«Көрұғлы» – көрермен көзайымы
Н.Бекежанов атындағы облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театры кезекті жаңа қойылымын көрерменге ұсынды. Бұл жолы Оңталап Нұрмахановтың «Көрұғлы» руханамасының премьерасы сахналанды. Аталмыш пьеса арнайы тапсырыспен жазылғанымен автор шабыт пен тың идеяларды тоғыстырған өнер туындысын дүниеге әкелген.
–…Қос арыстан құдіретім!
Келдің бе дейсіңдер ме?
Келдім…
Ақалай ана жан мүрдесін қорыған
Үн айбарың намысымды жаныған.
Көрұғлымын!
Бүгін байрақ басымын,
Көрдің ұлын жердің үсті таныған.
Елім дейін ерлігіме сенейін,
Дұшпанға төтеп берейін, – деп айбат рухты тірегі болған қос арыстанға тәу еткен Көрұғлының ерлігі, кемеңгерлігі айқын көрініс табады.
Қойылым оқиғасында тарихи, аңыз-әпсаналық мәліметтер негізінде Көрғұлының халықтық тұлғасы сомдалды. Қойылымда түркі тайпаларының этникалық санасы айқын аңғарылды. Басты мақсат – түркі халықтарының басын біріктіру, бірлігін нығайтып, қарым-қатынасын жаңғырту.
Спектакльдің қоюшы режиссері Мәдениет қайраткері Оңталап Нұрмаханов, қойылым декорациясының көркемдік шешімін қойған «Алатау» дәстүрлі өнер театрының суретшісі А.Жүсіпәлі, композиторы, Н.Төреәлі, балетмейстері, мәдениет саласының үздігі Г.Дәулетқұлова.
– Көрұғлы» дастаны төрткүл түркіге ортақ дастан ғой. Дәуірлердің көзі. Тегіміздің, негізіміздің руханияты. Сол арқылы түрік халқына ортақ сөз айтсақ деген ой мазалайды. Сол идея осындай дүние жазуға алып келді. «Ертүріктің ұрпақтары бірігейік, біріксек бізді жау ала алмас» деген Түркия президенттінің ұсынысы, рухани ұраны толғандырды. Кеңесші ретінде жанымда Алмас Алматов болды. Түрлі ізденістер, музыкалардың характерін табуда Нұрсұлтан Төреәлі өзінің нағыз талант екенін танытты. Би қойылымдары да ерекше шықты. «Көрұғлы бейнесі сахнада тұңғыш рет сомдалып тұр. Қойылым өз биігінде көрерменге ұсынылды. Рөлді ойнаған жігітіміз де бар өнерін салды. Қызығы сол премера болардан екі күн бұрын бас кейіпкер Сұлтанбек Бисеналиевтің келіншегі босанып, дүниеге қыз бала келді. Оның атын Көрұғлының махаббаты Бекторының атын қойды. Бұл да рухани жарастық болды, – деді спектакльдің қоюшы режиссері Оңталап Нұрмаханов.
Қойылымда Бекторыны Гүлмира Берікбай, жырауды Бақытбек Темірбеков, Ақалайды Ақтолқын Төлеуова, бала Көрұғлыны Ерали Жақсығұлов, Қайып еренді Ұғым Баймаханова, Шағдат ханды Қанат Архабаев, Пірманды Бауыржан Ошақбаев, уәзірді Данияр Сабыров, Раушанбекті Арай Көшімбаев, Райханды Батырхан Амангелдиев, баланы Төлеген Өмірзақ сәтті сомдап шықты.
Аңғарғанымыз Көрұғлының есіміне қатысты қазақ және түрік нұсқаларында «көр» сөзі түрік тілінде «зағип», «соқыр» мағынасын берсе, қазақ тілінде түрік тіліндегідей зағип мағынасымен бірге, «мазар» дегенді де береді. Тегінде қазақ нұсқаларында Көрұғлыны мазарда туған тұрпатында қолданады, яғни түрік тілінде Көрұғлы әкесі «көр» мағынасын берсе, қазақ тілінде Көрұғлы «мазардың баласы» мағынасын береді. Ал, «Көрұғлы» жырында басты кейіпкерге Көрұғлы есімінің берілу эпизоды түрліше құбылады. Түрік нұсқаларының көпшілігінде билеуішінің Көрұғлының әкесінің көзін ойып алуына байланысты, оның ұлына соқыр, зағиптың баласы, яғни көрдің ұлы деген мағынадағы «Көрұғлы» есімінің қойылғаны айтылады. Қазақ нұсқаларында Көрұғлының шешесінің көрінде дүниеге келгендіктен, оның көрде туылған бала мағынасын беретін «Көрұғлы» есімін алғандығы жырланады. Жаңа қойылым да осы соңғы нұсқа бойынша өрбіді.
Спектакль соңындағы өнер иелеріне деген көрерменнің ыстық ықыласы мен риясыз қошеметі қойылым деңгейінен үн қатады. Бұл – Сыр сахнагерлерінің кезекті мәуелі жемісі. Осылайша қайта тірілген Көрұғлы көрермен көзайымына айналды.
Айдар САЙЛАУОВ