Цифрлы құқығымызды жариялау
БРЮССЕЛЬ. Бизнеспен айналысуға, оқуға, дүкенге баруға, байланыста болуға, серіктес табуға немесе отбасымен, достармен уақыт өткізуге интернет керек екенін анықтау үшін пандемия қажет емес. Бірақ пандемия онлайн тәжірибені қалыптастыруға талпынғанда оны дұрыс жүргізу керек екенін еске салды. Цифрлы әлемді қалай басқаратынымыз кім екенімізді көрсетеді.
Бірақ оны қалай басқара аламыз? Біріншіден, қандай нәтижеге қол жеткізуден үмітті екенімізді анықтауға көмектеседі. Мысалы, адамдардың арзан интернет желілеріне қол жеткізгенін, технологияны пайдалануды меңгергенін қалаймыз. Қандай деректерді бөлісіп, оны қашан және кімге сеніп тапсыратынымызды таңдағымыз келеді. Планшеттерімізді жасауда бөлінген көміртегі газы туралы біліп, бөліскен видеоларымызды көргіміз келеді. Офлайн өмірдегідей, желіде де қорғалғымыз, сол секілді мәліметтерімізді керек кезде өшіріп тастағымыз келеді.
Еуропадағы және әлемнің қалған бөлігіндегі әрбір адам осы негізгі принциптерге сүйене алуы керек. Әрбір адам бұл құқықтардың бар екенін және қорғауға лайық екенін білуі тиіс. Мемлекеттер мен Еуропалық парламент мүшелерінен бөлек, Еуропалық одаққа мүше 27 елдегі тұрғындардың 82 пайызы Еуропалық комиссияның цифрлы құқықтар мен принциптердің ортақ шеңберін анықтап, ілгерілетуін қалайтынын айтады.
Осылайша, біз дәл күткендегідей жоба жасадық. Комиссияның өткен айдың соңында жарияланған цифрлы құқықтар мен принциптер туралы декларациясы адамды бірінші орынға қояды. Цифрлы саясат адамға бағытталған және ешкімді назардан тыс етпейтіндей жасалуы керек. Цифрлы технологиялар әлеуметтік, экономикалық және саяси өмірде барған сайын маңызды рөл атқарып жатқан кезеңде бәріне тең қарайтын, құқықтарымыз бен құндылықтарымызды құрметтейтін қауіпсіз құралдарды қалайтынымыз анық.
Осы көзқарасқа сүйене отырып, ұсынылған қағидаттар мен құқықтарымызды алты тарауға топтадық. Біріншіден, технологияның арнайы мақсаты болу керек. Цифрлы транзиттің қақ ортасында тұрған бізге, яғни адамзатқа қызмет етуге тиіс. Өзіміздің қауіпсіз екенімізді және негізгі құқықтарымыз сақталатынын біле отырып, талпынысымызды жүзеге асыра білуіміз керек.
Екіншіден, әлеуметтік ынтымақтастық маңызды. Әр адам өзін тиесілі сезіне алуы керек, сондай-ақ цифрлы өмірдің пайдасын көруі қажет. Сондықтан біз ұсынған алаң цифрлы білім беруді, желіге қосылу мүмкіндігін және цифрлы мемлекеттік қызметтер бойынша міндеттемелерді қамтиды. Еуропалық одақтағы цифрлы медициналық көмекке сенімді түрде қол жеткізу де (бұл пандемия кезінде көп көмектескен еді) осыған кіреді.
Үшінші тарауда таңдау еркіндігіне назар аударылады. Жасанды интеллект технологиялары адамдардың шешімдерін алдын ала анықтамауға тиіс. Алгоритмдер ашық болуы керек және деректер үлгілері мүмкіндігінше бейтарап жиналуы қажет. Бұл принциптер құқықтарымыз бен жеке ұстанымымызға ғана емес, сонымен бірге денсаулығымыз бен қауіпсіздігімізді де қорғау үшін қажет.
Төртіншіден, цифрлы қоғамдық салаға халықтың кеңінен қатысуын қамтамасыз еткеніміз жөн. Бұл сөз бостандығын немесе заңсыз мәтін немесе жалған ақпараттан қорғайтын ережелер арқылы демократиямызды сақтаудың маңызын көрсетеді. Онлайн ақпараттық экожүйенің қиял әлемін қалыптастырып, бөліну мен полярлануға әкелмей, оның орнына демократиялық пікірталас тудырғанын қалаймыз. Адамдар өздері білетін тілде түрлі ақпарат көздеріне қол жеткізуі керек.
