Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі

Төмпешік

Таулар жайлы толғанар ем, әттең, тауды көрмедім, ⠀
Кіп-кішкентай қыраттарым – Гималайым ол менің.⠀
Қырқа төбе, бұйрат құмдар – солар біздің өлкенің⠀
Бейне Нұқтың кемесінің діңгегі мен желкені.

Тау бітпеген, теңіз қайтқан, ақсораң шөл бұл қырды, ⠀
Неге тастап кете алмаймыз құрғырды?⠀
Анау кеме – жатқан жаңқа, жүзгендігі – ертегі,⠀
Не құдірет сонда-дағы сүйеміз бұл өлкені!

"Туған жерді сүйемін!" деу – тост тілегі емес қой,⠀
Осы бір сөз – сенімсіздеу һәм буалдыр, көмескі ой.⠀
Паң мұзарты һәм тәкаппар таулары жоқ өлкеде, ⠀
Моп-момақан төмпешік боп жатқан қандай мәртебе!
Тектоника ғылымы да, геологтар кәнігі,⠀
Біздің қырды ойыс дейді, ойпат дейді анығы.⠀
Биіктік пен тереңдіктің өлшемі тау болып па? ⠀
Сол тауларды, заңғарларды туа алады халық та!
Сүйейікші туған жерді, ал қалғаны – бос егес, ⠀
Түк етпейді, дәнеңе емес – климаты, сөз емес⠀
Жер бедері, биіктігі, төмендігі ол да аса,⠀
Тек әйтеуір, кейбіреудің ойы аласа болмаса...

Дархан АМАНЖОЛҰЛЫ
16 сәуір 2021 ж. 694 0