Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Германия төрткүндік жұмыс аптасын сынақтан өткізуде

Германия төрткүндік жұмыс аптасын сынақтан өткізуде

Қыркүйектен бастап неміс компаниялары экспериментке қатысуға өтінім бере алады: оның 50-ден астамы таңдап алынып, төрткүндік жұмыс аптасына көшуге қатысты кеңес беріледі. Олар мұндай режимде 2024 жылдың ақпанынан бастап жарты жыл жұмыс істейді. Қызметкерлердің жалақысы өзгермейді, тәжірибеге көлемі әртүрлі компаниялар қатыса алады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Deusche Welle басылымына сілтеме жасап.

Бұл, Германиядағы ең ірі эксперимент болғалы тұр. Мұнда жұмыс уақытын қысқарту өте қиын. Аустралия, Исландия мен Ұлыбритания осындай үлгіні сынақтан өткізіп жатқанда Германияның бірқатар кәсіпкері мен саясаткерлері мұндай тәсіл тиімсіз екенін, экономиканы құлдырататынын айтқан болатын. Шын мәнінде қалай болатынын енді тексеріп көруге мүмкіндік бар. Intraprenör консалтинг компаниясы мен Мюнстер университетінің ғалымдары тесттен кейін тәжірибе нәтижелеріне баға береді.

Айта кетсек, Ұлыбританияда өткізілген осыған ұқсас тест төрт күн жұмыс істейтіндердің бес күн істейтіндерге қарағанда өміріне көңілі толатынын және дені сау екенін көрсеткен. Мәселен, олар ауырғанына байланысты демалысты сирек алады. Экспериментке қатысқан британдық компаниялардың табысы шамамен 1,4 процентке артқан. Осы үлгіні сынақтан өткізген 10 компанияның 9-ы ары қарай осы тәсілді жалғастыра беруді шешті.
04 қыркүйек 2023 ж. 185 0