ҚХА және этномәдени бірлестіктер мүшелері кездесті
Алматы қаласындағы Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІХ сессиясында берілген тапсырмаларды орындауға байланысты республикалық этномәдени бірлестіктер өкілдерінің кездесуі өтті.
Алқалы жиынды ашқан Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Президент Әкімшілігі ҚХА Хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілханов «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІХ сессиясы Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бейбітшілік пен келісім саясатын дамытуға жаңа серпін берді», деп атап өтті. Сонымен бірге Ассамблея мен этномәдени бірлестіктерге жаңа міндеттер жүктеліп отырған кезеңде бейбітшілік пен келісім саясатына бағыт-бағдар көрсететін әрі тиімділігін арттыруға бағытталған мәселелерге тоқталды.
Іс жүзінде Ассамблеяға елдің жаңа имиджін және ұлттың жаңа бірегейлігін қалыптастыруға үлес қосу, Ассамблеяның тиімділігін арттыру бойынша шаралар қабылдау, қоғамдық дипломатияны дамыту, достық елшілерінің корпусын кеңейту сияқты міндеттер жүктеліп отыр. Осы орайда ҚХА мекемелері кез келген уақытта іс-қимыл кезеңдеріне дайын болуы керек.
Жиын барысында сөз алған Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин республикада этносаралық келісім мен жалпыұлттық бірлікті қамтамасыз ету комитет қызметіндегі маңызды бағыт екендігін атап өтті. Осы орайда комитетке жүктелген жауапкершілік те жоғары. Бүгінде облыстық ішкі саясат органдарының құрылымында этносаралық қатынастарды дамыту бойынша бөлімдер құрылған. Бұл өз кезегінде тіл мәселесі, жастар саясаты, үкіметтік емес ұйымдар мен ақпараттық салада өзара ықпалдастықты дамытуға мүмкіндік береді. Бүгінде этносаралық қатынастарды дамыту саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру мен Ассамблея қызметін қамтамасыз етіп отырған «Қоғамдық келісім» РММ қызметіне тоқталған директор Ербол Шәуенов биыл атқарылатын маңызды мәселелерді атап өтті.
Кездесу барысында Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары З.Кузиев, Парламент Мәжілісінің депутаты, «Барбанг» Қазақстан күрдтері қауымдастығы төрағасының орынбасары В.Нәбиев, Парламент Мәжілісінің депутаты А.Хамедов, сонымен бірге этномәдени бірлестіктердің жетекшілері ҚХА ХХІX сессиясында Ассамблеяны басқару құқығының Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтан Президент Қ.Тоқаевқа ауысуының маңызды саяси нәтиже екендігін атап өтті. Бұл қадам стратегиялық сабақтастықты, ҚХА үшін де, этностық бірлестіктер үшін де жаңа міндеттер жүктейді. Осы орайда этномәдени бірлестіктердің республикалық, аймақтық және жергілікті көшбасшылары үшін нақты бағдар ретінде жұмыс стратегиялары мен іс-шаралар жоспарлары осыған сәйкес түзетілетін болады.
Кездесуге қатысушылар этномәдени бірлестіктердің ҚХА ХХІХ сессиясының нұсқауларын жүзеге асырудағы рөлі мен міндеттеріне, халықтың өзекті әлеуметтік мәселелерін шешуге, қайырымдылық пен еріктілердің нақты жобаларын, экологиялық акциялар өткізу, өрттен зардап шеккен Риддер қаласының тұрғындарына ҚХА тарапынан көрсетілген көмек барысына тоқталды. Сондай-ақ кездесу шеңберінде этномәдени бірлестіктермен өзара іс-қимылдың өзекті тұстары, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен «Қоғамдық келісім» РММ-ның ұлтаралық қатынастар, сондай-ақ Ассамблеяның республикалық этномәдени бірлестіктермен бірлескен жобаларын жүзеге асыру мәселелері қарастырылды.
egemen.kz