Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Саф өнердің Сахиы

Саф өнердің Сахиы

Арал өңірі – тарихы терең, табиғаты ерекше, талай шығармашылық туындыға арқау болған қасиетті мекен. Ұлы теңіздің жағалауы, кең даласы мен тарихи орындары бүгінде өнер адамдарының да назарын аударып келеді. Соның бір дәлелі – қазақ бейнелеу өнерінің көрнекті өкілі, Қазақстанның халық суретшісі Сахи Романовтың 100 жылдығына арналған «Туған жердің бояулары: Сахи Романов ізімен» атты облыстық пленэрдің Арал жерінде өтуі.
Шығармашылық шараны Қызылорда облыстық тарихи өлкетану музейінің филиалдары – Арал аудандық тарихи-өлкетану музейі мен Салихитдин Айтбаев атындағы көркемсурет галереясы бірлесіп ұйымдастырды. Пленэрге елге белгілі кәсіби суретшілер қатысып, Арал өңірінің табиғатын, тарихи орындары мен теңіз жағалауын қылқалам арқылы бейнеледі.
Пленэрдің басты мақсаты – Сахи Романовтың шығармашылық мұрасын дәріптеу ғана емес, суретшінің туған өлкесі Аралдың табиғи және тарихи-мәдени келбетін қазіргі өнер арқылы кеңінен таныту. Осы мақсатта шығармашылық нысан ретінде Арал теңізінің солтүстік-батыс жағалауындағы көрікті орындар таңдалды. Атап айтқанда, Бутаков шығанағы, Қарасандық пен Құттыбай жоталары және Кіші Арал теңізі суретшілердің шығармашылық алаңына айналды.
Табиғатының өзіндік ерекшелігімен көз тартатын бұл мекендер суретшілерге тың шабыт сыйлады. Теңіз жағалауының тынысы, кең дала, тау-жоталар мен тарихи орындар олардың картиналарында өзіндік бояумен көрініс тапты. Осылайша, табиғат көрінісі өнер туындысына айналып, Аралдың көркем бейнесін жаңа қырынан танытуға мүмкіндік туды.
Пленэрдің Сахи Романов дүниеге келген Арал ауданында ұйымдастырылуының да өзіндік мәні бар. Бұл – суретшінің шығармашылық мұрасын туған жерімен сабақтастыра дәріптеудің, кейінгі буынға оның есімі мен еңбегін кеңінен танытудың тағылымды үлгісі.
Шара барысында Арал өңірінің туристік әлеуетін насихаттауға да көңіл бөлінді. Өлкенің табиғи тартымдылығын танытатын кәсіби фотосуреттер түсіріліп, дрон арқылы бейнематериалдар әзірленді. Мұндай жұмыстар Арал-Ақеспе аумағының көрікті жерлерін көпшілікке танытып, келешекте туризмді дамытуға серпін беретін маңызды бастамалардың бірі болмақ.
Пленэрдің қорытындысы Арал қаласындағы Руханият орталығында өтті. Жиында шығармашылық жобаға қатысқан кәсіби суретшілерге алғыс хаттар табысталды. Сонымен қатар пленэрді ұйымдастыруға және өткізуге атсалысқан аудандық музейлердің меңгерушілеріне Қазақстан Суретшілер одағының Қызылорда облыстық филиалы атынан Салихитдин Айтбаев атындағы медальдар табысталды.
Шараның тағы бір маңызды нәтижесі – пленэр барысында дүниеге келген көркем туындылардың алдағы уақытта көпшілік назарына ұсынылуы. Қараша айының екінші жартысында Арал қаласындағы галереяда арнайы көрме ұйымдастырылып, суретшілердің еңбектері көрерменге жол тартады.
«Туған жердің бояулары: Сахи Романов ізімен» облыстық пленэрі – өнер мен өлке тарихын тоғыстырған мазмұнды шығармашылық жоба. Ол Сахи Романовтың 100 жылдық мерейтойын атап өтумен қатар, Аралдың табиғи сұлулығын, тарихи орындарын және рухани болмысын өнер арқылы насихаттауға жол ашты.
Ақниет ЖАСҰЛАНҚЫЗЫ
06 қазан 2026 ж. 80 0