Гонконгте маймыл шешегін жұқтыру деректері күрт көбейді
Гонконгте маймыл шешегін жұқтырғандар саны артты. Тамыздан бері 21 жағдай тіркелген – бұл жыл басынан бері анықталған барлық жағдайдың 70 пайызы.
Жергілікті Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, вирус жұқтырған адам – 29 жастағы ер адам. Оның денесінде бөртпе пайда болып, дене қызуы көтерілген, лимфа түйіндері ұлғайған. Талдау нәтижесі маймыл шешегін жұқтырғанын растады. Қазір науқастың жағдайы тұрақты.
Эпидемиологиялық зерттеу деректеріне сәйкес, тамыздан бері анықталған 21 науқастың барлығы қауіпті жыныстық қатынаста болған. Олардың басым бөлігі вакцина алмаған.
Сондай-ақ соңғы айларда науқастардың жартысынан көбі танысуға арналған қосымшалар арқылы серіктес тапқан. Ал кейбірі вирус жұқтырғаннан кейін байланысқа шыға алмаған. Бұл олардың байланыста болған адамдарын анықтауды қиындатқан.
Мәліметке сәйкес, 2022 жылдан бері Гонконгте маймыл шешегін жұқтырудың 114 жағдайы тіркелген. Оның 30-ы 2026 жылдың басынан бері анықталған.
Қала билігі вакцинация ауқымын кеңейтіп жатыр. Сонымен қатар мамандар инфекцияны жұқтыру қаупі жоғары топтағы адамдарды екпе алуға және қауіпті байланыстардан аулақ болуға шақырды.
baq.kz
Фото: baq.kz











