Коронавирустың «Омикрон» штамы вирустың ең қауіпті нұсқасы екендігі туралы нақты зерттеулер жасалып үлгермесе де, ғалымдар бір ауыздан оның тез таралатынын мақұлдады. «Ауруға шалдыққандардың жағдайы ауыр болмаса да, саны рекордтарды жаңартатынын қазірден ескертеміз» дейді ғалымдар. Германия үкіметі бұл тұжырымды растап отыр. Өйткені карантинге жабылып, денсаулығына байланысты демалыс алған қызметкерлер саны күн сайын артып жатыр.
Бұл жұмыс берушілерді қазірден қынжылтып отыр. Өйткені демалысқа кетіп, ауруханаға түскен қызметкерлер саны артса, жұмыс күші кемиді. Өндіріс қарқыны сөзсіз тежеледі, тіпті тоқтап қалу қаупі жоғары.
ГФР-дың жаңа үкіметіне қарасты сарапшылар кеңесі «Омикрон» нұсқасының жедел таралуынан төніп тұрған пандемияның бесінші толқынына қатысты болжамымен бөлісті. Желтоқсанның аяғына қарай жарияланған құжатта инфрақұрылымға да қауіп төніп тұрғаны туралы айтылған. Яғни сарапшылар ауруханалар, полиция бөлімшелері мен құтқару қызметтері, қоғаммен байланыс мекемелері, электр энергиясы, сумен қамтамасыз ету желілері мен логистика жұмыстарын үлкен тәуекелдер күтіп тұрғанын хабарлайды.
Бұл құжат халық назарына ұсынылғаннан кейін Германиядағы бірқатар кәсіпорын мен бірлестіктер қызметкерлері жаппай ауырған жағдайда қандай шаралар қабылдайтынын ортаға салды. Олар негізге Ұлыбританиядағы жағдайды мысалға алғанын да жасырмады. Өйткені Ұлыбританияда «Омикрон» вирустың ең кең таралған түріне айналып, жұмыс күші тапшылығына алып келді. Мәселен, жақында пойыздар жұмысы тоқтауға мәжбүр болды.
Германиядағы кәсіпорындар енгізген алғашқы ереже – қызметкерлер арасындағы байланысты азайту. Яғни кезекшіліктегі жұмысшылар кезектері ауысқанда бір-бірімен мейлінше азырақ байланысуы қажет. Осылайша, жұмыс топтары арасында инфекция таралуын тежеуді көздеп отыр. Одан бөлек кезекті тапсырушы мен қабылдап алушы қызметкер FFP2 сияқты қорғанысы мықтырақ бетперде тағуы тиіс. Әлеуметтік арақашықтықты сақтауға міндетті. Кәсіпорындар қызметкерлері вирусты анықтау үшін күнделікті тест тапсырады. Осылардың барлығы компания қаражатынан өтеледі.
Германиядағы электр энергетикасы бойынша алпауыт E.on компаниясы «дағдарысқа арналған жоспарын» әзірлеп қойғанын да хабарлады. Жоспарда компания қызметкерлерін жұмыс орнына көшіру де қарастырылған. Көшіру арқылы үйде, жолда инфекция жұқтыру қаупін азайтамыз деген ойды алға тартады. Аталған компания қызметкерлерінің 80-90 пайызы вакцина салдырғанын ескерген жөн.
Тамақ өнеркәсібі де үлкен қауіптің алдында. Германия тамақ өнеркәсібі бірлестігі қауіпсіздік шаралары толықтай сақталатынын хабарлады. Олар да «Омикрон» нұсқасының таралуын тежеу үшін бірқатар шара қабылдаған. Қаржы секторы да дағдарысқа дайын. Бұған дейін де елдегі қаржы секторы қызметкерлерін әртүрлі қалаларға жібергені хабарланған еді. Пандемия бір нүктеде өршісе, екінші, үшінші қалалардағы қызметкерлер оларды ауыстыра алуы үшін осындай қадамға барған. Енді ескі жоспар жаңартылып, сақтық шаралары одан да күшейтіледі дейді.
Мұндай жоспарлар мен шараларды сынаушылар да табылуда. Өйткені «Омикронның» жедел таралуын аса үлкен қауіп деп санамайтындар тобы да бар. Мәселен, Der Spiegel басылымы белгілі бір профессордың «Омикроннан» қауіптенудің қажеті жоқ деген мақаласын жариялады. Ғалым вирустың бұл штамы небәрі үш миллионға жуық адамнан анықталады, сондықтан үрейленудің қажеті жоқ деген ой айтады.
egemen.kz