Менингит анықтау және оның емі
Бүгінгі біздің сұхбатымыз «Менингит ауруынан сақтану шаралары» тақырыбында Арал аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Ақзия Қасымқызы Сатекеевамен өрбімек. Тілші: Ақзия Қасымқызы, Менингококк инфекциясының тіркелу деңгейі қалай?
Ақзия Қасымқызы: 2024 жылы Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданында 1 ауру тіркелді. 2025жылдың 10 айында облыс көлемінде, Арал ауданында да менингит ауруы тіркелген жоқ.
Тілші: Менингококкты инфекция дегеніміз не, ол қалай таралады, қалай жұғады?
Ақзия Қасымқызы: Менингококкты инфекция – барлық жерде таралған, адамдар ғана ауыратын, ауа-тамшылы арқылы берілетін, мұрын-жұтқыншақ кілегей қабатының, жұмсақ ми қабығының зақымдалуымен, қанның улануымен сипатталатын жіті жұқпалы ауру. Ауру негізінен ауа-тамшылы жолмен беріледі, яғни науқас адам сөйлегенде, жөтелгенде, түшкіргенде қоздырғыш ауаға таралып, басқа адамға жұғады.
Менингит ауруы төмендегі жолдармен жұғады:
1) ауа тамшылары арқылы,
2) тұрмыстық қарым-қатынас жолымен, яғни тұрмыста қолданылатын заттар, ыдыс-аяқтар, ойыншықтар арқылы,
3) тамақ арқылы, яғни жуылмаған көкөністер, жемістер арқылы
4) су арқылы, яғни менингит бактериясымен ластанған ашық су қоймаларының суын пайдалану, ашық су қоймаларында және бассейнде шомылу кезінде.
Ауру көзі – ауру адам және менингококк бактериясын тасымалдаушы. Халық арасында аурудың таралуында бактерия тасымалдаушылар өте қауіпті роль атқарады, ауру тасымалдаушылар өздері ауырмай ,айналасындағы адамдарға ауру жұқтырады. Егер де ауру тасымалдаушылар көбейетін болса, онда аурудың өріс алу қаупі жоғарылайды, кей жағдайда 50 пайызға дейін жетуі мүмкін. Тасымалдаушылық бірнеше күннен бір айға дейін созылады, орташа есеппен 2 апта. Ауру қыс – көктем айларында жиі тіркеледі, бірақ жаз- күз айларында да ауру тіркелген жағдайлар болған.
Ауру қоздырғышы адам сілекейінде 2 тәулікке дейін, қараңғы жерде 4-5 тәулікке дейін тіршілік ете алады, салқындатқанда,кептіргенде,қайнатқанда, залалсыздандыру ерітіндісінің әсерінен тез жойылады.
Тілші: Аурудың клиникалық белгілері қандай?
Ақзия Қасымқызы: Ауру жұққаннан аурудың алғашқы белгілері басталғанша аурудың жасырын өту мерзімі 2-10 күн.Ауру адам ауру жұқтырған күннен бастап айналасындағы адамдар үшін қауіпті.
Менингит ауруының қоздырғышы ауамен мұрын-жұтқыншақтың шырышты қабатына енеді, қан тамырларына түсіп, сосын ми қабаттарын зақымдайды.
Аурудың алғашқы клиникалық белгілері жедел респираторлық вирустық аурулардың, тұмаудың белгілеріне ұқсас, мұрын бітеліп, жөтел байқалады, содан кейін басты клиникалық белгілері пайда болады: дене қызуы
39-40 градусқа дейін күрт көтеріледі және қатты қалтырау, әлсіздік болады, қатты жанға бататын бас ауруы байқалып, ол басты бұрғанда күшейе түседі, басы айналып, ауруға тән айрықша белгілері аяқ сүйектерінің жан шыдатпай ауырып, денесіне дақты –папулезді геморрагиялық бөртпелер шығады, желке бұлшық еттерінің сіресуі байқалады. Менингитпен ауыратын науқастар міндетті түрде аурухана жағдайында ем алады. Қазіргі кезде менингиттің клиникасы тез дамитын, асқыну жағдайын көп беретін түрлері жиі кездесіп, өлім көрсеткіші де жоғарылап отыр, сондықтан алғаш ауырған бойда тез арада медициналық көмекке жүгінуі қажет.
Тілші: Аурудан қалай сақтанамыз?
Ақзия Қасымқызы: Аурудан сақтану, алдын алу мақсатында төмендегі шарттарды сақтау керек:
Адам ағзасының ауруға қарсы тұру қабілетін күшейту мақсатында таза ауада көбірек дем алып, жүру қажет, денені шынықтыру;
Салқын тию белгілері байқалғанда айналадағы адамдарға ауру жұққызбау үшін бірреттік бетперде пайдалану қажет, ауырған адамның бөлмесін жиі желдетіп, күнделікті ылғалды жуып-шаю шараларын жүргізу;
Көкөністерді, жеміс-жидектерді пайдаланар алдында ағынды сумен жуу, кейін қайнаған сумен шаю;
Тек ұлықсат етілген жерлерде суға шомылу ;
Кездейсоқ су көздерінен су ішпеу, ыдыс жумау, тек қайнаған су немесе арнайы бөтелкедегі сапалы суларды ішу;
Бала бақшалар мен мектептерде санитарлық-гигеналық ережелерді сақтау, ауру тіркелгенде ойын-сауық шараларын шектеп,тек бір топтың көлемінде өткізу, балаларды бір топтан екінші топқа ауыстырмау;
Ұйымдасқан ұжымдарда бөлмелерді жиі желдету, бактерицидті шамдарды қосу, ылғалды жуып-шаю шараларын жүргізу;
Жеке бас гигиенасын қатаң сақтап, әжетханадан соң, тамақтанар алдында қолды иіс сабынмен жуу;
Менингит инфекциясына қарсы вакцина егуге болады, әлемде вакцина бар, бірақ Қазақстанда Ұлттық Егу күнтізбесіне енгізілмеген, болашақта менингитке қарсы вакцинацияны егу күнтізбесіне енгізу бағытында жұмыстар жасалуда.
– Сұхбатыңызға рахмет
Сұхбаттасқан: К. ЗДЕНОВА
Фото: Нұрболат Нұржаубай










