Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » «Зерде» – менің шығармашылық туындым

«Зерде» – менің шығармашылық туындым

Сейітқали Алшынбаев, «Нұрай» ЖШС басшысы:
«Зерде» – менің шығармашылық туындым
Қаламызда «Зерде» интеллектуалды мектебі бой көтерді. 16 желтоқсан – Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында мектептің салтанатты түрде ашылу рәсімі өтеді. Осыған орай бүгін «Ақмешіт жастарының» редакциясында қонақта – осы «Зерде» мектебінің негізін қалаушы, танымал кәсіпкер, «Нұрай» ЖШС директоры, «Құрмет» орденінің иегері, меценат Сейітқали Алшынбаев.
– Аға, «Зерде» деген жаңа мектебіңіз – идеяңыз жүзеге асқан күн құтты болсын! Дәл осы күнді көп күткен шығарсыз…
– Әрине, бұл мен үшін үлкен туынды болды. Мектепті бастаған кезде әртүрлі ойлар мазалағаны рас. Әлемдегі экономикалық дағдарыстың салқыны бізді де айналап өтпейтінін сездік. Дегенмен алға мақсат қойғаннан кейін тәуекелге бел байладық. Тәуекел – ердің қорғаны. «Тәуекел түбі – жел қайық, өтесің де кетесің» деген бар ғой. Осы мектептің құрылысын бастайтын кезде күнделігіме жазып қойыппын: «Көп уақыт бойы мені мазалаған ой артымда өскелең ұрпаққа ұлағатты із қалдырып, бойымдағы алпыс екі тамырға қан таратып тұрған жұдырықтай жүрегім осы керемет туындыны аңсап, сағыныш атты ыстық сезіммен «Зерде» деген мектеп құрылысын салуға ниет жасадым. Дәл бүгінгі күннің экономикалық-әлеуметтік жағдайын пайымдауымша, бұл – үлкен тәуекелшіл шешім. Дегенмен мен осы жолды таңдадым. «Зерде» мектебінің табалдырығын аттаған әрбір бүлдіршін ертеңгі күннің зерделі, зейінді, жүрегінде иманы бар ибалы ұрпақ болып тәрбиеленетініне сенімі мол», 24 қазан, 2019 жыл, сағ.10.00». Бұл – үлкен инвестициялық жоба. 
– Бір сөзіңізде айтқаныңыз есімде: «бұл – менің салып отырған жетінші мектебім» деп едіңіз…
– Мен 2004 жылдан 2011 жылға дейін бюджеттік бағытта облыстың елді мекендерінде Қалжан ахун, Тереңөзек, Майлыбаев, Сұлутөбе, Талсуат ауылдарынан бес мектеп салдым. 2012 жылы өзім депутат болып сайланған қалаға іргелес Досан ауылындағы мектеп апатты жағдайда жабылып, халыққа берген уәдем бойынша, Алла сәтін салып, жаңа мектеп салып бердім. Мемлекет пен жекеменшік әріптестік аясында ең бірінші рет қала мен облыс басшыларына шығып, осы сметалық құны 369 миллион болатын мектепке салынатын қаражаттың 30 пайызын қайтарымсыз мен салайын, тоғыз айдың ішінде бітіріп берем дедім, сол кездегі облыс әкімі Болатбек Баянұлы экономист ретінде мені бірден түсінді, қолдады, сонымен сессияда қаралып, қалғанын бюджет төледі, 100 миллионға жуық қаражатты өзім салдым,  белгіленген мерзімде заман талабына сай типтік жобадағы мектепті өткіздік.
– 2015 жылы сіз туралы «Білім саласына 1 миллиард теңге қаржы салған кәсіпкер» деп жазды. Одан бері бес жыл өтіпті…
– Сұрақтың төркінін түсініп тұрмын. Жалпы, мен болайын, басқа кәсіпкер болсын, мұсылманшылықта айтады ғой, оң қолыңмен бергенді сол қолың көрмесін деп. Мәселе ғимараттың құнында емес. Мәселе – адамдардың ниетінде. Типтік жобада төрт балабақша салдым, міне, 10 мың шаршы метрге жуық көлемі бар, үш қабатты, бүгінгі күннің талабына сай жаңа мектеп бой көтерді, мұның экспертизадан өткен бағасы – екі жарым миллиард теңге. Мектепті тәуелсіздік күніне тарту етсек деп ойладық. Алла осы арманымызды қабыл етті. Құдай қаласа, желтоқсанның 15-і күні салтанатты ашылу рәсімі өтеді. Өздеріңіз де куә боласыздар деген ойдамын.
– Аға, өзіңізді Сыр елі кәсіпкер, меценат ретінде жақсы біледі, енді өзіңізді біздің газеттің оқырмандарына жақынырақ таныстырсақ,  мамандығыңыз құрылысшы ма?
