Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Эбола: Конго Демократиялық Республикасында қайтыс болғандар саны 82 адамға жетті

Эбола: Конго Демократиялық Республикасында қайтыс болғандар саны 82 адамға жетті

KAZINFORM – Конго Демократиялық Республикасында Эбола безгегінен көз жұмғандар мен вирус жұқтырғандар саны күрт өсті. Қаза тапқандардың жалпы саны 82 адамға жетті, деп хабарлайды ТАСС агенттігі.
Конго Демократиялық Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, соңғы тәулікте Эболадан қайтыс болғандар саны 18 адамға артып, 82-ге жеткен.
Сонымен қатар тіркелген инфекция жұқтыру жағдайлары 71-ге көбейіп, жалпы саны 452 адамды құрады. Жаңадан анықталған науқастардың елеулі бөлігін әйелдер құрайды.
Ведомство өкілдері көрсеткіштердің күрт өсуі тек инфекцияның таралуымен ғана байланысты емес екенін атап өтті. Бұған қоса, медицина қызметкерлері індеттің негізгі ошағы саналатын Итури провинциясының бұрын жету қиын болған аудандарына кіре алған.
Атап айтқанда, әңгіме Махаги ауданы туралы болып отыр. Угандамен шекарада орналасқан бұл аумақта бұған дейін қарулы топтардың әрекеті медициналық жұмыстарға кедергі келтірген.
Конго Демократиялық Республикасы мен Уганда билігі Эболаның жаңа өршуі басталғанын 15 мамырда жариялады.
Африка одағының бағалауынша, қазіргі жағдай 1976 жылы вирус алғаш рет анықталғаннан бергі ең ауқымды әрі ең ауыр індеттердің бірі саналып отыр.
Фото: pixabay.com
06 маусым 2026 ж. 46 0