Қазақстан-Польша қарым-қатынасына – 30 жыл
Қазақстан Республикасы мен Польша Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 30 жыл толды.
Айтулы оқиғаға орай екі мемлекеттің басшылары Қасым-Жомарт Тоқаев пен Анджей Дуда, сондай-ақ Қазақстанның Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді мен Польшаның Сыртқы істер министрі Збигнев Рау өзара құттықтау хаттармен алмасты.
Нұр-Сұлтан мен Варшавада мерейтойлық күнге орай Қазақстан мен Польшаның сыртқы істер министрліктерінде ресми кездесулер өтті. Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Польша елшісі Селим Хазбиевичті, ал Польша Сыртқы істер министрінің орынбасары Марчин Пшидач Қазақстан елшісі Әлім Қирабаевты қабылдады.
«Тарихи тұрғыдан осындай қысқа мерзім ішінде екі ел арасындағы әріптестік жылдан-жылға нығайып және жан-жақты кеңейіп, бүгінде биік деңгейге жетті. Бұған екіжақты және көпжақты форматтағы өзара қолдаумен қатар, жаһандық сын-тегеуріндер аясындағы күрделі сәттерде көрініс тапқан өзара көмек пен ынтымақтастық дәлел болып табылады», деп атап өтті Р.Василенко.
Қазақстандық дипломат Украинада әскери іс-қимылдар басталғаннан бері Польша Үкіметінің Қазақстан азаматтарын елге қайтару үшін көрсеткен зор көмегіне алғыс білдірді. Атап айтқанда, Польшаның Катовице қаласындағы әуежайынан жеті эвакуациялық рейс ұйымдастырылып, жалпы алғанда 700-ден астам адам Қазақстанға оралды.
Дипломаттар алдағы жылдары жан-жақты ынтымақтастық саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салаларда одан әрі кеңейе беретініне сенім білдірді. Екі ел арасында жоғары және үкіметтік деңгейде тұрақты байланыстар орнатылғанын, сондай-ақ парламентаралық диалогтың қарқынды даму серпінін атап өтті.
Тараптар сауда-экономикалық және инвестициялық байланысқа ерекше тоқталды. Польша – Қазақстанның Еуропалық одақ елдері арасындағы сегізінші ең ірі сауда әріптесі. 2021 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 760,4 млн доллар болған, ал 2005-2021 жылдар аралығында Польшадан Қазақстан экономикасына тартылған тікелей инвестициялардың көлемі 272,6 млн долларға жеткен.
Қазақстан мен Польша арасында энергетика, жасыл технология, көлік және логистика, электронды сауда, қаржы технологиялары, туризм, агроөнеркәсіптік кешен сияқты салаларда бірлескен перспективалық жобаларды дамытуда әлеует бары айтылды.
egemen.kz