Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақстанның Олимпиада құрамасы Токиоға аттанды

Қазақстанның Олимпиада құрамасы Токиоға аттанды

16 шілде күні Қазақстан олимпиадалық командасының негізгі бөлігі Жапонияға ұшып кетті. Алматыдан бірінші рейспен 128 адам ұшып Токионы бетке алды. Олардың қатарында спортшылар, бапкерлер, дәрігерлер, ғылыми-кешенді топ мүшелері, Олимпиададағы Қазақстан Миссиясының өкілдері бар, деп хабарлайды Olympic.kz.
Токиоға «Ақбұлақ» олимпиадалық базасынан каратэшілер, садақ атушылар, үстел теннисі мен семсерлесу командасы, ауыр атлеттер мен боксшылар аттанды. Өзге де жаттығу базаларынан жүзу спортының, су добы спортының өкілдері, жеңіл атлеттер, велошабандоздар, стенд ату мен нысана көздеуден құрама командалар, сондай-ақ дзюдошылар Токиоға жол тартты. 
Атлеттер екі апталық карантинде болып, соңғы жаттығу жиындарын Алматы қаласы мен Алматы облысында өткізді. Ойын қарсаңындағы соңғы күндерді спортшылар оқшаулану режимінде өткізіп, сыртқы әлеммен байланысқа түскен жоқ. 
«Біз Олимпиада ойындарына қатысушы спортшылардың қауіпсіздігіне бағытталған ХОК пен Токио-2020 ұйымдастыру комитетінің барлық талаптарын орындадық. Ұлттық олимпиадалық комитет пен ұлттық федерациялар спортшылардың сапалы әрі қауіпсіз дайындалуына бар жағдайды жасады. Біздің командадағы 96 спортшы ортақ еңбегіміздің жемісі. Спортшылар мен бапкерлерге, сондай-ақ, спорттық дәрігелерге бірлескен жұмысы үшін рахмет айтамыз», – делінген Ұлттық олимпиадалық комитетінің жазбасында. 
Делегацияның алғашқы бөлігі чартерлік рейспен Алматыдан Токиоға ұшып кетті. Осы орайда, барлық қауіпсіздік шаралары сақталған. Делегацияның аэропорт және әуекомпания қызметкерлерімен байланысқа мейілінше аз түсуі қадағалануда. Авиациялық қызметкерлердің барлығы да  екі мәрте ПТР сынақтан өтті. 
28 шілдеге жоспарланған екінші рейспен Жапонияға 43 адам жол тартады. Олардың қатарында балуандар, көркем гимнастикадан Қазақстан командасы, әртістік жүзу, бессайыс және жеңіл атлеттердің бір бөлігі бар. 
Жаттығу кезінде арнайы спорттық базаларды қажет еткен спортшылардың шамамен үштен бір бөлігі карантин мен дайындықтың ақырғы кезеңін шетелде өткізді. Олар тікелей Токионы бетке алады. 
8 шілдеден бастап Жапонияда Олимпиада ойындарындағы Қазақстан Миссиясы жұмысын бастады. Қазақстан елшілігі мен СІМ қолдауы арқылы спортшылармен кездесуге қажетті заттар мен жаттығуға керекті қосымша құрылғылардың барлығы да дайындалды. 
Олимпиада ауылындағы тіршілік те карантин талаптарына сай болмақ. Түрлі ел командаларының, әртүрлі спорт түрлеріндегі атлеттердің өзара байлансуына тыйым салынған. Олимпиадалық ауыл мен жаттығу және спорт залдарының арасындағы маршруттан ауытқуға болмайды, қоғамдық көлікті пайдалануға рұқсат жоқ. Коронавирусқа байланысты күн сайын тест тапсыру міндетті саналады. Сонымен қатар, спортшылардың жүрген орны мен денсаулық жағдайын бақылайтын бірнеше қосымшаларды ұялы телефонға орнату міндеттеледі. 
Қазақстан олимпиадалық командасының сапында 97 лицензия жеңіп алған 96 спортшы бар. 
Олимпиада ойындарының ашылу салтанаты 23 шілде күні Нұр-Сұлтан уақытымен 17:00-де Токио стадионында басталады. 

kyzylorda-news.kz
18 шілде 2021 ж. 366 0