Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Қандай кино көріп жүрміз немесе қазақ киносына көңіліңіз тола ма?

Қандай кино көріп жүрміз немесе қазақ киносына көңіліңіз тола ма?

Қазақ киносы десе көңіліміз елең ете қалады. Кезінде «Қазақфильм» түсірген тарихи кинокартиналардың қатарын бүгін жаңа киностудиялардан шыққан жас режиссерлардың туындылары толықтырып жатыр. Көрерменге жол тартқан қазақ киносының бәрі бірдей сапалы деп те айта алмаймыз. Мұнда кейбір тарих, ұлттық құндылық бұрмаланып берілетіні де жасырын емес. Сонымен біз бүгін қандай кино көріп жүрміз деген сауалға жауап іздеп көрген едім. Қоғам мүшелерінің ойлары шартарапқа бөлінді.
Дастан Бисенов: – Біздің бала күнімізде қазақ киносы тек мереке күндері ғана көрсетілетін. Сонда «Менің атым Қожа», «Тақиялы періште», «Гауһартас», «Қыз Жібек», «Атаманның ақыры» сынды киноларды көріп өстік. Бұлардың бәрі белгілі жазушылардың әңгіме желісімен, тарихи оқиға негізінде түсірілген туындылар болатын. Қанша көрсек те жалыққан емеспіз. Кітаптан оқыған шығарманы кинодан көру танымымызды арттыра түсуші еді. Мұнан соң тәуелсіздік алған жылдар қазақ киносына жаңаша леп алып келді. Режиссерлар да көбейді. Отандық телесериалдар мен телехикаялар да қарқынмен түсірілуде. Қазір жастардың қиялы ұшқыр, ойы зерек. Соған сай көрсетіліп жатқан кинолар да көңілге қонымды. «Жаужүрек мың бала», «Көшпенділер», оның ізін шала жақында ғана түсірілген «Алтын тақ», «Қазақ хандығы», «Томирис» сынды тарихи туындылар көруге тұрарлық. Біздің ешкімге қамшы салдырмас батыр халық болғанымызды суреттейді.
Света Сұлтанмұрат: – Бүгінде қазақ киносы көбейді. Жастар жаңа бағыт алып келіп жатыр. Түрлі жанрда фильмдер бар. Телехикая мен сериалдар да жетерлік. Бірақ кейде осы ұзақ метражды киноларды көріп отырып қазаққа берері қанша деп қаласың?«Өмірден алынған» дейді де еш тәрбиелік мәні жоқ, отбасы құндылықтарына қайшы киноларды теледидардан тізбектеп беріп жатады. Мұның орнына неге тарихи көп сериялы кино түсірмеске?! Қазақтың небір батырларымен хандарының, би-болыстарының даналығы, даралығын танытатын кинолар түсірілсе, жас ұрпақтың санасына сіңіп, мазмұны мен мәні айшықтала түсер еді. Тарихи кино түсіру үшін сценарийдің керегі жоқ. Біздің тарихымыздың өзі дайын тұрған сценарий. Не десек те жалпы мақтап не даттаудан аулақпыз. Қазір де жақсы кинолар жетерлік. Актерлер де образ беру жағынан тәжірибелі, шынайы рөлді сомдауға машықтанған.
Мейрамкұл Кендірбайқызы: – Бұрынғы қазақ кинолары бәрімізге жақсы таныс қой. Сонан кейінгі жаңа леп алып келген 2002 жылдары шыққан «Жаралы сезім» киносы еді. Мұнан соң да біртіндеп қазақ кинолары шыға бастады. Қазір тіпті отандық киноларға басымдық беріліп отыр. Соның ішінде комедия жанрындағы киноларды ерекше жақсы көремін. Соңғы кезде көрсетіліп жүрген қазақ комедиялары ерекше қызық, тартымды болып келеді. Мелодрамалық кинолар да жаман емес. Бірақ тарихи киноларға бір нәрсе жетпей тұрғандай көрінеді. Тарих шындығынан көп бұрмаланады. Бұл да дұрыс шығар, бірақ сюжет жағынан жетімсіз. Сосын түсініксіз аяқталып қалады. Барлық нәрсенің басы, ортасы, шарықтау шегі, аяғы болады ғой. Осы тұрғыда кей кинолар түсініксіз болуда.
Тоқтар Әлімжан: – Отандық кинолардың бәрін бірдей жақсы деп айта алмаймын. Онсыз да қазір теледидардан түрік пен үндінің еш мән-мағынасы жоқ сериалдары қаптап жатқанда. Біздің дәл сол сарындағы көп сериялы киноларымыз көбейіп кетті. Бауырлардың айқасы, бір-біріне деген озбырлық. Махаббаттағы тұрақсыздық. Жұбайлардың айқасы. Отбасы құндылықтарын жоққа шығарған осындай кино қазаққа керек пе? Осы сарындағы кинолар еш сүзгіден өтпей көптің назарына ұсынылып жатыр. Бір қиыны, бұл киноларды көріп отырған жеткіншек жастар не тәрбие алады деп қынжыласың. Біздің киноларда көп нәрсе жетіспейді. Көріп отырып шынайылықты сезіне алмайсың. Балаларға арналған кинолар өте аз. Тек «Балапан» арнасынан берілетін телеарнаға икемделген кинолар ғана. Қазақ жазушылары шығармасын негізге алып, балалар фильмдері түсірілсе екен деймін.
Назерке МАРАТҚЫЗЫ
10 қаңтар 2023 ж. 1 096 0