Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақстанның қай қалаларында ірі көтерме-тарату орталықтары салынады

Қазақстанның қай қалаларында ірі көтерме-тарату орталықтары салынады

Ұлттық тауар таратушы жүйесін құру – Еуразиялық азық-түлік хабының басты инфрақұрылымы болады. ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов осылай деді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Баспасөз мәслихатында министр Мемлекет басшысының Жолдауын жүзеге асыру аясында Ұлттық тауар өткізуші жүйе құрылатынын жеткізді. Ол жүйе ЕАЭО мен Орталық Азия аймағындағы елдердің дәл сондай жүйелерімен интеграцияланады. «Бұл жүйе Қазақстандағы 24 көтерме-тарату орталығынан тұрады. Олар фермерлік өнімдерді сақтау мен қайта таратудың толыққанды әрі кешенді қызметтерін көрсетеді», - деді Бақыт Сұлтанов. Министрдің айтуынша мұндай орталықтардың салынуы көптеген шаруашылықтардың, жеке шаруа қожалықтардың өнімді өндіріп, сату кезінде күшін біріктіреді. «Жалпы Ұлттық тауар таратушы жүйені құру фермерлерді, сатып алушыларды, көлік иелері мен сатушыларды, тұтынушыларды бір кешенге біріктіретін зәкірлі инфрақұрылым болмақ», - деді ол. Жоба қазірдің өзінде жүзеге асу сатысында тұр. Аталған орталықтар Павлодар облысының Ақсу қаласындағы Мичурино ауылында, Алматы облысының Қапшағай қаласында, Жамбыл облысының Шу қаласында, сонымен қатар Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында салынады.
«Осы жылдың соңына дейін жеке инвесторларды тарта отырып, 17 көтерме-тарату орталығы бойынша жұмыс жүргіземіз», - деді Бақыт Сұлтанов.
inform.kz

26 қазан 2020 ж. 689 0