Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Бақуатты тұрмысқа жол ашқан бастамалар

Бақуатты тұрмысқа жол ашқан бастамалар

Жағымды жаңалықтарға толы Наурыз айында Елбасы «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа Үндеуін жариялады. Қуатты елге айналуы үшін еліміз бойына күш, қазынасына қаржы жинап алуы керек болса, ол күн де туды. Жаңа әлеуметтік жобаларға жол ашылды.
Бес әлеуметтің бастаманың қай-қайсысы да халықты елең еткізді. Баспана мәселесін ойлап басы қатқан жандар жоспар жасап, жалақысы аз азаматтар есепке жүгінді. Жастар жадырап, жігерленді. Кәсіп бастауға жүрексініп жүрген ауыл адамдары батылданып, қыс қаһарынан қаймығыңқырап, көмірден қысылыңқырап шыққан аймақ тұрғындары көгілдір отынның игілігін көретін болдық деп қуануда.
         Иә, «Үйі бардың күйі бар» демекші, өткен жылы 11,2 миллион шаршы метр тұрғын-үй пайдалануға берілген. Дегенмен, оның өзі жеткіліксіз. Себебі, әлі күнге дейін баспанасыз жүрген отбасылар қаншама. Бес бастаманың алғашқысы әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін туғызбақ. Яғни, жұмыс істейтін әрбір адамға несиеге пәтер сатып алып, оны отбасы жағдайына қарай деңгейде төлей алуы үшін «7 –  20 – 25» бағдарламасы ұсынылды. Бағдарлама бойынша, мөлшерлемесі қазіргідей 14-16 процент емес, жылына 7 проценттен аспайтын теңгемен несие алу мүмкіндігіне ие бола аласыз. Егер, қазіргі кезде банктер бастапқы жарнаға баспана құнының 30 немесе 50 процентін салуды талап етсе, жаңа бағдарлама бойынша 20 проценттен аспауы тиіс.
         Ал, жалақысы төмен казақстандықтарды қолдау үшін 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап, олардың салық жүктемесін 10 есеге азайту көзделді. Яғни, 1 поцент қана салық салынбақ. Ай сайын ең төменгі есептік көрсеткіштің 25 еселенген көлемінен аз жалақы алатындарға салынатын жеке табыс салығын азайту арқылы олардың салық жүктемесі жеңілдеп, нәтижесінде, еліміздегі барша жалдамалы жұмыскерлердің кемінде үштен бірінің жалақысы жұмыс берушіге салмақ салмай-ақ көбейетін болады.
Жастарға деген мемлекет қамқорлығының айқын көрінісі үшінші бастаманың мазмұнынан көрінді. Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттыру мақсатында қазіргі кезде жыл сайын бөлінетін 54 мың грантқа қосымша 2018-2019 оқу жылында тағы 20 мың грант бөлу қажеттігі айтылды. Ал, оның 11 мыңы техникалық мамандықтар бойынша бакалаврлық білім беруге тиесілі болмақ. Атап айтқанда, болашақта зор сұранысқа ие болатын инженерлер, ақпараттық технология, робот техникасы, нанотехнология саласының мамандарын даярлауға басымдық берілетін болады. Бүгінгі күні студенттерді жатақханамен қамту ең өзекті мәселелердің бірі болып отырғандығы белгілі. Бұл бағытта жоғары оқу орындары, колледждер мен девелоперлік компаниялардың мемлекет пен жеке меншіктің серіктестігі қағидасымен жатақхана салуды бастау керектігі ұсынылып, 2022 жылдың соңына дейін студенттерге арнап кемінде 75 мың орындық жаңа жатақхана салу тапсырылды. Мұндай көмек – білімге ұмтылысы ерекше жастармен бірге ата-аналар үшін де үлкен қуаныш.
Төртінші бастамадағы шағын несие беруді көбейтудің, әсіресе, ауыл-аймақтар үшін, яғни ауылдағы кәсіпкерлікті дамытуда маңызы зор. Себебі, өткен жылы жалпы сомасы 32 миллиард теңге болатын 7200 шағын несие берілгенмен, «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша білім алған 5 мың адам өз істерін бастауға қажетті шағын несиелерді ала алмаған. Сондықтан, үстіміздегі жылы қосымша 20 миллиард теңге бөлініп, шағын несиелердің жалпы сомасын 62 миллиард теңгеге жеткізу тапсырылды. Нәтижесінде, шағын несие алатындардың саны өткен жылмен салыстырғанда екі есеге артып, 14 мың адамға жетпек.
Ал, елді газбен қамтамасыз етуді жалғастыру жобасын жүзеге асыру Астанамызды, сондай-ақ, бірқатар өңірді газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта еліміз тұрғындарының 50 процентке жуығы газбен қамтамасыз етілген. Бірақ, орталық және солтүстік өңірлер әлі де газсыз отырғандықтан, Қызылорда – Жезқазған – Қарағанды – Теміртау – Астана бағытында магистральді газ құбырын салу жобасын жүзеге асыру керектігі бесінші бастамада баса айтылды. Осыған байланысты, Қазақстан Республикасының премьер-министрі Б.Сағынтаев Үкімет отырысында энергетика, қаржы, ұлттық экономика, инвестициялар және даму министрліктеріне тиісті өңір әкімдіктеріне, «Самұрық-Қазына ҰӘҚ» АҚ-ға және «Бәйтерек» холдингімен бірлесіп, жұмыс тобын құруды, сондай-ақ, Қызылорда, Жезқазған, Теміртау, Астана бағыты бойынша «Сарыарқа» газ құбырын қаржыландыру мәселесін, оның ішінде халықаралық қаржы институттарынан қажетті қаржыны тарту арқылы мәселені пысықтауды тапсырды.
Бауатты тұрмыстың бастауындай болған Президенттің бес бастамасын жүзеге асыру үшін жұмған жұдырықтай бірлікпен еңбек етуіміз керек.
Лаура Әйтімова.
07 наурыз 2018 ж. 1 290 0