Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Әлемнің ең кішкентай адамдары қалай тіршілік етіп жүр?

Әлемнің ең кішкентай адамдары қалай тіршілік етіп жүр?

Біз бәріміз бір атадан тарап, әр алуан айырмашылыққа ие болғанбыз. Ал қалай пайда болғаны ең үлкен құпия халық — пигмейлер. Олар әлемнің ең кішкентай адамдары. Пигмейлер (грек. жұдырықтай деген мағына береді) — Орталық Африкадағы халықтар тобы.

Жалпы саны 300 мыңнан астам. Антропология жағынан орталық африкалық нәсілге жатады. Пигмейлердің бойы аласа (144 — 150 см), түстері ашық қоңырқай, талпақ танау, бұйра шашты, жұқа ерінді, кеуделі, аяқ-қолдары қысқа болып келеді. Банту тілдері тобындағы бірнеше тілде сөйлейді. Негізгі кәсіптері — аңшылық, терімшілік және балықшылық. Дәстүрлі қару-жарағы — садақ. Аласа күрке үйлерде тұрады. Аңшылық, батырлық сюжеттерге негізделген ауыз әдебиеті сақталған.
Олардың ішінде де өздерінің ергежейлілері бар. Бұл Конгодағы Итури провинциясының орман-тоғайын мекендейтін мбути тайпасы. Бұл африкалық тайпадағы еркектердің бойының ұзындығы 140 см, ал әйелдерінің бойы — 130 см жетуі сирек жағдай. Өздерінің физикалық дене құрылысы бойынша мбути тайпасының пигмейлері — негроид типті адамдар.

Олардың заманауи өркениеттен еш хабары жоқ деуге болады. Олардың бар білетіні күн көріс қамы ғана. Ал көрген-білгендерінің өзі — діндерінің басқа африкалық тайпалармен қан тұрғыда араласып кетуіне тыйым салуы мен аман қалу үшін жиған тәжірибелері.

Ғалым-медиктер ол тайпаны тексеріп көріп, аласа бойлы болу — мбути тайпасы үшін қалыпты жағдай екенін анықтаған. Тайпа мүшелерінің бойдың өсуін тежейтін ешқандай ауру-сырқаулары жоқ. Тамақтану арқылы болуы мүмкін сыртқы кері әсер етуші факторлар да жоқ. Бұл пигмей тайпасының жейтін тағамы экологиялық тұрғыда таза  — жеміс-жидек, саңырауқұлақ, жаңғақ, жеуге жарамды өсімдік тамырлары, жабайы аңдардың еті, балық. Пигмейлер диқаншылықпен және мал шаруашылығымен айналыспайды.

Терімшілікпен және аңшылықпен табылған ішіп-жем сол күні-ақ тамаққа айналады. Ертесі күні қайтадан ішерге ас іздеу керек. Олардың икем-дағдылары  — от жаға алу, таяқ-сырықтар мен ірі жапырақтардан баспана тұрғызу. Аңшылық қылу кезіндегі икем-машығы — аңға бұқпантайлап жақындай алу. Ірі аң-құсты үшкір болуы үшін ұшын отқа салып күйдірген ағаш сүңгімен өлтіреді. Кішігірім аң-құсты садақпен атады, таяқпен ұрады немесе қолмен-ақ ұстап алады. Балықты улы өсімдіктермен уландырып, олар есі кіресілі-шығасылы болып су бетіне шыққан кезде қолмен ұстап ала береді.
Құндылық дегеннен — өсімдіктерден жасалған белге орайтын лыпа түріндегі «киім» мен кей кездері сирек келетін туристер мен саяхатшылар беретін матадан тігілген киімдері ғана.

Ғалымдар тобы көп уақыт бойы пигмейлердің аласа бойлы болуы олардың адам жүріп болмайтын ну джунглилерде тұратынынан деп ойлап келді. Аласа бойлы болу лиандар мен құлап жатқан ағаштардың арасымен жылдам жүріп-тұруға ыңғайлы-мыс.

Пигмейлердің күнделікті тұрмысы да қызық. Нақты бір «басшылық» жоқ. Бірақ атқарылатын міндеттер жасына және жынысына қарай бөлінеді. Күндіз табылған немесе ауланған тамақтың бәрі адамдардың жасына және тамақ ішу қажеттілігіне байланысты таратылып беріледі. Бөліс кезінде әркімнің тайпаның игілігіне қосқан жеке «үлесі» де ескеріледі.
Пигмейлердің өмірінің орташа ұзақтығы — 40 жасқа жуық. Олардың өміріне төнетін негізгі қатер — аңдар мен жыландар.
timepress.kz
25 ақпан 2019 ж. 2 336 0