Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Парижде аптап ыстық салдарынан Эйфель мұнарасы уақытша жабылды

Парижде аптап ыстық салдарынан Эйфель мұнарасы уақытша жабылды

Францияда күшейген аптап ыстықтың салдарынан Париждегі Эйфель мұнарасының жоғарғы бөлігі келушілер үшін уақытша жабылды. Бұл туралы мұнара әкімшілігі мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ Le Parisien басылымына сілтеме жасап.

Елде ауа температурасының +40°C-қа дейін көтерілуіне байланысты Франция билігі "қызыл" метеоқауіп деңгейін жариялады. Қауіптің ең жоғары деңгейі Париж қаласын қоса алғанда, 15-тен астам департаментте сақталып отыр.

Ауа райының күрт өзгерісі ел бойынша бірқатар әлеуметтік және инфрақұрылымдық қызметтердің жұмысын қиындатты. Париж, Тулуза және Лимузен арасындағы теміржол қатынасы уақытша тоқтатылып, Ардеш пен Дром департаменттерінде 5000-нан астам үй жарықсыз қалды. Қауіпсіздік мақсатында Франция аумағында 1300-ден астам мектеп жабылғаны хабарланды.

Аптап ыстық тек Франциямен шектеліп жатқан жоқ. Жылу толқыны Испания, Германия, Италия және Швейцарияға да таралды. Швейцария Альпісінде дауыл туралы ескерту жарияланып, Ұлыбританияда +34°C дейінгі температура болжанып отыр. Синоптиктер 2 шілдеден бастап Еуропада температура біртіндеп төмендей бастайтынын хабарлады.

Мамандардың айтуынша, қазіргі аптап ыстық электр желілерінің тұрақты жұмыс істеуіне, сондай-ақ денсаулық сақтау саласына айтарлықтай қауіп төндіруі мүмкін.

Фото: baq.kz
02 шілде 2025 ж. 49 0