Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Құтқарушылар таба алмай жатыр: Әйгілі трюкті орындамақ болған сиқыршы суға батып кетті

Құтқарушылар таба алмай жатыр: Әйгілі трюкті орындамақ болған сиқыршы суға батып кетті

Үндістанда сиқыршы әйгілі көз байлаушы Гарри Гудинидің ең танымал трюктерінің бірі «Шынжырды» орындап көрмек болған. Осылайша, су астында денесіндегі шынжырлардан босамақ болған Чанчал Лахири су бетіне шыға алмай, жоғалып кетті.

Батыс Бенгалия штатында құтқарушылар Хугли өзенінен сиқыршыны таба алмай жатыр. Лахиридің жоғалып кеткені туралы әйгілі трюкті өз көзімен тамашалауға келген көрермендер хабарлады, 
Лахириді суға катерден түсірген. Оның қол-аяғы байланып, денесі шынжырмен оралып, 6 құлыппен бекітіліпті. 
Фотосуретші Джайанта Шоу сиқыршының трюкті орындауға кіріскенін бақылап тұрған. Ол трюктің алдында Лахиримен сөйлескенін айтады.
«Сиқыр үшін не үшін өмірін қатерге тігетінін сұрадым. Ол күліп: «Егер бәрін дұрыс жасасам, бұл сиқыр болады. Егер қателік жіберсем, қайғылы жағдай орын алады», - деп жауап берді», - дейді фотосуретші.
Сиқыршы оған аталған трюкті орындап, адамдардың сиқырға деген қызығушылығын қайтарғысы келетінін айтқан. Бұл Лахиридің су астында жасаған алғашқы қауіпті трюгі емес. 
20 жыл бұрын оны шыны жәшіктің ішіне салып, дәл осы өзенге түсірген екен. Алайда сол кезде ол сиқырды соңына дейін орындап шыққан. 
Фотосуретші оның сол сиқырына да куә болған екен.
«Бұл жолы ол судан шыға алмай қалады деп ойлаған да емеспін», - дейді Шоу. 
Әзірге полиция мен құтқарушылар тобы Лахириді таба алмады. 
Hindustan Times газетінің мәліметінше, полиция өкілдері сиқыршының мәйітін таппайынша, оның көз жұмғанын жариялай алмайтынын айтқан.

http://stan.kz 

19 маусым 2019 ж. 567 0