Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Түсік жасатуға қатысты екі бірдей заң қабылданды

Түсік жасатуға қатысты екі бірдей заң қабылданды

Біріншісі

Айдахо штатының губернаторы Брэд Литтл құрсақтағы шарананың жүрегі соға бастаған сәттен бастап, түсік жасатуға тыйым салатын заңға қолын қойды. Бұл жайында islam.kz порталы «Жаңалықтар» ресейлік ақпарат агенттігіне сілтеме асай отырып мәлім етеді. «Шарананың жүрек соғысы туралы» заң талаптары бойынша ендігі жерде жүктіліктің бесінші-алтыншы аптасында түсік жасатуға тыйым салынады. Тек аяғы ауыр әйелдің денсаулығына қатер төнгенде немесе зорлаудан бала көтеріп қойған жағдайда ғана жасанды түсікке жол беріледі. Аталмыш заң талаптарын елемеген немесе бұзған медицина қызметкері жауапкершілікке тартылып, жаза тағайындалады, дәлірегі, екі жылдан бес жылға дейін бас бостандығынан айырылады.

Екіншісі

Аризона штатының губернаторы Дуг Дьюси құрсақтағы шарананың генетикалық ауытқуы болған жағдайда ғана, яғни, тұқым қуалайтын дертке байланысты болғанда ғана түсік жасатуға рұқсат беретін, ал қалған жағдайда тыйым салатын заңға қолын қойды. Бұл жайында islam.kz порталы «Жаңалықтар» ресейлік ақпарат агенттігіне сілтеме асай отырып мәлім етеді. Тек құрсақтағы шарананың бойындағы генетикалық ауытқу оның өмір сүруіне мүмкіндік бермейтін жағдайда және ана мен баланың өмірі мен денсаулығына қатер төнгенде ғана жасанды түсікке рұқсат етілді. Аталмыш заң талаптарына сай түсік жасатқысы келген аяғы ауыр әйел жазбаша түрде оны қандай да бір ауытқу үшін жасататынын немесе жасатпайтынын растауы тиіс. Ал дәрігер процедура алдында пациентке құрсақтағы шарананы нәсілі мен жынысына қарай немесе өмір сүруге қауіпті емес қандай да бір генетикалық ауытқуы үшін түсік жасатудың заң талаптарын бұзатынын ескертуі тиіс. Аталмыш заң талаптарын бұзған екі тарапқа да жаза қарастырылған.

Қосымша мәлімет:

АҚШ аумағында федералды деңгейде түсік жасатуға 1973 жылы рұқсат етілген. АҚШ жоғарғы сотының шешімімен. Алайда, кейбір штаттар түсік жасатуға қатысты өз заңнамасын қалыптастырып үлгерді. АҚШ-та түсік жасатуға қатысты ортақ ұстаным жоқ, көбінесе бұл тақырып саяси реңк беріліп, оны қолдаушылар мен наразылық білдірушілер арасында талас-тартыс әлі толастаған емес. Жасанды түсікті қолдаушылар әйелдер құқығын алға тартып, құрсақтағы шарананың жүктіліктің алғашқы кезеңінде тұлға болып қалыптаспағанын, сондай-ақ, түсік жасатқысы келетін әйелдердің заңды айналып өтетін, яғни, заңсыз астыртын жолмен іштегі баласын бәрібір алдыртатынын алға тартса, наразылық білдірушілердің уәжі бойынша адам өмірі құрсақтан басталады. Десе де әр штатта түсік жасатуға қатысты шектеулер мен заңнама әртүрлі болғандықтан түсік жасатқысы келген аяғы ауыр әйел өзіне қолайлы штатта ойындағысын жүзеге асырып жатады.

islam.kz
28 сәуір 2021 ж. 338 0