Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Зейнетақы қоры: жинақты жұмсаудың ертеңі қалай болмақ?

Зейнетақы қоры: жинақты жұмсаудың ертеңі қалай болмақ?

Қызылордалық Айдос Қуанышев жуырда зейнетақы жинағының бір бөлігін мерзімінен бұрын алды. Қаржы кең үйге көшіп, оның құнының тең жартысын жабуға жетті.
– 2004 жылдан бері Атыраудағы мұнай компания­сында жұмыс істеп келемін. Жалақы тәуір әрі тұрақты болғасын қорда едәуір ақша жиналыпты. Қолыма тигеніне 15 млн теңгенің пәтерін сатып алдық. Бұрынғыдан әлдеқайда жаңа. Іші кең, тыныш әрі қауіпсіз ауданда орналасқан. Отбасым мәре-сәре, – дейді кейіпкеріміз.

Жиған-тергенінің жеткілікті шектен асқанын алу Айдос үшін еш қиындық туғызған жоқ. Қорға өтініш қалдырғаннан кейін ол 3 күнде қолдау тапты. Оператор банк менеджерлері баспаналы болу жолын көрсетіп, бір аптадай жүгірген еңбегі еш кетпеді.

Кейіпкеріміз сияқты қордағы ақшасын ала алатын қазақ­стандықтар саны бір деректе шамамен – 760 мың, енді бір мәліметте 721 мың делініп жүр. Алайда оның жеткілікті шектен асқаны бәрінің бірдей үй сатып алуына жетпейді. Жеткілікті шек – салымшының қордағы есепшотында қалуы тиіс жинақ ақшасының ең төменгі мөлшері.

Мысалы:

20 жас – 1 млн 710 мың теңге;

25 жас – 2 млн 90 мың;

30 жас – 2 млн 500 мың;

35 жас – 2 млн 940 мың;

40 жас – 3 млн 420 мың;

45 жас – 3 млн 930 мың;

50 жас – 4 млн 470 мың;

55 жас – 5 млн 60 мың;

59-62 жастағы салымшы үшін – 5 млн 560 мың теңге.

Жинақтың бір бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсартуға, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне кірмейтін ем ақы­сын төлеуге, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға, жеке­меншік басқарушы компанияларға инвестициялық басқаруға беруге пайдаланса болады. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының 10 наурыздағы мәліметінше, бас­пана бабын жасауға байланысты 142 237, емге жұмсау жөнінде 1176 өтініш мақұлданды. Зейнетақы портфелін басқарушыға аудару бо­йынша 554 өтініштің 451-і өңделіп жатыр. Оның 42 проценттен астамы – Алматы, шамамен 20 проценті – Нұр-Сұлтан қалаларының, 4,9 проценті Қарағанды облысының тұрғындарынан түсті.

«Бірыңғай жинақтаушы зейнет­ақы қоры» АҚ Қызылорда облысы бойынша филиалы дирек­торының орынбасары Алмас Сәрсембаевтың айтуынша, 32 мыңға жуық жерлесіміз жинағын мерзімінен бұрын алу мүмкіндігіне ие. Бұл – барлық салымшының 7,7 проценті. Қолына ақша тигендер оның ипотекалық несиені жабуға жеткеніне риза.

Облыс орталығының тұрғыны Бауыржан Қалдыбекұлы үй алардағы қарызынан құтылып, мойнынан жүк түскендей күйде.

– 15 жылдан бері қорға ақша түсіп келеді. Жеткілікті шектен асқанына ипотекалық несиенің жартысын қайтардым. Әйтеуір, банк алдындағы берешектің азайғанына қуандым, – дейді ол.

«Отбасы банк» өтінішін қана­ғаттандырған 154 қызыл­ордалықтың мысалы Бауыржанның жағдайына ұқсас. Өйткені салымшыларда жаппай үй алатын шама жоқ. Көбінің талай жыл тірнектеп жиғаны мардымсыз. Сондықтан бірді бірге қосып амалдауға мәжбүр.

«Отбасы банк» АҚ облыстық филиалының бөлім басшысы Айжан Аралбай ақша берілетінін естіген бойда жұрттың бірден банкке ағылғанын еске алды. Араға алаяқтар кірігіп, фейк хабарлама таратқанда ажиотаж тіпті үдеген. Өзін зейнетақы қорының қызметкері деп таныстырған әлдебіреулер салымшылардан банк картасының нөмірін, басқа да дерек білуге тырысқан. Сондықтан ақпаратты тек enpf.kz ресми сайты немесе қордың әлеуметтік желілердегі ресми парақшалары арқылы тексеру ләзім.