– Мамандығым – инженер-механик. Сейілбек Шаухаманұлы: «Сен құрылысты жақсы бастап келесің, негізі «инженер» деген сөздің ішіне бәрі кіреді» деген еді. Кеңес Одағы тараған кезде көп нысандар бұзылды. Оның ішінде мектеп, клуб, балабақшалар бар. Қиын жағдайды көріп, біздің жүрегіміз ауыратын. Біз ғимараттарды сатып алып, оларға жан бітіруге жұмыс істедік.  
  • Әуелгіде журналист болғыңыз келген екен…
  • Поэзия жаныма жақын. 5-6-7 сынып оқып жүргенімде кітапханаға көп баратынмын. Мұқағали Мақатаевтың, Тұманбай Молдағалиевтің кітаптарын іздеп жүріп оқитынмын. Әкем де ақын жанды кісі еді, бұл қасиет солай дарыса керек-ті. Мен сегізінші сыныпты бітіріп, техникумға оқуға түсіп кеттім. Ол кезде менде бір ғана мақсат болды: ата-анама қолғабыс ету. Жалпы, ата-анаға жаны ашитын баланың келешегі жақсы болады. Олардың қиналғанын, азаннан-кешке дейін кетпен шауып, орақ орып, отын жиып, үсті су-су болып келіп, түнімен ұйықтамағанын көріп өстік, ес білгелі жанында жүрдік. Біздің ауылда өте еңбекшіл халық тұрады. Бірінші сыныптан бастап қауын егуге бардық, алғашқы орында жұмыс, содан кейін сабақ екінші орында тұратын. «Ата-анама қалай көмектесемін, қалай ерте есейемін» деген ой басым болды. «Ленин жолы», «Коммунизм шамшырағы», «Өскен өңір» газеттеріне өлеңдерім жарияланды. Одан кейін тіршілікке араласып кеттік,  десе де қол қалт еткен кезде көп ойланып, толғанып жүріп, қағазға түсіретініміз әлі де бар.  
  • Басылымдардың біріне берген сұқбатыңызда «…бізге кезінде бизнесті үйрететін адам болмады, бәрін өзіміз үйрендік» деген екенсіз. Ең әуелі неден бастадыңыз…
  • Шынын айту керек, барлығы жоқшылықтан, қиын кезеңнен басталады. Адам қатты қиналғанда «мен қандайда бір кәсіппен айналысуым керек» деген ой түйеді. Ол диқаншы, құрылысшы болсын бәрібір. Ата-анамыз 40 жыл кетпен арқалап, бізді өсірді ғой, көктемде қауын егіп, оны бала сияқты мәпелеп, күзде оны сатып, бала-шағаға нәпақа табамын деп қауын базарға апарғанда сізге қауынның жарты ақысын ғана береді. Еңбегіңіз бағаланбайды. Қауын базарда 30-50 көлік кезекте тұрады. Оны күтемін дегенше сенің қауының жарамсыз болып қалады. Қауын тез бұзылады. 3-4 күн тұрасың, қауын базардың басшысы маған жарты бағада төк те кете бер, ақшасын аласың дейді. Екі тоннаға бір квитанция жазып береді. Біз мұның бәрін көзбен көрдік. Сол қауынды мен Россияның алыс түпкіріне барып, біздің нарықтағы бағадан 10-15 есе бағаға сатып, бизнесті бастадым. Бұл жерде қауынның келісін 12 теңгеден өткізетін болсақ, ол жақта 180 теңгеге саттық. Еңбектің бағаланғаны деген сол. Челябинск, Рязань, Тюмень қалаларында болдық, соның арқасында жақсы адамдармен таныстым. Режкова Светлана Михайловна деген азық-түлік басқармасының бастығымен таныстым, кейіннен бірге жұмыс істедік. Тәжірибе жинадық. 90 жылдары біздің дүкеннің сөрелерінде тұздалған қияр мен нан ғана болатын. Біз ол жақтан бері қарай азық-түлік тасыдық. Сөйтіп бес-алты жылдай жүрдік. Құрылысқа жан біте бастаған кезде 2002 жылдары «Нұрай» фирмасын құрып, құрылыс жұмыстарымен айналыса бастадық.
  • Сізді тәуекелшіл адам десек қателеспейміз ғой…
  • Мені алға қарай сүйрейтін – үлкен тәуекел. Әкем: «Балам, жар басындағы жантақты жаннан кешкен нар жейді» дейтін. Әрбір тәуекел еткен шешімнің артында үлкен нәтиже жатыр. Тәуекелге барғаннан кейін сең жүреді, сен таудың, тастың, мұздың астында қалып қоймау үшін содан қалай шығу жолын іздейсің. Сол кезде сізде ұйқы да болмайды, көңіл-күй де болмайды. Себебі сен бір ғана мақсатпен жұмыс істейсің.
