Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» Ауылға арналған жобаның ауқымы мол

Ауылға арналған жобаның ауқымы мол

«Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында бөлінген қаржыны игеру бойынша Қызылорда облысы үздік өңірлер қатарынан табылып, қазақтың алтын бесігін өркендету жолына бағытталған ауқымды жобаны нәтижелі жүзеге асырып келеді. Бұл туралы ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов аталған жобаны жүзеге асыру мәселелері талқыланған Үкімет отырысында хабарлады. Сыр өңірі Павлодар, Ақтөбе облыстарынан кейінгі орынға жайғасып, үздік үштікті түйіндеді.
Үкімет басшысы 2019-2022 жылдары әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды дамыту бойынша мыңнан астам ауылда 3,7 мыңнан астам жоба іске асырылғанын, сондай-ақ 33 мың жұмыс орны ашылғанын атап өтті.
– Биыл 800 елді мекенде шамамен 2 мың жоба жүзеге асырылады. Бөлінген қаржыны игеру серпіні Павлодар, Ақтөбе, Қызылорда облыстарында жақсы, – деді Премьер-министр.

Айта кетейік, «Ауыл – ел бесігі» жобасының арнайы бекітілген методикасына сәйкес Қызылорда облысында 53 тірек және 50 спутник елді мекен айқындалған. Бүгінде осы елді мекендерде тиісті жобалар жүзеге асырылуда. Жоба басталғалы бері аймақта құны 18 млрд теңгеден асатын 225 инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Биыл облыстың 39 елді мекенінде 158 жобаны жүзеге асыруға бюджеттен 7 946 млн теңге бөлінсе, республикалық бюджеттің бірінші нақтылануында қосымша 58 жобаға 3 668 млн теңге қаралды. Осылайша бүгінде 11,6 млрд теңгенің 216 жобасы бойынша жұмыстар жүргізілуде. Оның ішінде: 2-і-өткен жылдан өтпелі жобалар, 214-і – жаңа жобалар. Жоспар бойынша 216 жобаның 204-і биыл пайдалануға беріліп, 11 жоба 2024 жылға өтпелі болып, жалғасын табады.
Аймақтағы көрсеткіштің жақсы нәтижеге лайықталуында аудандардың да үлесі бар екені даусыз. Аталған жоба бойынша осы жылдың өзінде Арал ауданы бойынша 10 жоба жүзеге асырылуда. Бүгінде осы жоба бойынша бағытталған қаржының дені көлік инфрақұрылымына бағытталып, Сексеуіл, Аманөткел ауылдары бойынша көшелер жөнделуде. Арал қаласы бойынша да қолға алынып жатқан тындырымды жұмыстар бар.
«Толқын» ақпарат

---
28 шілде 2023 ж. 179 0