Visa мен Mastercard Ресейде жұмысын тоқтатады
Visa және Mastercard 5 наурызда Ресейде жұмысын тоқтататынын мәлімдеді. Екі компания санкцияларды қолдай отырып, ресейлік банктер шығарған карталар бойынша қызметін тоқтатады, деп хабарлайды Egemen.kz РИА Новости порталына сілтеме жасап.
Mastercard корпорациясы ресейлік банктер шығарған карталарды Mastercard желісі бұдан былай қолдамайды деген мәлімдеме жасады.
Сонымен қатар, Ресейден тыс жерде шығарылған Mastercard карталары Ресей аумағында жұмыс істемейді.
«Біз Ресейге қызмет ұсынуды тоқтата тұруды шештік», делінген хабарламада.
Компания заң бойынша шектеулер болмаған жағдайда және олар орынды деп тапқанда Ресейде жұмысын қайта бастайтынын мәлімдеді.
Осыған ұқсас мәлімдемені Visa компаниясы да жасады.
Ал Сбербанк халықаралық төлем жүйелерінің Ресейдегі жұмысын шектеуі Сбербанк Visa және Mastercard карталарының ішкі жұмысына әсер етпейтінін хабарлады. Бірақ шетелде және шетелдік интернет-дүкендерде ресейлік Visa және MasterCard карталарынан төлем жасауға шектеу болады.