Еуропада миллиондаған адам аптап ыстықтың жаңа толқынына тап болды
Еуропаның бірқатар елінде ауа температурасы 35 градус және одан жоғары көтеріліп, аптап ыстық орман өрттері мен құрғақшылыққа ұласып жатыр13 тамызда Франция, Италия, Испания және Ұлыбритания тұрғындары аптап ыстықтың жаңа толқынын бастан өткерді. Кей елдерде ауа температурасы 35 градустан асса, Францияның жекелеген аймақтарында 42,5 градусқа дейін жетті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Euronews хабарлауынша, Францияның Шатомеян қаласында 42,5 градус тіркелсе, Парижде ауа температурасы 38 градусқа көтерілген. Италияда аптап ыстық шамамен 29 млн адамға, Испанияда 25 млн адамға әсер етті. Ұлыбританияда температура 36 градусқа дейін жетіп, биылғы жаз ел тарихындағы ең ыстық жаз болуы мүмкін деген болжам жасалды.
AFP агенттігінің Германия метеорологиялық қызметінің болжамдары мен Еуропа халқының 2025 жылғы санына жүргізген талдауына сәйкес, Еуропа тұрғындарының шамамен 340 миллионы, яғни әрбір бес адамның үшеуі дерлік 30 градустан жоғары ыстыққа тап болған.
Аптап ыстық пен құрғақшылық Еуропаның бірқатар елінде орман өрттерін күшейтті. Грекияның солтүстігінде орман өртіне байланысты жүздеген турист теңіз арқылы эвакуацияланды. Ал Англияның орталық бөлігінде өрт тұрғын үйлерге зақым келтірді.
Еске салсақ, Германияда аптап ыстықтан қаза тапқандар саны 12,5 мыңға жетті. Аптап ыстықтан әсіресе егде жастағы адамдар зардап шеккен.
Фото: baq.kz










