Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Бағдарлама не береді?

Бағдарлама не береді?

Шалғайдағы ауыл халқының алаңдайтын мәселелері жетерлік. Жұмыссыздық өз алдына, әлі күнге дейін ауызсу мәселесі шешілмей отырған ауылдар бар. Аудан орталықтарына келген көгілдір отынның игілігін көрсек, жолымыз жөнделсе деген тілектері тағы бар. Кімнің болса да екі қолға бір күрек тауып, отбасын асырап, таза су ішіп, үйін қиындықсыз жылытып отырғысы-ақ келеді... Ал, қуанарлығы, ауылдағы ағайынның ахуалын жақсартуды мақсат еткен «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында елімізде ауқымды істер бастау алды. Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған жоба шеңберінде әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымдарды дамыту, ауыл халқының әлеуметтік игіліктер мен мемлекеттік қызметтерге қолжетімділігін қамтамасыз ету және жалпы жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру бойынша бірқатар міндеттердің шешімі табылатын болады. Ауылдарда лайықты өмір сүруге мүмкіндік те мол. Бұл бағытта тегін кәсіптік білім беретін, шағын несие алуға қолайлы бағдарламалар да бар.
Сондай-ақ, алдағы 7 жыл ішінде «кіші урбанизация» процестерін қамту және 2025 жылы халық саны 600 мың адамға өсіп, 6,1 млн адамға жететін тірек ауылдарда қолайлы өмір сүру ортасын құру көзделген. Бұған себеп те жоқ емес. Өйткені, өткен жылдың қорытындысы бойынша еліміздегі 94 ауылдық елді мекеннің болашағы жоқ деп танылған. Ал, олардың саны өзге аймақтарға қарағанда Қызылорда облысында басымдау. Арнайы жоспар бойынша мұндай ауылдардың халқын ауылдық округ немесе аудан орталығына көшіру көзделген.
Осыдан бірнеше жыл бұрын ауданның бірнеше елді мекенінен қоныс аудару үдерісі жүргізілгені де белгілі. Бұл жөнінде Арал ауданы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығының маманы Ж.Алдашев: «2011-2013 жылдары «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасының 3-бағыты бойынша әлеуеті төмен елді мекендерден, атап айтқанда Қарақұм ауылдық округінің Көкаша елді мекенінен, Бөген ауылдық округінің Көнебөген елді мекенінен, сондай-ақ Атанши ауылдық округінің Жіңішкеқұм елді мекенінен Арал қаласына 15 отбасы, яғни 70 адам қоныс аударды. Ал 2011-2014 жылдары Бекбауыл ауылдық округінің Үкілісай елді мекенінен және Көнебөген, Жіңішкеқұм елді мекендерінен 11 отбасы Қызылорда қаласына, сонымен бірге Үкілісайдан 3 отбасы Әйтеке би кентіне көшірілді. Одан кейін Жіңішкеқұм елді мекенінен тағы 3 отбасы Қызылорда қаласына қоныстанды» деді.
Жоба аясында ауылдың болашағына, халықтың тығыздығына, орналасқан жеріне, даму әлеуетіне және өзге де көрсеткіштерге қарай 1 500 перспективалы ауылдың тізбесі де жасалынған. Үш жылға, яғни 2019-2021 жылдарға 90 миллиард теңге бағытталса, биыл 30 миллиард теңге бөлінген.
Жобаның негізгі бағыттарының бірі – ауылдағы кадр мәселесін жолға қою. Осы мақсатта «Дипломмен ауылға» бағдарламасын одан ары жетілдіріп, жақсы жағдай жасай отырып, жас маман тарту көзделеді. Сондай-ақ, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша ауылдық елді мекендерге жұмыс істеу және тұру үшін келген әлеуметтік сала және агроөнеркәсіптік кешен мамандарына бір реттік көтерме жәрдемақы және тұрғын үй сатып алуға бюджеттік несие ұсынылмақ.
Ал аудандық ауылшаруашылық бөлімінің мәліметіне сүйенсек, өткен жылы «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында 20 маманға білім, 9 маманға денсаулық сақтау, ал 1 маманға агроөнеркәсіптік кешен саласы бойынша біржолғы көтерме жәрдемақы берілген. Сонымен бірге 3 маман тұрғын үй сатып алу үшін бюджеттік несие рәсімдеген.
«Ауыл – ел бесігі» жобасының кәсіп ашамын деген азаматтарға да игілігі мол. Ауыл шаруашылығы министрлігі жержерде отбасылық ферма ашатындарға көмек көрсетілетіні туралы да айтты. Яғни, ниет танытушылар өз жоспарын жүзеге асыру үшін жеңілдікпен берілетін шағын несиеге сүйене алады. Кооперация ісін дөңгелетуге арналған қаржы мөлшері 20 миллионнан асады.
Тағы бір жаңалық, биыл басты назар ірі елді мекендерге, яғни жинақталған өзекті инфрақұрылымдық проблемаларды жылдам шешуді қажет ететін, халық саны көп аудан орталықтарына аударылуда. Бұл ретте, Арал қаласының да жоба игілігіне кенелуге мүмкіндігі мол. Тұрғындар сұранысына сай тұрғын үйлер салынып, жолдар жөнге келтірілсе, түрлі бағытта әлеуметтік нысандар бой көтеріп, шағын және орта бизнесті дамытуға кеңінен жол ашылса, аудан орталығы кеңейіп те көркейіп те қалар еді. Сондай-ақ, халықтың жұмыспен қамтылуы да жоғары деңгейге көтеріліп, әл-ауқаты жақсарады. Сондықтан бағдарламадан күтеріміз мол.
Лаура Әйтімова
10 маусым 2019 ж. 897 0