Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қытайда былапыт сөйлеу қылмыспен тең

Қытайда былапыт сөйлеу қылмыспен тең

Әлемнің бірқатар елінде құқық бұзғандарға жаза қатаң. Мысалы, Сингапурда қоғамдық орында сағыз шайнауға тыйым салынған. Еуропаның кейбір елдері жүргізушіге өз көлігінде ұйықтауға рұқсат бермейді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі 24KZ телеарнасына сілтеме жасап.
Еуропада заң бұзғандарға жаза қатаң
Кәрі құрлықта қоғамдық тәртіпті сақтауға талап қатаң. Әсіресе жол қозғалысына. Мысалы, Францияда түнде автомобиль ішінде түнеуге тыйым салынған. Бұл қоғамдық тыныштықты бұзумен тең. Алдымен заңбұзушыға ескерту жасалады. Әрекет қайталанса, кемі 820 мың теңге айыппұл төлетеді. Қала ішінде жылдамдықты сағатына 20 шақырымнан асыру да заңға қайшы. Ал бізде орташа есеппен 60. Мұндай тыйым Еуропаның біраз елінде бар. Италия, Германия және Нидерландта жылдамдықты, тіпті 10 шақырымнан асырған жүргізуші айыппұл арқалайды. Қоғамдық орындарда қоқыс тастап, шылым шегу де заңмен шектелген.

Франция - 37 000 теңге

Италия - 23 000-94 800 теңге

Испания - 54 800 теңге

Германия - 16 440 теңге

Нидерланд - 38 300 теңге
Сингапурде сағыз шайнау заңсыз

Сингапур айыппұл елі саналады. Кез келген ұсақ құқықбұзушылықтың өзіне ірі көлемде айыппұл қарастырылған. Қоғамдық орындарда шылым шегіп, қоқыс тастау былай тұрсын, сағыз сатып, импорттау, тіпті шайнау да заңсыз. Ережені елемегендерге, яғни қоғамдық орында сағыз шайнағандар 385 мың теңге айыппұл төлеуге міндетті. Қайталанған жағдайда төлем еселеп артады.
Қытайда былапыт сөйлеу қылмыспен тең

Қытайда мұғалім, дәрігер сияқты қоғамға қызмет жасайтын мамандарды қорлау қылмыспен тең. Егер заңбұзушы әлеуметтік желіде кісінің шамына тиетін сөз жазса, 10 күнге дейін қамауға алынады. Ал мұғалімді көпшіліктің алдында қорлап, тіл тигізсе, жағдай тіпті қиын. Қылмыстық іс ретінде қаралып, 3 жылға дейін бас бостандығынан айырады. Көшеде түкіргендерге жаза - 46 мың теңге. Өзбекстанда да айыппұл көлемі үлкен. Көшеде түкіріп, қоғамдық орындарда темекі шеккендерге 46 мың және 138 мың теңге аралығында айыппұл қарастырылған. Ал бізде 19 мың теңге.

Сурет: ашық дереккөз 
22 желтоқсан 2024 ж. 36 0