Мұнайдың әлемдік бағасы төмендеді
Жұма күнгі таңертеңгі сауда-саттықта Brent маркалы мұнай бағасының баррелі 119,68 долларға дейін төмендеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Анадолу агенттігіне сілтеме жасап.
17 маусымда таңғы сағат 09.42-дегі жағдай бойынша элиталық мұнай маркасының бағасы 0,11 пайызға – баррелі 119,68 долларға дейін төмендеді. WTI маркалы мұнай фьючерстерінің құны барреліне 117,33 долларды құрады. Бағаның төмендеуіне әлемдік мұнайға деген сұраныстың төмендеу қаупі ықпал еткен.
Сәрсенбіде АҚШ Федералды резервтік жүйесі (ФРЖ) 28 жыл ішінде алғаш рет федералды несие бойынша мөлшерлемені 75 базистік пунктке көтерді. АҚШ-тың Қытай мен БАӘ-де орналасқан компанияларға Ираннан мұнай экспорттауға көмектескені үшін санкциялары бағаға ықпал еткен.
АҚШ Қаржы министрлігі бір күн бұрын Иранға қарсы санкцияларды айналып өтуге көмектескені үшін Қытай мен БАӘ-дегі Triliance Petrochemical Co. Ltd және Petrochemical Commercial Company компанияларына қатысты шектеулер енгізді.