Мысырдың ең алғашқы пирамидасында о дүниеге апаратын жол табылған

Археологиялық қазбалар Мысырдың Саккара елді мекенінің аумағындағы ең алғашқы пирамидалардың бірі – перғауын Джосер пирамидасында жүргізілген. Ол біздің заманымызға дейінгі 2650 жылы салынған алты тас баспалдақтан тұрады. Ұзындығы мен ені 129 × 115 метр, биіктігі 62 метр.

Мысырлықтар өлімді қалай елестетті?
Пирамиданың солтүстігінде перғауынның қызметшілері оған арнап 10,5 метрлік қабырға мен оны қоршап тұратын терең арығы бар ғибадатхана тұрғызған. Археологтар жерлеу орнынан перғауын пирамидасына апаратын бірнеше ұзын туннель тапқан. Олардың бірі басқалардан мүлдем өзгеше – ол кішкене бөлмеге апарады. Ал бөлмеден жыландардың суреттерімен безендірілген найза табылған.

Қорымның айналасындағы құрғап қалған арықтар жер асты әлеміне апаратын жолдың белгісі саналған. Оны археологтар XX ғасырдың басында зерттеген: қабырғалардан баспалдақтар мен бірнеше жыралар табылған, бұл ненің белгісі екендігі әлі күнге дейін құпия болып келеді. Археологтар оны басқа әлемге апаратын жолдың үлгісі және қауіп-қатерге толы болғанына сенімді.
Джосерді жерлеу рәсімі мен қорымы әлі күнге дейін ашылмаған жұмбақтардың бірі. Найза табылған бөлмеден 20 метр қашықтықтан тағы бір жер асты жолы табылған. Бірақ ол жолдың құпиясын ашу әзірге мүмкін болмай тұр. Себебі жолдың есігі үлкен таспен жабылған. Ғалымдар құия жолды зерттеу үшін үлкен тасты айналып өту шараларын қарастырып жатыр. Жақын күндері ашылмаған есіктің құпиясын біліп қалуымыз да ғажап емес.
Археологтар жұмбақ жер асты жолынан бөлек, Джосер пирамидасының аумағында сақталған оншақты мумияны тапты. Ғалымдар олардың қорқынышты жағдайына және қазылған шұңқырға көмілуіне қарай "ауқатты адамдар емес" деген қорытындыға келген. Өлгендердің кейбіреулері иероглифтері бар ағаш саркофагтарында сақталған. Ал иероглифтерді әлі ешкім оқи алмаған.