  •  «Қазіргі жастарға жақсы ғой, кәсіпкерлік палатасы бар, бизнес жоспар жасаудан бастап, бәрін үйретеді» деген сөзіңізді оқып едім, әрине қазір бәрі шүкір, бірақ бүгін бастағанмен, ертең жабылып жататын жеке кәсіпкерлердің жағдайын, әсіресе жастарға қатысты статистиканы көріп, кәдімгідей жабырқап қаласыз. Жас проджект жобасының жартысынан астамы өміршең болмады. Бұның кілтипаны неде?
  • Жастар көбіне түнгі уақытын қыдырысқа бөледі. Адамда режим болу керек. Міндетті түрде адам 7 сағат ұйықтап тынығу керек. Уақытты қыдыруға, достарыңмен өткізуге бөлсең, ертеңгі жұмыстарың да қысқара береді. Жастар осыны азайту керек. Алдына мақсат қою керек. Жастар үшін көптеген мәселе бар. Оларға да оңай емес. Жұмыс жасаймын деген жастарға мүмкіндік жоқ деп айта алмаймыз. «Мен үкіметтен не аламын, мемлекет қандай қолдау көрсетеді» деген жастың тіршілігі болмайды. Ол өз мүмкіндігімен шығуға талпыныс жасау керек. Жастардың көп уақыты әлеуметтік желіге кетеді. Өз уақытын өзі жейді. Уақытын бағалап, денсаулық, білім бар кезде қарекет жасау керек. «Мен неге бай болмаймын» деген ойдан аулақ болу керек. Маңдай теріңді сорғалатып жұмыс істемеген соң бәрі бекер.
  • Өзіңіз естен кетпейтін сабақ алған бастан кешкен бір оқиғаңыз туралы айтып беріңізші…
  • Автобус паркінде жұмыс істейтінмін. Ауылда өзіміз еккен қауынымыз судың астында қалды да, ағамның қауыны бітік болды. Трансагенттік мекемеге барып, өзіммен жасты бір азаматпен таныстым, КАМАЗ алғанына екі ай болған екен. «Менде қауын бар, сенде машина бар. Екеуміз нәпақамызды теңдей бөліп көрейік» дедім. Бір айға кезекті еңбек демалысымды алдым да, сөйтіп ауылға ағайға барып: «осы жерде өткізіп жатқаныныңыздан кем болмайды, ақшаңызды бір айдан кейін әкеліп берем» дедім. «Ешқандай проблема жоқ» деді. Бір аптадан кейін машинамен барып, 12 тонна 100 келі қауынды таразыға тартып, екеуміз Челябинскіге кеттік. Челябинскінің Златоуст деген тайганың ішінде қаласы бар екен, «золотой уст» деген алтын шыққан, тарихи жер, белгілі шахматаст Анатолий Карповтың туған жері, Ленинді атқан Каплан отырған түрме де сонда екен. «Төрт тәулік жолда жүрдік. Бұрын-соңды мұндай алыс жолға шықпағанмын, үстімде бір көйлек, бір спорттық киім, бір крассовка. Сол көйлекпен 21 күн жүріппін. Жолға анамның дайындап берген тамағын алдық, бірлі-жарым күнге жетіп қалатын шығар деп ойладық. 2500 шақырым жол екен, Қостанайға жеткенде біздің тамағымыз таусылды, қауыннан басқа ештеңе жоқ. Егістіктің арасымен келе жатырмыз. Екеуміздің де қарнымыз аш. Жолдың шеті көрінбейді. Картамыз бар, қарап отырмыз, Семиозерныйға жету үшін әлі үш жүз шақырымдай жол жүру керек. Бір жерге жеткенде түтінді байқадық. Егістік басындағы вагон екен. Бидайдың жиналып жатқан кезі ғой. Бардық. Бір орыс әйел екен: «бізде ақша бар, тамақ бересіз бе?» дедік. Борщ құйып берді. Сондағы астың дәмі әлі аузымыздан кетпейді (күліп). Кейіннен жолға толық қамданып шығатын болдық қой. Осы оқиға әлі есімнен кетпейді, сондағы нанның дәмі таңдайымда қалып қойды.
  • Табысқа жету деген сіз құлағаннан кейінгі бойыңызды қайта тіктеп тұруыңыз деп жатады ғой бизнес мотиваторлардың көбісі…
– Орыстардың жақсы мақалы бар, «Кто не падает, тот не встает» деген. Құлайсың, сүрінесің, қайта тұрып жүгіресің. Бұл – өмірдің заңы.
– Табысқа жету деген осы ма сонда?
