Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Алматыда кілем жуам деп суға батып кеткен жүкті әйелдің күйеуі оқиғаның қалай болғанын айтып берді

Алматыда кілем жуам деп суға батып кеткен жүкті әйелдің күйеуі оқиғаның қалай болғанын айтып берді

Алматы облысында суға батып кеткен жүкті әйелдің денесі іздестіріліп жатыр. 32 жастағы Әсия Мұсаева канал маңында кілем жуып жатып, суға құлап кеткен еді. Оны іздеуге шыққан бүкіл ауылдың тұрғындары биліктегілерден ағысы қатты каналды бір тәулікке тоқтатуды сұрап отыр, деп хабарлайды КТК арнасы.

Қайғылы оқиға Үлкен Алматы каналында болған. Күйеуімен кілем жуып жатқан Әсия Мұсаеваның кенет аяғы тайып, суға құлап кетеді. Іле-шала суға секірген күйеуі жан-жарын құтқаруға тырысқан. Алайда, ағысы қатты судан 32 жастағы әйелді алып шығу мүмкін болмапты.
Каналды айналшықтап жүрген жігіт ағасы әйелін құтқара алмағанына қапалы. Суға құлаған жұбайына жармасқан ол бұлқынып жатқан каналмен 800 метрге дейін бірге аққан. Алайда,жүзе алмайтын жұбайы абдырап, айғайға басыпты. Сол сәтте жарымнан көз жазып қалдым дейді.
«Әйелімді судан шығаруға екі рет шамам жетті. Шыға алмағаннан кейін қобалжуы басталып кетті. Маған қиын болды. Оны сабырға түсіре алмадым. 2 балам бар. Үшіншісіне қуанғанбыз. 9 жыл бойы көтере алмай жүрген еді»,  – дейді күйеуі Рустам Низамдинов.
Осы оқиғадан кейін әйелдің жақындары бүкіл ауылға дабыл қағып, іздеу жұмыстарына мыңдаған адам кіріскен еді. Әйтсе де, төрт күннен бері еш нәтиже жоқ. Бұл аумақты сүзіп жатқан сүңгуірлер мен туыстарына денені табуға тереңдігі 3 метр, ағысы қатты су бөгет болып тұр.
«Су азайса біз табамыз. Сүңгуірлер  судан шықпай іздейді. Олар кіре алмай тұр. Өздерін су алып кетіп жатыр. Сондықтан суды бір күнге тоқтатса жақсы болар еді», – дейді әйелдің туысы Аида Илахунова.
Төтенше жағдайлар қызметі тұрғындардың тілек-талаптарын орындауға қауқарсыз. Айтуларынша, каналды тоқтату егіс алқаптарын суарып отырған диқандарға кесірін тигізеді.
«Бізден 8 адам жұмылдырылды. Сондай-ақ, төтенше жағдай қызметкерлері жергілікті әкімдік пен канал басшыларына суды тоқтатуға ұсыныс жіберді. Бірақ бұл мәселе әлі шешілген жоқ. Каналдың басшыларының айтуы бойынша, белсенді суғару жұмыстары сол канал арқылы жүріп жатыр», – дейді Алматы облысы ТЖД баспасөз қызметінің жетекшісі Азамат Жұртбаев.
Осылайша біруеге мал қайғы, біреуге жан қайғының кебі кеп тұр. Екі баласы бар әрі үшіншісіне аяғы ауыр әйелдің табылуына бүкіл ел-жұрт тілеулес. Cондықтан олар ештеңкеге қарамастан суға батқан жақындарын ары қарай іздей бермек.
Stan.kz
27 шілде 2018 ж. 1 801 0