Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Көңіл көкжиегіндегі көрме

Көңіл көкжиегіндегі көрме

Өнердің өзіне ғана тән бір тылсым жолы бар. Ол кейде адамды бала күнгі сағынышынан жетелеп алып шығып, туған жердің топырағын, елдің жадын, уақыттың үнін ақ қағазға түсіреді. Суретші үшін ақ парақ – үнсіз сырлас. Ал сол параққа түскен әрбір бейне мен әрбір бояу – жүректің сөзге сыймаған әңгімесі.
Таяуда Алматыдағы Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік өнер музейінде Аралдан түлеп ұшқан суретші Қайырбай Зәкіровтің ретроспективалық көрмесінің ашылуы да осындай ойға жетеледі. Бұл – жай ғана көрме емес, суретшінің өнердегі ұзақ жолына үңілу, уақыттың әр кезеңінде дүниеге келген шығармаларымен қайта қауышу, қалам мен қылқаламның артында тұрған адам тағдырына назар аудару.
Экспозицияға Қайырбай Зәкіровтің алғашқы шығармашылық ізденістерінен бастап, соңғы жылдардағы еңбектеріне дейінгі туындылары толық қамтылған. Көрермен суретшінің өнер жолының қалыптасу кезеңдерін ғана емес, жылдар өте келе өзгерген көркемдік көзқарасын, ойлау машығын, дүниені өзінше қабылдау ерекшелігін де аңғара алады.
Көрмеде графикалық және акварельдік туындылардың орны бөлек. Графикадағы әрбір сызықтың салмағы бар. Кейде бір ғана штрих тұтас бір дәуірдің тынысын сездіреді. Ал акварельдің мөлдір бояуларынан өмірдің нәзік бояуы, көңілдің құбылмалы күйі байқалады. Суретші үшін бояу – тек түс емес, сезім. Сызық – тек пішін емес, ой.
Қайырбай Зәкіровтің шығармашылық әлеміне үңілген сайын туған жер ұғымының да салмағы сезіледі. Адам қай биікке көтерілсе де, оның жадында балалық шағының ізі, туған топырағының табы қалады. Аралдың самалы мен Сырдың сағынышы, кең даланың тынысы мен елдің мінезі суреткер жүрегінде үнсіз сақталып, шығармашылық әлеміне өз ізін қалдырғаны анық. Арал – талай тағдырдың бастауы. Сол қасиетті топырақтан қанат қаққан Қайырбай Зәкіровтің бүгінгі шығармашылық биігіне көз салғанда, туған жерден түлеген таланттың ел өнеріне қосқан үлесін сезінбеу мүмкін емес.
Көрменің ашылу салтанатындағы тағы бір айтулы жаңалық – суретшінің 210 беттен тұратын каталог-альбомының жарық көруі. Бұл еңбек – шығармашылық жолдың қағазға түскен шежіресі іспетті. Кеше мен бүгінді жалғаған каталог-альбом суретшінің туындыларын жинақтап қана қоймай, оның өнердегі ізін кейінгі буынға жеткізетін құнды дүние болмақ.
Өнердің ғұмыры суретшінің ғұмырынан ұзақ. Адам өмірден өтеді, уақыт өзгереді, ал оның жүрегінен шыққан шығарма жаңа ұрпақпен қайта тілдеседі. Сондықтан мұндай каталогтың жарық көруі – бір суретшінің еңбегін түгендеп, ұлттық өнердің бір парағын хатқа түсіру.
Қайырбай Зәкіровтың тағы бір қыры – ақындық. Оны суретшінің өмірімен жақын таныс жандардың барлығы өте жақсы біледі. 2002 жылы 2000 данамен жарық көрген «Шалқасынан туған ай» жыр жинағы соның дәлелі.
Өліарасы беймәлім,
Жақсыменен жаманның.
Сараласам кепілмін,
жетпесіне шамамның.
Умаждалған ойымның,
Өтін жарып алам деп.
Уылжыған уайым,
Таусылғаны-ай амалдың.
Күйім тая берген соң,
Күйесінен күншілдің.
Тұңғиықта тұншығып,
Шексіздікке құлшындым.
Тереңдерден тергенім,
Кереңдерге жетпей-ақ.
Тілсіз,
Соқыр тылсымның,
Қойынында күрсіндім, – деп жырлаған суреткер ақынның шығармашылық болмысын барынша көрсеткен көрме аясында ұйымдастырылған поэзия кешінде Қайырбай Зәкіровтің өлеңдері оқылды. Сөйтіп, бояумен сөйлеген суреткер бұл жолы сөзбен тіл қатты.
Қылқалам мен қаламның арасында көзге көрінбейтін бір көпір бар секілді. Екеуінің де түпкі мақсаты – адамның жан дүниесіне үңілу, көңілде қалған сезімді сыртқа шығару. Бірі оны суретпен жеткізсе, бірі сөзбен жеткізеді. Ал Қайырбай Зәкіровтің шығармашылық әлемінде осы екі арнаның тоғысуы оның өнерін одан әрі даралай түседі.
Кейде туған жер туралы көп сөз айтудың қажеті жоқ. Бір ғана сурет, бір ғана өлең, бір ғана бояудың реңкі жеткілікті. Өйткені туған жер – картадағы нүкте емес, адамның жүрегінде сақталған тұтас әлем.Қайырбай Зәкіровтің Алматы төріндегі ретроспективалық көрмесі – сол әлемге үңілуге мүмкіндік берген тағылымды кездесу. Аралдан басталған өнер жолының елордадан емес, Алматының өнер ордасынан жарқырай көрінуі – жерлес үшін мақтаныш, кейінгі ұрпақ үшін өнеге.
Оңталап ЖОЛДАСОВ
19 қыркүйек 2026 ж. 66 0