Құрылтай
Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » ПЭТ/КТ - онкологиялық ауруларды анықтаудың «құнды стандарты»

ПЭТ/КТ - онкологиялық ауруларды анықтаудың «құнды стандарты»

Биыл ақпан айында Қызылорда қаласында «Orhun Medical» медициналық орталығы өз жұмысын бастады. Жаңа орталық «Orhun Medical» компаниясының Қазақстан өңірлерінде жоғары технологиялық онкологиялық көмекті қолжетімді етуге бағытталған ауқымды жобасының екінші кезеңі аясында іске қосылды. Орталықтың қызметі Қызылорда қаласы мен облысы тұрғындарымен ғана шектелмей, Ұлытау, Түркістан және Ақтөбе облыстарының тұрғындарына да заманауи диагностикалық және медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік береді.
Орталықтың басты бағыты – позитронды-эмиссиялық томография (ПЭТ) мен компьютерлік томографияны (КТ) біріктіретін заманауи диагностикалық әдіс. ПЭТ/КТ зерттеуі онкологиялық ауруларды ерте кезеңде анықтап қана қоймай, ісіктің таралу деңгейін бағалауға, аурудың динамикасын бақылауға және жүргізіліп жатқан емнің нәтижесін саралауға мүмкіндік береді. Тексеруден МӘМС жүйесі аясында өтуге болады. «Orhun Medical» клиникасының ядролық медицина бағытының жетекшісі Қасым Сейіткұлов тілшіге берген сұхбатында орталықтың негізгі қызметі, ПЭТ/КТ диагностикасының мүмкіндіктері, пациенттерге көрсетілетін қызмет түрлері және ядролық медицина саласын дамытуға қатысты алдағы жоспарлары туралы айтып берді.
- Қасым Қайырбекұлы, осы орталықта пациенттер ем қабылдай ма, әлде мамандардың құзыретіне тек онкологиялық ауруларды анықтау және емнің тиімділігін бақылаумен шектеле ме?
- Қызылордадағы «Orhun Medical» медициналық орталығында терапевт пен тар бейінді мамандардың қабылдауы ұйымдастырылған. Пациенттер дәрігер кеңесін алып, қажетті зертханалық және аспаптық тексерулерден өтіп, амбулаториялық ем қабылдай алады. Орталықта диагнозды нақтылауға мүмкіндік беретін заманауи диагностикалық технологиялар кеңінен қолданылады. Атап айтқанда, ультрадыбыстық зерттеу (УДЗ), рентгенография, маммография, магнитті-резонанстық томография (МРТ) және компьютерлік томография (КТ), соның ішінде контрастты зат қолданылатын зерттеулер жүргізіледі. Заманауи диагностиканың бұл түрлері ауруды дәл анықтап, оның ерекшеліктерін бағалауға және әр пациентке тиімді ем тактикасын таңдауға мүмкіндік береді.
Егер онкологиялық аурулар туралы айтатын болсақ, медициналық орталық, ең алдымен, диагностикаға бағытталған. Мұнда онкологиялық ауруларды анықтаудың «құнды стандарты» болып саналатын ПЭТ/КТ әдісі қолданылады. Ол ісік үдерістерін анықтауға, аурудың сатысы мен бастапқы ошағын нақтылауға, жүргізіліп жатқан емнің тиімділігін бағалауға мүмкіндік береді.
Онкологиялық ауруларды тікелей емдеуді – хирургиялық, сәулелік немесе дәрі-дәрмектік емді – республикалық және облыстық онкологиялық орталықтарда алуды ұсынамыз. Сонымен қатар, Алматы мен Қарағанды қалаларындағы «Orhun Medical» томотерапия орталықтарында «Accuray» заманауи аппараттарында сәулелік терапия қызметтері көрсетіледі.
- Мамандар қызметтерді ақылы негізде көрсете ме? Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінде сақтандырылған пациенттер емді тегін ала ала ма?
- Орталық диагностиканың түрі мен пациенттің жолдамасына қарай қызметтерді ақылы негізде де, МӘМС жүйесі аясында да көрсетеді. Мысалы, тиісті медициналық көрсетілімдер болған жағдайда, ПЭТ/КТ зерттеуі дәрігердің жолдамасы бойынша МӘМС аясында жүргізілуі мүмкін.
Қазіргі таңда орталықта МРТ, КТ, рентгенография және маммография қызметтері ақылы негізде көрсетіледі. Сонымен қатар, аталған диагностикалық зерттеулер емханалар мен ауруханалардан берілген жолдамалар негізінде МӘМС жүйесі аясындағы бірлесіп орындау шеңберінде де қолжетімді.
Ал орталықтағы клиницист дәрігерлердің қабылдауы әзірге тек ақылы негізде жүргізіледі. Мекеме қажетті лицензиялардың барлығын алып, өз жұмысын жаңадан бастап отыр. Қазіргі уақытта медициналық қызметтердің баға прейскуранты әзірленіп, азаматтарға қолжетімді. Біздің басты мақсатымыз – өңір тұрғындарына заманауи диагностикалық технологияларды барынша қолжетімді етіп, ауруларды дер кезінде анықтауға және медициналық көмектің сапасын арттыруға үлес қосу.
-Медициналық орталықта қандай мамандар қабылдайды?
- Орталықта әртүрлі бейіндегі дәрігерлер қабылдау жүргізеді. Атап айтқанда, терапевт, педиатр, гинеколог, уролог, кардиолог, невропатолог, травматолог-ортопед, хирург және анестезиолог мамандары бар.
