. Осылайша бүгін Арал қаласына қойсақ, алдағы уақытта ауылдық елдімекендерді аралау ойымызда бар, – дейді аудандық халық театрының режиссері Диана Кеңес.
Ал басты рөлді сомдаған Айгерім Серікова Алманың рөліне кіру оңайға соқпағанын айтады:
Алманың образы – өте ауыр образ. Оң қолының өзіне бағынбауы әрбір адам үшін үлкен қиындық дер едім. Қойылымда өз рөлімді жақсы алып шығуға тырысқаным сонша, кей уақытта түнгі ұйқымнан шошынып оянатын кезім болды. Алғашқы аптадан кейін барып үйренісе бастадым. Қойылымның халық көңілінен шығып, оң бағасын алғанына өте қуаныштымын. Бұл біздің еңбегіміздің ақталғаны, – дейді.
Ауданның атын шығарып, жүлделі марапатпен оралған халық театрын қойылым соңында Мәдениет және Тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Бауыржан Махатов және арнайы қонақтар, Арал ауданының құрметті азаматы Толыбай Абылаев, белгілі журналист, «Арал әлемі» газетінің бас редакторы Ерғали Абдулла, дәстүрлі өнер дәріптеушісі Базар Қостаевалар құттықтап, игі тілектерін білдірді.
Біз де болашаққа жоспары мен мақсаттары айқын, мәдениет пен өнерді, әдебиет пен руханиятты ұштастырып жүрген театр ұжымына сәттілік серік болғай деп тілек білдіреміз.
Гүлмарал САҚТАПОВА
28 мамыр 2024 ж. 1 540 0