Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Несие көрсеткіші артты

Несие көрсеткіші артты

2021 жыл басталғалы отандық банк секторының көрсеткіштері оң бағытқа қарай ойысқан. Мәселен, банк активтері 5,9 пайызға артып, экономикаға ұсынған несиелері 3,3 пайызға өскен. Корпоративтік секторды несиелеу деңгейі де 0,8 пайызға артқан. Бұл банктерде шығындарды тану және жұмыс істемейтін кредиттерді есептен шығару процестерінің жалғасуына байланысты, деп түсіндіреді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі.

Банк секторын қадағалау саясатының негізгі басымдықтары туралы айтқан агенттік төрағасы Мәдина Әбілқасымова дағдарысқа қарсы дер кезінде қабылданған шаралардың арқасында соңғы екі жылда жұмыс істемей тұрған несие деңгейі 7,4-тен 6,9 пайызға дейін төмендеді дейді.

– Экономикалық белсенділіктің құлдырауы жекелеген банктердің несие портфельдеріне кері әсер еткені белгілі. Соған байланысты жыл басынан бері төленбей тұрған несие көрсеткіші 6,9-дан 7,6 пайызға өсті. Жүйе бойынша жұмыс істемейтін қарыздардың 132 млрд теңгеге ұлғаюы жекелеген банктер бойынша провизиялармен 100 пайыз өтелген және банк секторына қауіп төндірмейтін NPL өсуімен байланысты болды, – дейді төраға.

Сонымен қатар М.Әбілқасымова қаржы нарығына қатысушылар үшін қадағалау саясатының ашықтығы мен болжамдылығын қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылданып жатқанын, банктердің нақты қаржылық жағдайын толыққанды саралау мақсатында активтердің сапасын тұрақты бағалайтын және қадағалайтын стресс-тестілеу құралдары енгізіле бастағанын мәлімдеді.

– Банктерді қадағалау саласындағы заманауи және тиімді халықаралық тәжірибелерді іске асыру мақсатында агенттік банктердің тәуекелдерін бағалаудың статистикалық модельдері негізінде стресс-тестілеу әдіснамасын кеңейтуді жоспарлап отыр. Бұл бастама экономиканың дағдарысты жағдайларында банктер капиталының дайындығын бағалауға мүмкіндік береді. Биыл агенттік қадағалау стресс-тестілеуді қанатқақты режімде жүргізбек. Тәуекелге бағдарланған қадағалау құралдарын кеңейту жұмыстары жалғасады. 2021 жылы капиталға арналған жеке қадағалау үстемесін есептеу әдіснамасын және оны банк саласының тәуекеліне байланысты қолдану тәртібін әзірлейміз, ол реттеушінің қадағалау практикасына 2022 жылдың соңына дейін енгізілетін болады, – дейді М.Әбілқасымова.

Сонымен қатар агенттік басшысы бизнеске және халыққа қолдау көрсету, қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатындағы дағдарысқа қарсы шараларға да тоқталды. Оның айтуынша, пандемияның банк секторының орнықтылығына әсерін барынша азайту үшін 2020 жылдың наурызынан бастап, капитал мен өтімділіктің жеткілікті көлемін беруге бағытталған уақытша пруденциялық реттеу шаралары қабылданған.

– Провизияларды есептеу кезінде «тұрақты» деп танылатын кепілдер тізбесіне МЖӘ жобалары және квазимемлекеттік компаниялардың («Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ) кепілдіктері енгізілді, капиталдың жеткіліктілігі мен бір қарыз алушыға келетін тәуекелді есептеу кезіндегі өтімді қамтамасыз ету тізбесі кеңейтілді. Кредиттік тәуекелдердің сақталуы және экономиканың түрлі секторларының тең қалпына келмеуінің жағдайында банк секторы экономикаға және өз клиенттеріне қолдау көрсетуді жалғастыруда, – дейді ол.

Сөз басында экономиканы несиелеу жыл басынан бері 3,3 пайызға өсті дегенді айтып едік. Бұл несие көлемінің 15,1 трлн теңгеге дейін ұлғаюын айғақтайды. Ал корпоративтік секторды несиелеудің 0,8 пайызға көбеюі, аталған секторға екінші деңгейлі банктерден 7,2 трлн теңге қаражат келіп түскенін растамақ. Сондай-ақ агенттік басшысы бөлшек несиелеу сегментінде кредиттеу тәуекелі жоғары тұтынушылық кредиттерден тәуекелі азырақ ипотекалық қарыздарға қарай біртіндеп ауысып жатқанын айтады. Мәселен, жыл басынан бері жеке тұлғаларға кредиттер, негізінен, тұтынушылық кредиттердің 6,1 пайызға ұлғаюы есебінен 5,6 пайызға өскен. Ал біржолғы зейнетақы төлемдерінің есебінен ипотекалық кредиттерді өтеуді есептегенде ипотекалық портфельдің өсуі 3,4 пайызды құраған.

2020 жыл шеңберінде және биылғы төрт айда «Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін жеңілдікпен несиелеу бағдарламасы», «Қарапайым заттар экономикасы», «Бизнестің жол картасы-2025» сияқты мемлекеттік бағдарламалар аясында бизнеске 2 трлн теңгеден астам ақша құйылыпты.

– Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында экономиканың зардап шеккен секторларындағы ШОБ субъектілеріне қолдау көрсету үшін төтенше жағдай режімі жарияланған сәттен бастап 12 ай кезеңге (2020 жылдың 16 наурызынан бастап 2021 жылдың 15 наурызына дейін) ШОБ субъектілерінің барлық кредиті бойынша пайыздық мөлшерлемелерді жылдық 6 пайызға дейін субсидиялау тетігі іске қосылды. Қазір 4 055 ШОБ субъектісі 22,3 млрд теңге сомаға субсидия алды, – деп мәлімдеді Әбілқасымова.

Жалпы соңғы үш жылда клиенттердің банктер алдындағы кешіктірілген қарыз деңгейі 14,5-тен 9,7 пайызға дейін қысқарған. «Бірінші несие бюросының» мәліметінше, әзірге несие беру тұрғысынан банктер Қазақстандағы үлкен күш болып қалып отыр. Олардың үлесіне жалпы ұсынылған қарыздың 74 пайызы тиесілі. Берілген несиенің 67 пайызы бизнес-саланың еншісіне тисе, 33 пайызы – бөлшек несиелеу сегментінің үлесінде.

egemen.kz
18 маусым 2021 ж. 367 0