Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » "Омикрон" штамы "Дельтаға" қарағанда әлдеқайда жұқпалы

"Омикрон" штамы "Дельтаға" қарағанда әлдеқайда жұқпалы

Әлем коронавирус инфекциясының жаңа "Омикрон" штамы жайлы дабыл қағып жатыр. Оның адам ағзасына әсері, таралу күші, оған қарсы вакцинаның тиімділігі жайлы әзірге ақпарат аз.
Жаңа штамның техникалық атауы – B.1.1.529. Алғашқы анықталған үлгілерді GISAID базасына жүктегенде ұқсас изолят Оңтүстік Африкадан келген Гонконгтегі науқастан табылған. Вирус геномында алпыстан астам мутация бар, оның 32-сі – S ақуызда. Басқа нұсқаларға қарағанда мутация көп болғандықтан адамдар "Омикронның" тез таралуынан қауіптеніп отыр. Осының әсерінен оның жұқпалылығы мен антиденелерге қарсыласу қабілеті жоғары болуы мүмкін. Көбінесе 20-30 жас аралығындағы азаматтарға жұғады. Бұдан өзге осы штаммен ауырып шыққан азаматтарға қайта жұғу қаупі бар.
Жақында Дниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мутация санының көптігінен бұл нұсқаны "алаңдатарлық штамм" деп бағалады. Алдын ала деректер басқалармен салыстырғанда "Омикрон" штамының таралу қаупі жоғары екенін көрсетеді. Оңтүстік Африканың барлық провинциясында "Дельта" штамына қарағанда "Омикронды" жұқтыру деректері артып отыр. .

Вакциналау және иммунизациялау комитетінің мүшесі және профессор Адам Финн оңтүстікафрикалық науқастардың белгілерін талдай отырып, "омикрон" штамында дәм мен иіс сезу жоғалмайтынын, бірақ шаршау, жүрек қағысының жиілеуі байқалатынын атап өтті. "Дельтаға" қарағанда "Омикрон" басқа да белгілер тудыруы мүмкін деген болжам бар. Жөтел, дене қызуы, дәм мен иіс сезбеу назар аударатын әдеттегі белгілер болып қала береді.

Бұл штамм Қазақстанда әзір анықталған жоқ. Коронавирустық инфекцияның "Омикрон" штамының пайда болуына байланысты оны республика аумағына әкелуге жол бермеу мақсатында ведомствоаралық комиссияда 3 желтоқсаннан бастап шектеу шараларын енгізу туралы шешім қабылдады. Шетелден келетін адамдар үшін екпесі бар-жоғына қарамастан міндетті ПТР тестілеудің бар болуын енгізу және "Омикрон" штамы анықталған елдерден келген адамдар ПТР нәтижесіне қарамастан 7 күнге үй карантинге оқшаулануы тиістігін атап өтті.
Бұл жаңа штамм болғандықтан қолда бар вакциналардың қалай әсер ететіні жайлы зерттеу жоқ. Еурокомиссия мәліметінше, коронавирустың жаңа нұсқасын зерттеу үшін ғалымдарға шамамен үш апта уақыт қажет. Алайда Moderna компаниясы жаңа штамға қарсы қуатты вакцина әзірлеуді бастап кетті.
Оңтүстік Африкада ауруханалар белгілері қауіпті жастарды көптеп қабылдап жатыр, бірақ олардың басым бөлігі вакцина алмаған не бір дозасын ғана алғандар. Яғни, ревакциналау мен екі дозасын алу Covid-19 нұсқаларынан туатын аурулардан қорғанудың жақсы әдісі болып қала береді.
"Толқын" ақпарат
04 желтоқсан 2021 ж. 434 0