Жапон қыздары жұмыста көзілдірік тақпауы керек пе?
massaget.kz Жапониядағы жаңа ереже жұрттың қызу талқысына түсуде. Жергілікті басылымдар хабарлағандай, елдегі біршама компаниялар жұмыста қыздардың көзілдірік тағуына тыйым салған. Себебі қандай? Қандай компаниялар бұл ережені енгізіп отыр?
Күншығыс елі өнертабысымен, жұрт біле бермейтін жаңалықтарымен әлемді таңдандырудан таңған емес. Қыздардың жұмыста көзілдірік тақпауы да, сондай жаңашылдықтарының бір парасы. Жұмыста көзілдірік таққан қыздың жүзі суық көрінеді екен. Әрқашан жайдарлы жүретін жапондар үшін бұл ерсі көрініс саналады-мыс. Қазіргі таңда әуе компаниялары қауіпсіздік үшін көзілдірік тақпау жайлы ережені енгізуді бастап кеткен. Сән фирмалары да қыздардың көзілдірік тағуын қолдамауда. Себебі көзілдірік қыздардың макияжын көлегейлейді екен. Елдегі ұлттық мейрамхана қызметкерлері де көзілдірік тақпауы тиіс. Оның да себебі бар. Көзілдірік ұлттық нақышқа сай келмейді, сондай-ақ қыздардың тартымдылығын да жасырады. Олар көзі нашар көретіндер үшін линза тағуға кеңес береді. Жапон қыздары жұмыста көзілдірік тақпау туралы ережеге түбегейлі қарсы.
Арнайы хэштег (#メガネ着用禁止) арқылы өз қарсылықтарын білдіруде.
- Жұмыста көзілдірік тағып жүру қыздарға шынымен қиын болатын болса, онда ереже бәріне бірдей болу керек. Әйелдер секілді ерлер көзілдірік тақпауы тиіс, - дейді елдегі актриса Юми Исикава. Ол биік өкшелі аяқ киім киюге қарсы шыққан белсенділердің бірі болатын. Күншығыс елінде қыздар ұната бермейтін даулы жайттар көп-ақ. Осыған дейін елдегі біраз компания жұмысқа қыздар тек биік өкшелі аяқ киіммен келулері керек деп ереже шығарған. Бұл да қоғамдық дау тудырған еді. Тіпті жыл басында қыздар жұмысқа міндетті түрде макияж жасатып келу керек деп те талап қойған жұмыс берушілер болған.
Бұл жайында Киото университетінің профессоры, әлеуметтанушы Кумико Немото өз ойын білдірген. Ол көзілдірік тақпау, биік өкшелі аяқ киім кию секілді ережелер қыздардың дәрежесін төмендету болып саналмайтынын алға тартады. Жұмыс сапасына да әсері болмайтынын сөз етеді. Тек жұмыс беруші компаниялар қыздардың нәзік әрі көрікті болып жүргенін талап етуден туындаған ереже деп түсіндіреді. Көзілдірік тақпау жайлы ережені қолдағандар да біршама. Мысалы, ұлттық мейрамханаларда кимоно киіп қызмет көрсететін қыздар көзілдірік тақса біртүрлі көрінетінін айтушылар да бар. Ал бұларға қарсы қыздар кимоно киіп, көзілдірік тағып түскен суреттерін әлеуметтік желілеріне көптеп жүктей бастады.