Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылорда облысының үздік ауылы анықталды

Қызылорда облысының үздік ауылы анықталды

Бүгін облыс әкімі Қ.Ысқақовтың қатысуымен "Үлгілі ауыл" байқауы қорытындыланды. Байқау екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезең – аудан (қала) ішілік, екінші кезең - облыстық. Облыстық комиссия аудан, қала әкімдіктері ұсынған ауылдық округтердің құжаттарымен танысып, бағалап, үздік ауылды анықтады деп хабарлайды kyzylorda-news.kz.
Байқаудың мақсаты – жұртшылықтың қоршаған ортаны қорғау мен орнықты даму мәселелерiн шешуге жан-жақты қатысуын қамтамасыз ету. Айта кетейік, бұл шара республика бойынша тек Қызылорда облысында дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Оның басты ережесі тірек ауылдық елді мекендер арасында екі санат бойынша сондай-ақ, көгалдандыру, абаттандыру жұмыстарымен және санитарлық тазалықтың жай-күйі бойынша бағаланды.
"Ауылдардың жағдайын жақсартып, ауыл халқының тұрмысын көтеру үшін «Ауыл - Ел бесігі» жобасы қарқынды жұмыс істеуде. Елбасының тікелей бастамасымен қолға алынған жоба шеңберінде елді мекендерді дамытуға бағытталған ауқымды істер жүргізілуде. «Ауыл - Ел бесігі» арнайы жобасын жүзеге асыруға 2019 жылы аймағымызда 1,9 млрд.теңге, оның ішінде республикалық бюджеттен 1,7 млрд. теңге қаралды. 2020 жылға «Ауыл - Ел бесігі» арнайы жобасын іске асыруға 1,6 млрд.теңгеге 4 елді мекен бойынша 31 жоба іріктелді. Сонымен қатар, бүгін жеңімпаз болып танылған ауылдық округтерге берілген қаржылай сыйақының 80 пайызы сол ауылдың көркейіп-көгалдануына, абаттануына, санитарлық тазалығына жұмсалуы тиіс",- деді облыс әкімі Қ.Ысқақов.
Байқауға барлығы 8 елді мекен оның 7 тіректі елді мекен қатысты.
Тіректі елді мекендер бойынша жеңімпаздар: 1 орын- Интернационал (10 млн.теңге), 2 орын- Аққұм(7,5 млн.теңге), 3 орын- Ақжарма (5 млн.теңге). Ал елді мекендер бойынша жеңімпаздар: 1 орын- Таң(10 млн.теңге), 2 орын- Гигант(7,5 млн.теңге), 3 орын- Қожакент ауылы(5 млн.теңге). Ынталандыру сыйлығын Қазалы ауданындағы Қарашеңгел (Жалаңтөс Баһадүр) мен Өркендеу (Жанкент) ауылдары иеленді. Сыйақысы (2 млн.теңге).

13 желтоқсан 2019 ж. 578 0