Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Майкл Пенс АҚШ президенттігі үшін күресті тоқтатты

Майкл Пенс АҚШ президенттігі үшін күресті тоқтатты

Американың бұрынғы вице-президенті Майкл Пенс ел президенттігіне үміткер ретінде сайлауалды науқанға қатысуын тоқтатты. Бұл туралы ол Лас-Вегаста (Невада штаты) сөйлеген сөзінде мәлімдеді, деп хабарлайды Кazinform агенттігі ТАСС-қа сілтеме жасап.

Тікелей трансляцияны C-SPAN телеарнасы жүргізді.

    «Ел бойынша соңғы алты айдағы сапарларымнан кейін осында келесіні айтуға ат басын тіреп тұрмын: әзірге менің уақытым келмегенін түсіндім. Бүгіннен бастап президент сайлауындағы кампаниямды тоқтату шешімін қабылдадым», – деді М.Пенс.

Ол 2024 жылы өтетін АҚШ президентін сайлауға Республика партиясынан түсуге талпынған болатын. Аталған лауазым үшін күреске маусым айында кіріскен еді.

Әлеуметтік сауалнама нәтижесіне сүйенсек, Майкл Пенс дауыс берушілердің басым дауысына ие бола алмады. Республика партиясынан Америка президенттігіне үміткерлер арасындағы фаворит – экс-президент Дональд Трамп. Оның қарсыластары қатарында Флорида штатының губернаторы Рон Десантис, БҰҰ жанындағы АҚШ-тың экс-тұрақты өкілі Никки Хейли, Оңтүстік Каролина штатынан сенатор Тим Скотт, кәсіпкер Вивек Рамасвами бар.

М.Пенс Дональд Трамп әкімшілігінің вице-президенті қызметінде 2017-2021 жылдар аралығында болды.

29 қазан 2023 ж. 1 072 0