– Иә, табыс деген осы. Алдындағы мақсат, арман адамды алға жетелейді. Дым жоқ, ыспа құмның үстіне мемлекет тұрғызған әлемге әйгілі Израйл мемлекетін алып қараңыз, адамның да тағдыры сондай. Өзіне өзі талап қойып, өзін өзі алға қарай жетелеу керек. Уақытпен санасудың қажеті жоқ. Шынымды айтайын, кейбір күндерде мен қай күн екенін де білмеймін, белгілеп қойған кездесу не басқа шаруаларым болмаса, маған сол күнді нақты білудің қажеті де жоқ. Менде режим бар, мысалы, азанда ерте тұрамын. Ерте тұрған еркектің ғана емес, барлығының да ырысы артық. Алла тағала несібе жазады. Сосын түскі үзілісте екі сағат жақсылап демалуым керек деген сияқты режимді сақтаймын.
– Сіздің адамдарға жұмыс орнын ашу, оларды жалақымен қамтамасыз ету, жағдайын жасау, мұнымен қоса бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі, сан түрлі қайырымдылық шаралар, т.б. нәрселерден ерекше ләззат алатыныңыз сезіледі. Мүмкін табысты болудың кілті осында шығар…
– Мен де солай ойлаймын. Кәсіппен айналысу тек қана пайда табу емес, обал-сауапқа негізделеді. Мәселен, сізге жазылған несібеде сізбен бірге жұмыс істеген адамдардың да үлесі бар. Ол соған берілуге тиісті. Менің әкем айтатын: «Балам, бір отбасында он адам болатын болса, Алла тағала соның біреуіне несібе жазады, қалған тоғызы соның ризығымен күн көреді, сондықтан, сен, ойлама, тек қана менің несібем деп». Мен білмеймін бұл кімнің несібесі екенін. Өмірдің заңы: біреу тапқанын бауырына басып жейді, біреу айналасына шашып жейді. Мысалы, өзім 12 жыл пәтерде жүрдім, он екі жылда он екі пәтер ауыстырдым, мен ойладым ба, біреуге пәтер алып бере алам, біреуге үй салып бере алам деп. Алла нәсіп етті, барлығы да сол еңбектің арқасында болып жатқан дүние. Шүкір бәріне. Мен өзімді материалдық тұрғыда таныған адам емеспін. Мен – қанағатшыл адаммын. Мен Алладан дүние сұрап жүрген адам емеспін. Мысалы, осы қызметкерлердің екі күн айлығы кешігетін болса, менің тамағымнан ас өтпейді. Ол жағынан мен өте мазасыз адаммын. Айлықтан айлыққа зорға жетіп отырған кісінің көңіл күйі дұрыс болмаса, істеп жатқан жұмысы да дұрыс болмайды. Адам ешқашан өзінің проблемасын қапқа салып, аузын буып, жұмыстың сыртына қойып кетпейді ғой, ол проблемасын жұмыс орнына өзімен бірге алып кіреді ғой. Менің жұмыс принципім – осы мәселеге назар аудару, ол адаммен ашық сөйлесіп, мәселесін шешуге атсалысу.
– Мәселен, сіздің бірнеше балабақшаңыз, жеке мектебіңіз, әрине, естіген адамды шабыттандырмай қоймайды. Әйтсе де бұл сізде ешқандай проблема жоқ дегенді білдірмесе керек. Қиындықты қалай еңсересіз?
– Мен қиындықты сабырмен жеңемін. Өйткеніәр қиындықтыңартынан Алла үлкен жақсылықтар береді. Мен соған сенімдімін. Құдайға шүкір, алпысқа келдім, қандай қиындық болса да оның әрбірін сабырмен, парасаттылықпен, үлкен төзімділікпен өткердім. Бізде қиындық көп болды, бірақ оны жария қылып айтқан емеспін. Мен қандай әкіммен жұмыс жасасам да біреуінің есігін қағып, маған ананы берші, маған мынаны берші деп бірде бір өтініш айтқан емеспін. Менің көмегім – менің ештеңе сұрамағаным. Өйткені жер сатылады, қазір ақшаңыз болса, үшінші қолдан жер сатып ала аласыз, не салғыңыз келсе, сала аласыз. Бәріне мүмкіндік бар.
– Ең үлкен арманыңыз қандай, аға?
– Шынымды айтайын, менде бір-ақ арман бар. Күнде азанда ақ төсегімнен  оң аяғыммен жерді басып тұрғанымда мен Алладан еліме тыныштық, халқыма бірлік, абырой бер деп тілеймін. Отаныма, содан кейін отбасыма тыныштық, амандық бер деп сұраймын. Өзіңді қаумалаған жақын жандардың амандығына жетер ештеңе жоқ. Өйткені елде тыныштық болмаса, елдің жағдайы жақсы болмаса, бір кәсіпкердің байығаны түкке тұрмайды.
– Рақмет, сізге, аға!
Әңгімелескен Айжан ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ
aqmeshit-zhastary.kz
06 желтоқсан 2020 ж. 1 089 0