Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» Дәріге мұқтаждық болмауы керек

Дәріге мұқтаждық болмауы керек

«Дертті емдеудің неше түрлі жолдарын көрсетіп, адамдардың денсаулығына қауіп төндіруге болмайды. Бұндай әрекеттерге тосқауыл қою керек. Қылмыстық кодекстің 174-бабына сәйкес жалған ақпарат таратқан адам жауапқа тартылады. Құқық қорғау органдары ел ішіндегі осындай жөнсіздікке қатысты қатаң шаралар қолданатын болады. Сол сияқты дәрі-дәрмектің бағасын бірнеше есе өсіріп, қалыптасқан жағдайды өз мақсатына пайдаланғысы келген алыпсатарларды да құқық қорғау органдары менің тапсырмама сәйкес жауапқа тарта бастады. Қазір мемлекеттік органдар елді мекендерді қажетті дәрі-дәрмекпен толық қамтамасыз етуде. Осыған орай, тиісті қор жасақталған. Төсек орындары да, медициналық қызмет көрсету ісі де толығымен қамтамасыз етіледі.»
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Талай адамды тәубесіне келтіріп, талай жанның тағдырын қыл үстіне байлаған індеттің ілмегі бүгінде жұмыр басты пенденің қай-қайсысына да оңай болып тұрған жоқ. Жұтым ауаға зар болып, қос өкпесі қабынған пенденің көрген күнін жан басына салмасын. Адамның наласы ма екен, Алланың жазасы ма екен, кім білсін? Әйтеуір адамзаттың қазіргі күні мыңжылдықтың қойнына кеткен небір нәубеттерден кем болып тұрған жоқ. Осыдан бірер ай бұрын кәрі құрлық пен аузын айға білеген Құрама штаттардың аспанын торлаған індетке «а-а-а» десіп, сенбеп едік. Солардың басына келген жағдай енді, міне, бізді де айналып өтпеді.
А.БИСЕНОВ

Қарап отырсаңыз, қазіргі уақытта екінің бірі ми қайнатар шілдеде тұмау бола бастаған. Ал олардың барлығын 100-150 орындық ауруханаларға сыйғызу мүмкін емес. Үйінде, өз беттерінше ем қабылдап жатқандары қаншама?! Осы орайда халыққа қазіргі уақытта жетпей жатқан дүниелердің бірі – дәрі-дәрмек болып тұр. Былайғы кезде қажетсіз және құнсыз болған «парацетамол», «аспирин» сынды тырнақтай таблеткалар бүгінде тұтас қоғамның құндылығына айналды. Бұл дәрілер күні кешеге дейін ауданның барлық дәріханаларында жоқ болды. Қазір де жеткілікті емес. Тіпті жоқтың қасы.
Бүгінде күндіз қоғамдық орындармен жүрсеңіз, дәріханалар алдында ұзын-сонар кезектер пайда болған. Бұрынғыдай керек кезде соға кетіп, қажет дәрілерді ала қою деген ұғым жоқ. Алдымен кезекке тұрасыз, уақыт келіп дәріханаға кіргеннің өзінде, қажет дәрі табыла қойса жақсы. Аудан бойынша қай дәріхана болмасын, халыққа қажетті дәрілерді қажетті мөлшерде тауып бере алмай отыр. Ол дәріханалар келісімшарт бойынша дәрі қорын алдырып отырған аймақтардың өзінде дәрі қоры жеткіліксіз. Мәселен, орталық базар маңында орналасқан дәріхана «Ғабит-64» ЖШС-ында біз жоғарыда айтып өткен халыққа қажетті парацетамлол, аспирин сынды дәрілер әлі де жоқ. Тек әдетте тұмауратқанда ішетін, температура түсіруге көмектесетін «Тромбос», «Кардимагнил», «Терафлю», «Тайлолфенход», «Цинефар» секілді дәрілер келген. Олардың өзіне сұраныс жоғары.
– Әдетте адамдар қажет нәрсені уақытында іздейді. Бәрімізде де солай. Бір кездері арнайы бетперделер тапшылығы сезіліп еді. Енді дәрі-дәрмек. Басы ауырып, балтыры сыздаған жанның барлығы бүгінде дәріхана жағалап, іздеген дәрісін таппай әлек. Әрине мұның бәрі уақытша деп ойлаймын. Қазіргі уақытта біз осы кезге дейін өзіміз дәрі-дәрмек алдырып отырған Шымкент, Ақтөбе қалаларымен байланыстамыз. Алайда дәрі қоры ол жақта да тапшы. Қажетті мөлшерде алдыра алмай жатырмыз. Осы бүгін ғана «Тромбос», «Кардиомагнил», «Терафлю», «Тайлолфен хот», «Цинепар» сынды тұмауға қарсы, температура түсіретін дәрілер келді. Ал «парацетамол», «аспирин» деген таблеткалар әлі жоқ. Десе де аталған дәрілердің тұмау симптомдарымен күресте айтарлықтай көмегі тиеді, – дейді дәріхана «Ғабит-64» ЖШСның фармацепті, Қазақстан Комунистік Халық партиясының аудандағы белсенді мүшесі М.Жолдасбаев.
Ал қала дәріханаларынан дәрі таппай сандалып жүрген Ұлболсын есімді қала тұрғыны дәріге деген қажеттілік мұндай мөлшерде болады деп ойламаса керек. Оны жеткізуде биліктің дәрменсіздігі басым деген пікірде.
– Бұл індеттің белгілері кәдімгі тұмаумен бірдей екені қандай қорқынышты. Сол тұмау бүгінде кез келген адамға жұғып жатыр. Менің қорқатыным да осы. Үйде балаларымыз бар. Ағайын-туыстарды әлгі тұмау айналып өтпегенін жақсы білеміз. Осындайда дертпен күресте көбінің іздейтіні дәрі ғой. Қырсыққанда сол қажет дәрілердің қала дәріханаларында болмай тұрғаны қиын болып тұр. Осы кезге дейін уақытында дертпен күресуге дәрменсіздік танытқан талай жанның өмірі тоқтап жатыр. Бұл уақытша қиындық деп өзімізді жұбатқанымызбен, өтпелі кезеңнің өкініші көп болайын деп тұр, – дейді.
«Көптен бері талайдың қолы жетпеген «аспирин» препараты бүгінде қалаға келді», – деп сүйінші хабарды қуана жеткізген «Қазақстан» дәріханасының атқарушы директоры Ж.Аманжолов жақын аралықта аудан бойынша дәрі тапшылығы жойылады деген ойда. Бастысы – халыққа қажетті дәрілер тапшылығы жойылса болғаны. Осыдан бірер күн уақыт бұрын аталған дәріханаға соққанымызда, аспириннің қоры әзірге бар екенін білдік. Лайым солай болсын.
Соңғы кездері дүрліккен қоғамның үрейін басып, қажетін өтеу қиын шаруаға айналып бара жатқан сияқты. Әдетте кәсіпкер деген қарапайым атты жамылып алып, қу құлқынын күйттеп кететін алыпсатарлардың арамза тірлігі талайды тарықтырды. Бұл жолы да солай болып тұр. Әр аймақта осындай олқылықтармен күрес жүрсе, мұндай қиындық туындамас еді. Бастысы, халықтың амандығын ойлаған жан мұндайға бармас еді. Себебі дертпен күресте дәріге мұқтаждық болмауы керек. Біздің де айтпағымыз осы...
---
11 шілде 2020 ж. 554 0