Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Ұлттық бояу. Мәңгілік мұра

Ұлттық бояу. Мәңгілік мұра

syrboyi.kz Облыс орталығындағы «Достық үйінде» Қазақстанның Халық суретшісі, қазақ бейнелеу өнерінің көркемдік өрісін кеңейтіп, ұлттық кескіндеме мен графикада айрықша қолтаңбасын қалдырған дара суреші Сахи Романовтың туғанына 100 жыл толуына арналған «Ұлттық бояу. Мәңгілік мұра: Сахи Романов – 100 жыл» атты республикалық суретшілер симпозиумының ашылу рәсімі өтті. Шараға Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан, Атырау, Батыс Қазақстан, Түркістан, Жамбыл облыстарынан келген белгілі қылқалам шеберлері, Сыр өңірінің суретшілері, зиялы қауым өкілдері, шығармашылық жұмыспен айналысатын студенттер қатысты.
Сахи Романов – қазақ бейнелеу өне­ріне, ұлттық кескіндеме мен графи­ка­ның дамуына сүбелі үлес қосқан көп­қырлы талант иесі. Ол Қазалыдағы, Орынбордағы жетім балалар үйін­де тәрбиеленді. Жетімдер үйінен соң ин­тер­натта, кәсіптік училищеде оқып, Орынбордағы көркемсурет студия­сын­да білім алған. Соғыс жыл­­да­рында Куйбышев қаласындағы ста­нок жасау зауытында еңбек етті.
Суретші болуды арман еткен боз­бала 1947-1948 жылдары Мәскеу көр­кемсурет орта мек­тебінде,  сонан соң Ленинградтағы И.Репин атын­дағы кес­кіндеме, мүсін және сәулет инсти­ту­тында білікті ұстаздардан білім алды. Елге келіп, Алматыдағы баспаларда қызмет етті. 1955 жылы Бүкілодақтық мемлекеттік киномато­графия инсти­тутын (ВГИК) бітірген соң «Қазақ­фи­льм» киностудиясында қоюшы-су­рет­ші әрі костюм суретшісі болып қызмет атқарды, кино саласында жемісті еңбек етті.
Ол «Біз осында тұрамыз», «Қанатты сый», «Өмір жолы», «Тұлпардың ізі», «Даладағы қу­ғын», «Алдар көсе», «Ән қанатында», «Найзатас баурайында», «Құлагер» сынды фильмдердің түсі­рі­луіне қоюшы-суретші ретінде атса­лыс­ты. С.Романовтың қазақ өнеріне сіңір­ген еңбегі мемлекет тарапынан жоғары бағаланды. Оған 1967 жылы Қазақ КСР еңбек сіңірген өнер қай­рат­кері, ал 1981 жылы Қазақ КССР Халық суретшісі құрметті атағы берілген. Со­нымен бір­ге, суретші «Құрмет белгісі», «Еңбек Қызыл Ту» және «Парасат» ордендерімен марапатталған.
Қатысушылар алдымен өнер иесі­нің өмірі мен шығармашылығы жа­йында бейнероликті тамашалады. Ша­раны облыстық  мәдениет, архивтер жә­не құжаттама басқармасының бас­шы­сы Жанмұрат Сейілов ашып, қазақ бейнелеу өнерінің көрнекті өкілінің мол мұрасын наси­хаттауға арналған симпозиум жұмысына сәттілік тіледі. Мұнан соң белгілі қылқалам шебері, кес­кіндемеші, график-суретші Әділ­ға­ли Баяндин мен суретші-мүсінші Аман­келді Кененбаев ру­хани шараның ма­ңыздылығына тоқталып, қа­тысу­шы­ларға ізгі тілектерін жеткізді.
Сахи Романовтың соңында қалған мұрасы  еліміздегі музейлер мен көр­кем­сурет қорларында сақтаулы. Алма­ты­дағы Ә.Қастеев атындағы Ұлт­тық өнер музейі қорында «Жер туралы дек­рет», «Бұғаудан босау», «Шопанның отбасы», «Отан аспаны аясында» атты туындылары бар.
Кескіндемеші, график және кино суретшісі Сахи Романовтың шығарма­шылығы мазмұн тереңдігімен және ай­қын ұлттық сипатымен ерекшеленеді. Суреткер туындыларына бейнелі ой­дың эпикалық кең тынысы, жоғары кес­кіндемелік шеберлік пен адам бол­мысын танып- білуге негізделген ай­рықша тереңдік тән. Шара барысында суретші-график Оразбек Есенбаев қа­зақ бейнелеу өнерінің тарихында ай­рықша орны бар Сахи Романовтың шығармашылық мұрасына тоқталып, оның туындылары ұлттық болмысты, халқымыздың тарихы мен тұрмысын, туған жер табиғатын көркем тілмен бейнелейтін құнды мұра екендігін атап өтті. Ол облыстық тарихи-өлкетану му­зейі қо­рына 30 графикалық туынды­сын сыйға тартты.
Шара соңында сим­по­зиумның ашылу рәсіміне қа­ты­су­шылар халықаралық көрмелер мен бай­қау­лар­дың жүлдегері Оразбек Есен­баевтың көрмесін тамашалады. Суретші өз сөзінде шығармашылық жұмыс­та­рының мазмұны мен жасалу ерекше­ліктеріне тоқталып, туған же­ріне деген ыстық ықыласын білдірді. Сый ретінде ұсынылған 30 графикалық туындының 10-ы жібек матаға са­лын­ған. Ол жі­бек матаға сурет салуды елі­мізге алғаш алып келген.
Республикалық суретшілер симпо­зиумы ер­тесіне С.Айтбаев атындағы көркемсурет гале­рея­сындағы плэнэр­лік жұмысқа жалғасты. Сон­дай-ақ кә­сіби суретшілер Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті мен М.Мә­метова атын­дағы педагогикалық жоға­ры колледжінің «Көр­кем еңбек және сызу мұғалімдерін даярлау», «Ди­зайн» мамандықтары бойынша білім алып жат­қан студенттерге шеберлік сағаттарын өт­кізді.  
«Ұлттық бояу. Мәңгілік мұра: Сахи Романов – 100 жыл» атты респуб­ли­калық суретшілер сим­позиумының жа­былуы «Достық үйінде» 6 қа­раша күні өтеді.
Е.ДӘУІР.
05 қараша 2026 ж. 35 0