«Абай – дана, Абай – дара қазақта» атты аудандық көркемсөз байқауы өтті
10 тамыз – Абай күніне орай, аудандық мәдениет үйінде ұлы ақын, ойшыл, ағартушы Абай Құнанбайұлының рухани мұрасын кеңінен насихаттау, жас ұрпақтың көркемсөз оқу шеберлігін арттыру және ұлттық руханиятқа деген қызығушылығын қалыптастыру мақсатында «Абай – дана, Абай – дара қазақта» атты аудандық көркемсөз оқу байқауы ұйымдастырылды.Көркемсөз байқауы – ұлттың ұлы ақыны Абайдың өлмес мұрасын жас ұрпақтың жүрегіне жеткізуді, ақын шығармаларының тағылымдық мәнін терең түсінуді және сахна мәдениеті мен орындаушылық шеберлікті дамытуға бағытталды.
Байқауға ауданның әр елді мекенінен 12 талапкер қатысып, Абайдың сырлы өлеңдері мен тағылымды шығармаларын жатқа орындап, өз өнерлерін ортаға салды. Қатысушылардың орындаушылық шеберлігі, көркемсөз оқу мәнері, дауыс ырғағы, сахна мәдениеті және шығарманы көрерменге жеткізу шеберлігі сараланды.
Байқауға Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, «Арал әлемі» газетінің редакторы, ақын Е. Абдулла, айтыскер ақын
Қ. Құлекешов, мәдениет саласының ардагері Л. Төлепбергенова қазылық етті.
Байқау қорытындысы бойынша, бас жүлдені Шижаға ауылының қатысушысы Н. Жеткергенқызы иеленді. Жүлделі бірінші орын Қарақұм ауылының қатысушысы Г. Нұрлановаға табысталды. Екінші орынды Ақеспе ауылынан келген Ж. Әуелханқызы иеленді. Үшінші орынды Ерімбетжаға ауылының қатысушысы К. Аманжоловаға бұйырды.
Сонымен қатар байқауға белсене қатысып, өнер көрсеткен өзге де талапкерлерге Алғыс хаттар табысталды.
Абай – қазақ руханиятының темірқазығы. Ұлы ойшылдың адамгершілік, білім, еңбек, әділет пен парасатты ту еткен тағылымды мұрасы уақыт өткен сайын жаңғырып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса берері сөзсіз.











