Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Сығанақ түбінен басқа қалаға апаратын жерасты жолы табылды

Сығанақ түбінен басқа қалаға апаратын жерасты жолы табылды

Сайрамдағы үңгірмен жүре берсең, Түркістаннан бір-ақ шығасың. Мұндай аңыздарды талай естідік қой. Рас екен. Сондай тоннелдің бірін көне Сығанақтың түбінен таптық.

Көне құрылысшылар, жерасты тоннелін былайғы адам байқамауы үшін, өте жақсы жасырған. Қазіргі тілде айтқанда маскировкасы керемет. Сондықтан таба алмай, біраз әуре болдық, деп хабарлайды Евразия арнасы.
Аузы таспен басылған тағы бір тарихымызды ашып жатырмыз. Ашқан бетте, іштен өте көне бу бұрқ етті, бері қарай. Иә, төменнен төбеге қарай жел уілдеп тұр.
Бұл дегенің, үңгір бітеу емес, әйтеуір бір жерде тағы осындай есік яки тесік бар деген сөз. Тереңдігі шамамен 5-7 метр. Үңгір аузы ортабойлы жігіт сиятындай доғал тесік. Таспен қашалған, адамның ісі.
“Кірпіш сияқты қалаған сияқты нышандарды байқадық. Біздің пайымымызша, бұл жерасты жолының қақпасы емес, бұл жерастын тоннелінің ауа алмастырғышы секілді. Жерасты жолы 4-5 метр тереңдікте жүргендіктен, ондағы жаңғырықты сіңіретін бөлмелер жасап кеткен” – дейді журналист, өлкетанушы Нұрлат Байгенже.
Жаз уағында келгенімізде жылан құжынап жатқан. Бұ жолы күн суық, көрінбейді. Тәуекел деп, ішке енбекпіз… Біздің есептеуімізше үңгірдің тереңдігі 7 метр. Арқанымыз 7,5 метр. Жетіп қалар деген ойымыз бар.
Түсірілім тобы, құрдымға қарай түсіп келеді. Үрей үрлеген тар қуыс  түбіне жеткенде  алай да, былай да созылып жатқан дәліз екенін көрдік. Міне ғажап, расымен мынау жәй апан емес. Кәдімгі жол. Қайбір бөлігінде қабырға құлағандықтан, еңбектеп әзер жүресің. Енді бір жерлері  ат жетектеуге келетіндей кең.
Әжептеуір жүрдік. Осымен, кері қайтуды ойладық. Себебі, үңгір ішіндегі ауа борсып кетіпті. Өкпе қысылып кетті. Шамамен 500 метр жүрдік, білем. Мұның өзі сенсация! Ортағасырда, қалалар бір-бірімен жерасты арқылы байланысқан дегенге нақты дәлел! Ал енді, қала мен қаланы жалғайтын бұл жолдар не үшін керек болды екен? Өлкетанушы журналист былай дейді.
“Жерасты жолының Сығанақ қаласымен байланысы барын баршаңыз біліп тұрсыздар. Десе де, былай қарай, қайда кетеді деген сұрақ туады ғой. Мұнда солтүстік батысқа қарай, бетпақдала жатыр. Сонымен байланысы болуы мүмкін. Бұл не үшін керек? Бұл жерде, Сығанақ қаласын жау шапқан жағдайда, қала жұртын осы жолмен алып келіп, былай қарай шығарып жіберудің төте жолы. Жерасты жолының бірі” – дейді тарихшы, журналист Әбдісамат Әбдіш.
Қазақ даласының үстімен ғана емес, астымен де тарау-тарау жолдар жүрген. Сол жолдармен Түркістан, Сығанақ, Сауран секілді көне қалалар соғыс жағдайында бір-біріне көмек берген, босқындарды қабыл алған. Мұны академик Әлкей Марғұланның да еңбектері растайды. Бір анығы, біздің бұл сапар, көп айтылатын, бірақ ешкім дендеп іздемеген жер асты жолдары туралы зерттеудің жаңа парағын аштық,-деп білем.
“Жаңа өздеріңізде көрдіңіздер, негізінде Троя миф. Бірақ ғалымдар соны іздеп тапты иә. Енді қазақтың өзіндік тарихында бар, ақсақалдар айтып жатады: Белгілі мекендерді жерастымен біріктірген өткелдер бар деп. Енді оны өздеріңіз куә болып жатсыздар. Нұрбек өзі жерастына түсіп көрді. Енді біз қазіргі уақытта тарихты аңыздармен зерттесек. Аңыздардың белгілі бір бөлігінде шындық бар. сол жерден шындық іздеп, тарихты бір қазбалап көру керек сияқты. Сол негізде біраз тарихты құнттап, ашуға болатын сияқты” – дейді блогер-өлкетанушы Батыржан Ибрагим.
Айтпақшы, бұл жерасты жолын қалай, қайтіп таптыңыз дейсіз ғой! Кәдімгі көп айтып жүрген ертегі, аңызбен. Сунақ ата дауы былай ғой: Көне Сығанаққа жапсарлас қонған Сунақ ата ауылы диқаншылықпен айналысады. Көктем сайын, егістікке су жібереді. Бірақ, атыздар суға бір толмайды. Көнекөз ақсақалдар, судың бәрін жерасты тоннелдері жұтып жатыр деген. Жұрт сенбеген. Ал, Ибрагим ата, жастау шағында, ұра қазып жатып, ауылдың ішімен өткен сондай жерасты жолына тап болған.
“Соны қазып бастаған кезде, қызыл кірпішпен қаланған, шатыр сияқты қаланған кірпіштерге тап болдық. Былайынан 18 метрге дейін. 1,5 метр тереңдіктен шықты, ол. Бұл құрылыс  біздің Сығанақтан анау Сауран қаласына кететін сияқты” – дейді Сунақ ауылының диқаны Ибрагим Бекенов.
Осылайша, аңыз  өтірік айтпайтынына көзі жеткен. Көп өтпей, сол аңыздың айтуы бойынша, ауыл ақсақалы жерасты жолын тауып алады. Иә, қазақтың шын тарихы  бөттеннің мүддесі араласқан қағаз кітапта емес. Қазақтың өз аузындағы жыр, аңыздарында жасырулы. Троя шаһары да, жәй аңыз еді. Сенді, тапты! Бізге де, өз аңыздарымызға сеніп, іздеу керек секілді… Сол кезде, жаңа, тың тарихымыз ашылары һақ! Сығанақтың жерасты жолы соған дәлел.
Stan.kz
15 қараша 2018 ж. 2 264 0