Филиал өкілі өтініш беру және жинақты жұмсау кезіндегі бірнеше қателікті қаперге салды. Клиенттер көбіне соманы тиын-тебеніне дейін қалдырмай тізеді. Дұрысы – дөңгеленген цифр жазу. Банктің өтінішті мақұлдаудан бас тартудағы ендігі себебі – отбасы мүшелері туралы мәліметтің орынсыз толтырылуы.

– Кейбіреулер енесін немесе қайнағасын туыс ретінде көрсетеді. Олай болмайды. Туыстықты дәлелдеу үшін туу немесе неке туралы куәлік керек. Тағы біреулер қордағы қаржыны әуелі ініме, сосын келіншегіме аударам деп ойлайды. Бұл да – өрескел қате, – дейді А.Аралбай.

Қашпаған қашардың уызынан дәметіп сан соққандар жоқ емес. Шотына ақша түспей жатып үй таңдап, оның иесімен сату-сатып алу келісімшартын жасасқандар екі есе шығындалады. Жүгірісі өз алдына, нотариусқа қомақты қаржы төлейді. Сол себепті мамандар халықтан асығыстыққа бармай, аяқты аңдап басуды сұрайды.

Зейнетақы қорындағы жинақ қаржыны уақытынан ерте алуға мүмкіндік туғанда тұрғын үй нарығы құбылып шыға келді. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, өткен жылдың ақпан айымен салыстырғанда қолданыстағы тұрғын үй бағасы биыл ақпанда 20 процентке қымбаттады. Жаңа пәтер құны 8 процентке жоғарылады. Мемлекет басшысы «Жылжымайтын мүлік нарығында бағаны ұстап тұру үшін қажетті шаралар қабылдау керек. Қазір үй бағасының өскені туралы барлық жерде жазылып жатыр. Сондықтан мемлекеттік органдар халық пен құрылыс компанияларына түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, нарықтағы алыпсатар операцияларды тоқтатуы керек» деген еді. Әзірге мұның екпіні көрінетін емес. Әлде қулығына құрық бойламайтын кейбір құрылыс компанияларына бәрібір ме?

– Мемлекет үй алу жолдарын, жеңілдіктер қарастырғанымен, облыс, аудан орталығынан, мегаполис қалалардан пәтер алу оңайға түспейді. Еліміз бойынша 500 мыңнан астам адам пәтер кезегінде тұр. Президент алғашқы Жолдауында азаматтардың әлеуметтік әл-ауқаты ең әуелі тұрғын үй мәселесімен тығыз байланысты екенін айтты. Бұл мәселені шешу үшін зейнетақы жинағының бір бөлігін алуға мүмкіндік жасалды. Бірақ бұл баспанаға зәру жандар үшін қолжетімсіз. Өйткені олар негізінен – 30-45 жас аралылығындағы жас­тар және халықтың осал тобы. Сол себепті дәл осы топ өкілдерінің жеткілікті шекті жинауы қиын, – дейді экономика ғылымдарының магистрі Гүлшат Мұсаева.

Мұндай бастама қолданысқа Сингапур, Австралия мен Малайзия елдерінің тәжірибесі негізінде енгізіліп отыр. Халықаралық сарапшылар Сингапурда тұрғын үй бағдарламасының осылайша өте табысты жүргенін алға тартады. Жергілікті халықтың 90 процентінің жеке баспанасы бар және соның 80 процентін мемлекет салып берген.

– Зейнетақы жинағының бір бөлігін бүгін пайдалану адамның болашақтағы қаржылық жағдайына әсер етеді. Мысалы, осындай жағдайға тап болған сингапурлық қарттардың үйі болғанымен, қар­тайғанда аз зейнетақыны місе тұтуға мәжбүр. Бұл бізге де қатысты. Сондықтан жинақтың бір бөлігін қазір қолдануды немесе басқаша шешімді әрбір азамат ерікті түрде қабылдауы шарт, – дейді Г.Мұсаева.

Назерке САНИЯЗОВА

syrboyi.kz
16 наурыз 2021 ж. 379 0