Елордада Елбасы төрағалығымен ҚХА сессиясы өтеді
Бүгін елордадағы Бейбітшілік және келісім сарайында ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVII сессиясы жұмысын бастайды. Сессия «Татулық пен келісім формуласы: әлеуметтік бірлік және жаңғыру» күнтәртібімен өтеді.
Ұйымдастырушылардың ақпаратына сәйкес, Сессия жұмысына 1500-ден астам адам қатысады. Олардың ішінде бүкіл өңірлерден келген Ассамблея мүшелері мен ардагерлері, республикалық және өңірлік этномәдени бірлестіктер төрағалары, Парламент депутаттары, орталық атқарушы органдардың, саяси партиялардың, діни бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдардың басшылары, жоғары оқу орындарының ректорлары, шет мемлекеттердің дипломатиялық миссияларының, ғылыми, шығармашыл зиялы қауым және БАҚ өкілдері қатысады. Сессия соңында «Туған жерге тағзым» атты салтанатты концерт болады. Онда қазақстандық жас әншілер Ержан Максим мен Данэлия Төлешова ертең елордада өтетін ҚХА ХХVІІ Сессиясына арналған ән шырқайды. Жалпы концерт «Қазақстан - біздің ортақ үйіміз» хореографиялық композициямен басталады. Оған «Салтанат» Мемлекеттік би ансамблі, «Рухсара» би ансамблі солистері, Қ. Қожамьяров атындағы Мемлекеттік республикалық академиялық ұйғыр музыкалық комедия театры, Мемлекеттік республикалық академиялық корей музыкалық комедия театры, «Наз» Мемлекеттік би театры, «Мәңгілік» би театры және Шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің «Вайнах» ансамблі қатысады. Айта кетейік, Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVII сессиясы қарсаңында Ассамблея кеңесінің кеңейтілген отырысы ҚР Мемлекеттік хатшысы Марат Тәжиннің қатысуымен өткен еді. Шараға қатысушылар ҚХА кеңесінің қызметі бойынша бірқатар шешім қабылдады. Сондай-ақ 2019 жылғы 29 сәуірде өтетін ҚХА сессиясына дайындық пен өткізу мәселелерін талқылады.
https://www.inform.kz