Ауғанстандағы тұрақсыздық алаңдатады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Мәскеуде өткен Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының мерейтойлық саммитіне қатысты.
Жалпы, осыдан 30 жыл бұрын аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде әуелі қауіпсіздік туралы шарты жасалған болатын. Соның нәтижесінде ол ҰКШҰ-ға айналған еді. Бұл ұйымның ең басты қағидаттары – аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, заңсыз көші-қон мәселесі, есірткі және қару-жарақ тасымалдау, экстремизмге қарсы күрес. Осы қауіп-қатерлердің алдын алу мақсатында ҰҚШҰ мүшелері бірлескен оқу-жаттығулар өткізіліп келеді.
Қазіргі таңда ұйымның назары Орталық Азия мемлекеттеріне қатер төндіріп тұрған Ауғанстандағы тұрақсыздыққа ауып тұр. Осыдан 5-6 жыл бұрын Сириядағы қақтығыста ДАИШ террорлық ұйымының Ауғанстан шекарасы арқылы Орталық Азияға өту қаупі төнген еді. Ауғанстан үкіметіне талибандар келгенімен бұл елде әлі де тұрақтылық орнай қойған жоқ. Соның салдарынан әлі күнге дейін Орталық Азия мемлекеттерінің қауіпсіздігіне төнген қауіп сейілмей тұр. Мәскеуде өткен саммитте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселеге баса назар аударуды ұсынды.
Сонымен қатар жиында Қазақстан Президенті бітімгершілік күштері туралы мәселені де көтерді. Еліміздегі қаңтар оқиғасы кезінде Қазақстанның шақыруымен ҰҚШҰ-ның бітімгерлік күштері стратегиялық нысандарды қорғаған болатын. Алдағы уақытта олардың құқықтық дәрежесін көтеру, яғни бітімгершілерді БҰҰ-ның бітімгершілік қызметімен байланыстыру міндеті күн тәртібіне қойылып отыр. Бұл – қазіргі таңдағы ең өзекті мәселенің бірі. Сонымен қатар Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі басты мақсаты Ауғанстанда тұрақтылық орнату, соған ықпал ету болып табылады. Сол себепті Қазақстан Президентінің ұсынысы ерекше назар аударарлық.
egemen.kz