Сонымен қатар, сәулелік диагностика дәрігерлері – МРТ, КТ және рентгенология саласының сарапшылары, сондай-ақ ультрадыбыстық зерттеу жүргізетін мамандар жұмыс істейді. Ядролық медицина мамандары ПЭТ/КТ диагностикасын жүргізеді.
Біздің орталықтар желісінде телемедицина технологиялары белсенді қолданылады. Сәулелік диагностикаға қатысты барлық зерттеу нәтижелері – МРТ, КТ, ПЭТ/КТ, рентгенография және маммография – бірыңғай орталықтағы серверлерге жіберіледі. Оларды еліміздің әр өңірінен жиналған тәжірибелі радиолог дәрігерлер тобы қашықтан қарап, талдау жүргізеді. Ал күрделі немесе пікір алшақтығы туындаған жағдайларда мамандар консилиум өткізіп, ортақ шешімге келеді. Бұл тәсіл диагностикалық қорытындылардың сапасы мен нақтылығын арттыруға мүмкіндік береді.
Осы ретте медициналық орталықтың қызметі тек онкологиялық аурулармен шектелмейтінін атап өткен жөн. Мұнда тұрғындарға денсаулыққа қатысты түрлі мәселелер бойынша кешенді медициналық көмек көрсетіледі. Пациенттер бейінді мамандардан кеңес алып, қажетті диагностикалық тексерулерден өтіп, көрсетілім бойынша амбулаториялық ем қабылдай алады. Орталық мамандары ересектермен қатар, балаларға да медициналық қызмет көрсетеді.
-Сіз атап өткендей, ПЭТ/КТ аппараты – дәл диагностиканың «құнды стандарты». Оның өткізу қабілеті қандай? Қазақстанда осындай деңгейдегі қанша жабдық жұмыс істеп тұр?
-ПЭТ/КТ аппараты бір ауысымда 25 пациентке дейін қабылдай алады. Алайда радиофармпрепараттарды тасымалдау ерекшеліктеріне байланысты бұл көрсеткіш өзгеруі мүмкін. Аппарат аптасына екі күн жұмыс істейді.
Бүгінде Қазақстан бойынша 17 позитронды-эмиссиялық томографпен жабдықталған 12 ПЭТ-орталық жұмыс істейді. Елдегі ПЭТ диагностикасы желісінің кеңеюі пациенттердің жоғары дәлдіктегі радиоизотоптық зерттеулерге қолжетімділігін арттырып, онкологиялық ауруларды ерте анықтау, олардың таралу деңгейін бағалау және емдеу нәтижесін бақылау мүмкіндіктерін кеңейтті.
ПЭТ/КТ арқылы бейнелеу әдісі бастапқы диагностикадан бастап емнің тиімділігін бағалауға мен терапияны жоспарлауға дейінгі кезеңдерді қамтитын заманауи онкологиялық хаттамалардың ажырамас бөлігіне айналды.
ПЭТ/КТ диагностикасы қатерлі ісіктің сатысын анықтауға, бірнеше түзіліс болған жағдайда бастапқы ісік ошағын анықтауға және соған сәйкес емді, хирургиялық араласуды немесе химиотерапияны тағайындауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бұл жабдық емдеу барысында ісіктің химиотерапияға берген жауабын бағалауға және аурудың қайталануын дер кезінде анықтауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, Қазақстанда радионуклидтік терапия бағыты да біртіндеп дамып келеді. Бұл ретте ел ішінде радиофармацевтикалық препараттар өндірісінің жолға қойылуының маңызы зор. Бүгінде Қазақстанда бес түрлі радиофармпрепарат өндірілсе, тағы бес препаратты әзірлеу және клиникалық тәжірибеге енгізу жұмыстары соңғы кезеңге жетті. Отандық радиофармпрепараттар өндірісінің дамуы еліміздің ядролық медицина саласындағы технологиялық әлеуетін арттырып қана қоймай, импортқа тәуелділікті азайтуға және радионуклидтік терапияның қолжетімділігін кеңейтуге мүмкіндік береді. Бұл – Қазақстандағы ядролық медицинаның тұрақты дамуы мен технологиялық тәуелсіздігін қамтамасыз ету жолындағы маңызды қадам.
Радиофармацевтика өндірісін дамыту, ПЭТ-орталықтар желісін кеңейту және тераностиканың жаңа технологияларын енгізу диагностика мен емдеуді бірыңғай жоғары технологиялық жүйенің құрамдас бөлігіне айналатын дербестендірілген онкологияға көшуге негіз қалауда.
Онкологиялық ауруларды ерте диагностикалау мемлекеттік скринингтік бағдарламалар және check-up арқылы қамтамасыз етіледі. Тұрғындарды ұсынылып отырған мүмкіндіктерді пайдалануға шақырамыз.
Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің Ядролық физика институтымен бірлесіп, барлық өңірлердегі ПЭТ/КТ орталықтарының кең желісін радиофармпрепараттармен тұрақты қамтамасыз ету және жаңа дәрілік препараттардың түрлерін шығару мақсатында қосымша циклотрондық кешен құру жоспарлануда.
Жобаның басты мақсаты – заманауи ядролық медицинаның қолжетімділігін арттыру және соның нәтижесінде онкологиялық ауруларды емдеудің тиімділігін жақсарту.
– Сұхбатыңызға рақмет!
Айгүл Аханова
12 тамыз 2026 ж. 44 0