Әлеуметтік жаңғыру жолындағы ауқымды қадам
Шуаққа толы наурыз айында Елбасы халыққа арнаған «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты Үндеуін жариялап, «Біз жаңаәлеуметтік жобаларға жол ашамыз» деді. Бұл, әрине, қазақстандықтарға үлкен жігер мен серпін берді.Қай өңірде болсын, баспана мәселесінің өзектілігі басым. Ал, алғашқы бастама бойынша ұсынылған «7 – 20 – 25» бағдарламасы жұмыс істейтін әрбір қазақстандыққа жылына 7 проценттен аспайтын несие өлшемінің мөлшерлемесімен 25 жылға дейінгі мерзімде пәтер сатып алуға мүмкіндік береді. Әрине, мұндай жеңілдік осы уақытқа дейін сандаған азаматтардың арманы болып келген еді. Армандар енді ақиқатқа айналмақ. Бүгінде Сыр елі тұрғын үй құрылысының көлемі бойынша Қарағанды, Оңтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстары секілді «миллиондық»аймақтардың алдына шықты. Ал, өңір тұрғындарының әлеуметтік осал тобын мейлінше қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында өткен жылы үш жылға есептелген «Орда» тұрғын үй құрылысының жол картасы әзірленді. Несиелік тұрғын үйдің көпбалалы отбасылар, мүгедектер мен тұрғындардың барлығына бірдей қолжетімді еместігін ескеріп, «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынып жатқан несиелік тұрғын үйлерді жергілікті бюджет есебінен сатып алуға жыл сайын облыстық бюджеттен 2 млрд теңгеден қаржы бөлу туралы шешім қабылданды. Бұл – әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін туғызып отыр.
Ал, елді газбен қамтамасыз етуді жалғастыру туралы бастаманың әсіресе, орталық және солтүстік өңірлер үшін қуанышы мол болды. Осыдан оншақты жыл бұрын Президенттің тапсырмасымен Қызылорда қаласында газдандыру жұмысы басталған еді. Бүгінде облыс халқының 63 проценті көгілдір отынды тұтынып отыр. Аралдың халқы да бірнеше жылдан бері игілігін көруде. Міне, енді Сырдан Сарыарқаға газ құбыры тартылмақ.
Жаны қалаған кәсібімен айналысып, адал еңбек еткен жанның ғана тіршілігі берекелі, нәсібі мол болатыны анық. Елбасы бастамаларында өзін-өзі еңбекпен қамтыған және жұмыссыз тұрғындардың арасында жаппай кәсіпкерлікті дамыту үшін шағын несие беруді көбейту де басты назарға алынған. Өткен жылы жалпы сомасы 32 миллиард теңге болатын 7200 шағын несие берілсе, биыл қосымша 20 миллиард теңге бөліп, шағын несиелердің жалпы сомасын 62 миллиард теңгеге жеткізу көзделді. Бұл ауыл-аймақтар үшін, ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту үшін үлкен қолдау. Аймақташағын кәсіпкерлік өріс алып, даму үстінде. Биылғы жыл облыста «Жаппай кәсіпкерлікті қолдау жылы» деп жарияланды. Ал, «Бастау Бизнес» жобасы бойынша облыста 1600 адамды оқыту көзделуде.
Айлық жалақысы 25 еселенген айлық есептік көрсеткіштің мөлшерінен төмен қызметкерлер үшін табыс салығының мөлшерін 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап 10 есеге азайту ұсынылды. Егер қазіргі кезде 50 мың теңге жалақы алатын қызметкердің жалақысынан ұсталатын табыс салығы салық салынбайтын табысын және шегерімдерін қоса есептегенде, 1672 теңгені құраса, келесі жылы 167 теңгеге тең болады екен. Қаншама жеңілдік екендігін осыдан байқауға болады.
Сонымен бірге, жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту бағытындағы шаралар да да төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы жаңа экономикада зор сұранысқа ие болатын мыңдаған жаңа мамандарды даярлауға деген заман талабынан туып отырған бастама.
Бес бастаманы жүзеге асыру мақсатында жұмыстар да басталды. Елбасы айтқандай, жауапкершілікті сезініп, барша ұлыстардың ұйытқысы болып, өзгеге өнеге көрсете білсек қана еліміз көркейіп, дамиды, халқымыздың тұрмысы жайлы болады.
Дәуренбек Мадинов,
аудандық мәслихаттың хатшысы.