Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қытайда таралып жатқан қауіпті вирус басқа елдерге өте бастады

Қытайда таралып жатқан қауіпті вирус басқа елдерге өте бастады

sputniknews.kz Қазақстанның санитарлық дәрігерлері Қытайда вирус таралғаннан кейін теміржол вокзалдары мен әуежайларда бақылауды күшейтті   Қытайда қауіпті коронавирус жұқтырған науқастардың саны артып, қырық адамнан асты. Елдің бір тұрғыны қайтыс болды. Ғалымдардың болжауынша, вирус адамнан адамға өтуі мүмкін.
Инфекция біртіндеп басқа елдерге өтіп жатыр. Алғашқы ошақ Жапонияда пайда болды. Бұл жағдай қазақстандық санитарлық дәрігерлерді қатты алаңдатты. Билік инфекцияның алдын алу үшін вокзалдар мен әуежайларда бақылауды күшейтті, деп хабарлады "Астана" арнасы.
Қытай өлшемімен алғанда Ухань шағын қала. Соңғы бірнеше аптада ол бір адамның өмірін қиған жаңа вирустың арқасында бүкіл әлемде танымал болды. Сарапшылар қоздырғыш коронавирустың жаңа түрі екенін анықтады. Қазір 500-ге жуық адам, оның ішінде науқастармен байланыста болған дәрігерлер бақылауға алынды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы инфекция балық базарынан шыққан деп санайды.
"Жалпы жағдай бақылауда, кейбір науқастар үйіне жіберілді. Кейбіреулерінің жағдайы ауыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бұл аурудың пайда болуынан қауіптеніп отыр", - дейді Бейжің университеті бірінші ауруханасының дәрігері Ван Гуанфа.
Қазақстан билігі қауіпті вирус шекарадан өтпеуі үшін қолдан келгеннің бәрін жасауда. Қазір барлық әуежайда, теміржол вокзалдары мен көлік құралдарының кіру пункттерінде санитарлық қызметтер жұмыс істеп жатыр. Егер жолаушыдан аурудың белгілері анықталса, экипаж не істеу керектігін біледі.
"Бүгінгі таңда жалпы 12 мыңнан астам адам тексеруден өтті. Қытайдан келгендер арасында ыстығы көтерілген және аурудың белгілері байқалған адам анықталған жоқ. Науқастарды уақытылы анықтау үшін біз коронавирустың жаңа түрін диагностикалауға зертханалар дайындадық. Ол үшін бізде барлық қажетті реагенттар мен жабдықтар бар", - деп түсіндірді Қазақстан Республикасының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин.
Вирус Жапонияға жеткені белгілі болды. Науқас жақында Уханьда болып, инфекция жұқтырған. Қазір оның өміріне еш қауіп төніп тұрған жоқ. Ел үкіметі ауру туралы ақпарат жинайтын дағдарыстық штаб құрды.


17 қаңтар 2020 ж. 781 0