Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » СЫР ӨҢІРІ ТҮРКІ ДҮНИЕСІНІҢ «ЕҢ ҮЗДІК МӘДЕНИ АЙМАҒЫ»

СЫР ӨҢІРІ ТҮРКІ ДҮНИЕСІНІҢ «ЕҢ ҮЗДІК МӘДЕНИ АЙМАҒЫ»

Бүгінде облыс бойынша 412 мәдениет, өнер және архив мекемесі жұмыс істейді. Соңғы үш жылда аймақта жаңа 21 нысан салуға қаражат бөлініп, 10 мәдени нысан пайдалануға берілсе, 11-і жыл соңына дейін қолданысқа берілетін болады. Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының Өңірлік коммуникациялар қызметіне берген мәліметі бойынша, кейінгі 2 жылда сала бойынша 6 ұжым өз жұмысын бастап, 200-ден аса штат ашылған. Мәселен, 10 жылға жуық уақыт үйірме ретінде жұмыс істеп келген "Жастар театры" өз алдына жеке кәсіби ұжым болса, өнерде жүрген мүгедектігі бар өнерпаздардың шығармашылығын шыңдауға арналған "Инклюзивті театр" жобасы мақұлданып, қазір үйірме ретінде жұмыс істеуде. Сондай-ақ, көрерменге кәсіби әрі жанды дауыста өнер көрсету мақсатында 50 өнерпаздан жасақталған симфония оркестрі де құрылған. Мемлекет басшысының «Адал адам» тұжырымдамасына сәйкес ақпан айынан бастап 171 мәдениет үйі мен клуб 7 бағыт бойынша «Адал адам – мәдени-тәрбие орталығы» жобасын іске асыруда. Бұл жоба ауылдағы мәдениет ошақтарының жұмысын қайта жандандырып, түрлі мәдени-танымдық форматтағы шараларды жүзеге асыруға мүмкіндік берді. Одан бөлек, 1 маусымнан бастап облыстық және аудандық барлық кітапхана жұмысы ұжымдық шарт негізінде сағат түнгі 24.00-ге дейін жұмыс істеу режиміне көшті.
Сыр өңірі – еліміздің даму тарихында өзіндік орны бар киелі мекен. Аймақтағы тарихи жәдігерлерге жылдар бойы жүргізілген археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесімен «Шірік Рабат сақ жауынгері», «Сығанақ ханшайымы» реконструкциялары және «Түгіскен көсемі» мен «Жетіасар ақсүйек әйелі» мүсіндері жасалып, облыстық музей қорына табысталды. Ерекше айта кету керек, облыстағы мәдениет және руханият саласында атқарылған жұмыстарға Халықаралық Түрксой ұйымының шешімімен Сыр өңіріне түркі дүниесінің «Ең үздік мәдени аймағы» номинациясы берілді.
Сонымен қатар, Алаштың анасы атанған өңірдің мәдениетін еліміздің басқа аймақтарына насихаттау мақсатында өткен жылы Астана қаласының 25 жылдығына арналған Қызылорда облысының Өнер күндері ұйымдастырылса, биыл Алматы қаласының туған күніне орай «Сұлу Сырдан – ару Алматыға» атты кеш өтті. Бұл жоба келер жылы да өңірлер арасында жалғасын табатын болады.

Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі
19 қараша 2024 ж. 84 0