Бесіншіден, қауіпсіздік, қорғаныс және мүмкіндік құқығын кеңейту өте маңызды. Әрбір адам кибершабуылдарға ұшырамайтын және пайдаланушының жеке өмірін қорғауға арналған цифрлы технологияларға, өнімдерге және қызметтерге қол жеткізуі керек. Біз, әсіресе, балаларымызды интернет арқылы жасалатын немесе оның көмегімен жасалатын қылмыстардан қорғауымыз керек.
Соңғы басымдық – тұрақтылық. Біз пайдаланушылардың технология мен қоршаған орта арасындағы байланысқа қатысты ақпаратқа қол жеткізуін қамтамасыз етіп, климатты қорғау жөніндегі мақсаттарға жол ашатын технологияларды ілгерілетуіміз қажет. Бақытымызға орай, цифрлы технологиялар инновациялық бизнес-модельдерді, тиімді қызметтерді және ресурстарды жақсы басқаруды қамтамасыз етеді. Осы арқылы парникті газдар шығарылымын айтарлықтай қысқартуға көмектеседі.
Қысқасы, біздің декларация еуропалықтардың күнделікті өміріндегі ең маңызды мәселелерді қамтиды. Мүмкіндіктерді кеңейту, қатысу, қолжетімділік, ресурстарды пайдалану және қауіпсіздік секілді салалар ескерілген. Құжат технологияны адамдарды бөлетін емес, біріктіретін құрал ретінде қолдануға мүмкіндік береді. Осы қағидаттар мен құқықтарды тұжырымдай отырып, цифрлы транзит жоспарына нақты анықтама бере аламыз. Бұл жаңа бастамаларды дамытатын саясаткерлер және жаңа технологиялармен жұмыс істейтін бизнес үшін алғашқы қадам.
Цифрлы қағидаларымыз арқылы еуропалық стандартты орнатуға талпынамыз. Осылайша, бүкіл әлемге ортақ ережелердің алғышартын қалыптастырудан үміттенеміз. Деректерді және тұтынушылардың құқықтарын қорғау секілді мәселелерде көшбасшылық танытқанымыз секілді. Көптеген халықаралық серіктесіміз осындай пікірталастар өткізіп жатыр. Таяуда Вашингтонда (Колумбия округі) көзқарасымызды талқылағанымда оның Америка Құрама Штаттарындағы цифрлы құқықтар туралы заңда айтылған мәселелермен өте ұқсас екенін байқадым.
Оған лайық баға беру үшін декларацияға осы көктемде Еуропалық парламент, Еуропалық кеңес және Еуропалық комиссия президенттері қол қойғанын қалаймыз. Сондай-ақ оны Еуропалық одақтың 2030 жылғы цифрлы мақсаттарына жетудегі ілгерілеудің жыл сайынғы мониторингіне қосуды жоспарлап отырмыз. Бұдан бөлек жыл сайын еуропалықтарға цифрлы мәселелер мен оның басымдықтары туралы кеңес береміз.
Бірнеше ай бұрын еуропалықтар арасында сауалдама жүргізген кезде оның сегізі цифрлы құралдардың кемшілігінен артықшылығы көп деген жауап берді. Бірақ респонденттердің айтарлықтай бөлігі (40 пайызға жуығы) олардың офлайн режіміндегідей негізгі құқықтары (сөз бостандығы, жеке өмірге қол сұғылмаушылық, кемсітпеу) бар екенін білмеді.
Консультацияларымыз дәл мәселені қозғағанымызды көрсетіп отыр. Қоғамымыз цифрландырылған сайын құқықтарымыз туралы хабардар болып, оның онлайнда сақталуын жақсарту қажет. Цифрлы құқықтар мен принциптердің декларациясы басты көзқарасымызға айналуы керек. Цифрлы транзит адамға бағытталған көзқарас ретінде баршасының негізі болуы керек. Бұл соншалықты қарапайым мәселе. Негізгі құқықтарды желіде де, офлайн режімінде де құрметтеу маңызды.
Маргрете ВЕСТАГЕР,
Еуропалық комиссияның атқарушы вице-президенті
Copyright: Project Syndicate, 2022.
www.project-syndicate.org
egemen.kz