Францияда аптап ыстықтан екі адам қаза тапты
Францияда Еуропалық бөліктің көп бөлігін қамтыған аптап ыстықтан екі адам көз жұмды. Бұл туралы Францияның Экологиялық ауысу министрі Аньес Панье-Рюнаше Парижде өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп хабарлайды ТАСС.– Ыстықтан денсаулығы нашарлап, соның салдарына тікелей байланысты екі өлім жағдайы тіркелді, – деді министр.
Оның айтуынша, тағы 300-ден астам адамға құтқарушылардың шұғыл көмегі қажет болған.
Министрдің мәлімдеуінше, биылғы маусым айы Францияда метеобақылау тарихындағы ең ыстық айлардың бірі болды – тек 2003 жылы орташа температура бұдан жоғары болған. Алдағы күндері елдің солтүстігі мен солтүстік-батысында ауа температурасы біртіндеп төмендейді деп болжанып отыр.
30 маусым күні Францияның Ұлттық метеорологиялық қызметі – Meteo France елдің Еуропалық бөлігіндегі 16 департаментте, соның ішінде Парижде де 1 шілдеде ауа райының ең жоғары қауіптілік деңгейін жариялады. Алдын ала мәлімет бойынша, кейбір елді мекендерде ауа температурасы 41 градусқа дейін жеткен, ал Парижде ең жоғары көрсеткіш – 39 градус.
Ақпарат көзі: kaz.inform.kz
Фото: kaz.inform.kz










