Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Мемлекет басшысы ең төменгі жалақыны көтеруді тапсырды: кімдердің жағдайы жақсарады

Мемлекет басшысы ең төменгі жалақыны көтеруді тапсырды: кімдердің жағдайы жақсарады

Ең төменгі жалақыны көтерудің пайдасы уақытша болуы ықтимал. Себебі 42 500 мен 60 000 теңгенің айырмашылығын инфляция "жеп қояды", дейді экономистер

Келесі жылдан бастап Қазақстанда ең төменгі жалақы 42 500 теңгеден 60 мың теңгеге дейін көтеріледі. Бұл көрсеткіш сан алуан әлеуметтік төлемдерді есептеу кезінде негізге алынбайды. Sputnik Қазақстан тілшісіне сұхбат берген экономистер ең төменгі жалақының көлемін көбейту халықтың әл-ауқатына қалай әсер ететінін айтып берді. Сондай-ақ бұл бастама не себепті кеш қолға алынып жатқанын түсіндірді.

Екі жылға кешіктік

GSB UIB бизнесті талдау орталығының директоры, экономист Мақсат Халықтың айтуынша, бұған дейін ең төменгі жалақыны арттыру мәселесі талай рет көтерілген. Бұл бастаманы өткен жылдың басында іске асыру керек еді.  
"Былтыр 42 500 теңгеден әлеуметтік көмек берілгенде біз ең төменгі жалақы 60 мың болуы керектігін айтқанбыз. Бірақ оны енді ғана көтеріп, келесі жылы өсіреміз деп жатыр. Сонда екі жылға кешігіп отырмыз. Демек екі жылдың инфляциясын тағы қосу керек. Ол уақыттың ішінде инфляция 15-20 процентке жетіп қалды. Осы жылдың өзінде азық-түлік инфляциясы 11 проценттен асып кетті. Бұл дегеніміз, қазір ең төменгі жалақы 60 мыңнан да жоғары болуға тиіс", - дейді Халық.
Осы орайда сарапшы ең төменгі жалақыны есептеудің әлемдік тәжірибесін мысалға келтірді. Батыста халықтың басым бөлігі алатын жалақының орташа деңгейі негізге алынады.
"Бізде халықтың көбісі 100-150 мың теңгенің жалақысын алады. Оны "медианалық жалақы" деп атайды. Батыста соның тең жартысын ең минималды жалақы деп бекітіп отырады. Сонда дәл қазір бізде ең төменгі жалақының көлемі 75 мың теңге болуы керек. Ал келесі жылдан бастап көтерсе, 80 мыңның көлемінде бекітілуге тиіс", - деп атап өтті экономист.
Батыс елдерінде инфляцияның нақты дәрежесін ескереді. Кей кезде ең төменгі жалақыны сәл жоғары етіп қояды. Сонда кедей адамдардың жағдайы нашарламайды. 

60 мың теңгенің пайдасын кім көреді?

"Президент өз сөзінде ең төменгі жалақыны көтеру бастамасы 1 миллион адамға қатысты болады деп айтты. Бізде ол адамдар қазір ең төменгі жалақыны, яғни 42 500 теңгені алып жүр. Демек келесі жылдан бастап олардың жалақысы 60 мың теңгеге дейін көтеріледі. Әсіресе өңірлерде тұратын халыққа пайдасы тиеді. Себебі ауылда 10 мың теңгенің өзі ақша ғой", - дейді Халық.
Сарапшы салық салудың прогрессивті шкаласын тезірек енгізу керек деп санайды. Ал ең төменгі жалақы алатын адамдарға табыс салығы мүлдем салынбауы қажет.  
"Бұған дейін табысы төмен адамдарға табыс салығы мүлдем салынбасын деген ұсыныс болған. Мен оны толығымен қолдаймын. Мысалы 100 мың теңгеге дейін табыс табатын адамдар болса, оларға жеке табыс салығын салудың қажеті жоқ. 10 процентін неге алып қалады? Одан да 100 мың теңгесін қолына алсын", - дейді экономист.
Оның айтуынша, миллиондап табыс табатындардың есебінен бюджетке түспей қалған салықты өтеп отыруға болады.

Азық-түліктің бағасы көтерілуі мүмкін

Экономист мамандар ең төменгі жалақыны көтерудің кері жағы да бар дейді. Халықтың ақшасы біршама көбейсе, сұраныс артады. Ондайда баға тағы өсуі әбден мүмкін.
"Минималды жалақыны көтерудің пайдасы уақытша болуы ықтимал. Себебі инфляция 42 500 мен 60 000 теңгенің айырмашылығын "жеп қояды". Былайша айтқанда, баға өсіп, қосымша табыстың рахатын көрсетпеуі де мүмкін. Бірден болмайтын шығар. Бірақ екі-үш жылда байқалады. Ол анық нәрсе. Сондықтан ең төменгі жалақыны көтерудің пайдасы уақытша бір-бір жарым жылға созылады", - дейді экономист Арман Байғанов. 
Оның айтуынша, жұмысқа қабілетті халықтың оннан бір бөлігі ғана жаңа бастаманың пайдасын көреді. Себебі Қазақстанда жұмыс күшінің жалпы саны 10 миллион адамды құрайды. Дегенмен минималды жалақы көтерілгеннен кейін орташа айлықтың көлемі де өсуі керек.
Экономист Мақсат Халық та бағаның өсуіне алаңдап отыр. Инфляцияға жол бермеу үшін үкіметке біраз жұмыс істеуге тура келеді.
"Алдағы уақытта ең төменгі жалақы ғана емес, бюджеттік сала қызметкерлерінің жалақысы да өседі. Мемлекеттік қызметкерлер, дәрігерлер бар. Мұғалімдердің жалақысын жыл сайын 25 процентке өсіруге тапсырма берілді. Ал экономика заңы бойынша айналымда ақша массасы ұлғайып, қажетті тауарлар көлемі сол жерде өндірілмесе, баға көтеріледі. Алайда инфляцияны ауыздықтауға болады. Ол үшін мемлекет ақша массасын ұлғайтумен қатар тауар өндіруді де ұлғайтуы қажет", - дейді Халық.

Тоқаевтың тапсырамасы

1 қыркүйекте Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдау жасап, ең төменгі жалақының көлемін 60 мың теңгеге дейін көтеруді тапсырды. Себебі пандемия кезінде халықтың табысы төмендеді.  Оған қоса, бұл көрсеткіш жағынан Қазақстан ТМД-ның бірқатар елінен қалып қойған.
"Бұл шара 1 миллионнан астам адамға тікелей пайдасын тигізеді. Ал жанама түрде барлық жұмысшыға пайдалы болады. Көлеңкелі жалақының көлемін де азайтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ ішкі сұранысты да ұлғайтады", – деді Тоқаев.
Айта кетері, Қазақстанда ең төменгі жалақының көлемі соңғы рет 2018 жылы көтерілген. Осылайша 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап минималды жалақы тағы 17 500 теңгеге өсіп, 60 мың теңге болады.
Сондай-ақ мемлекет басшысы ең төменгі жалақыны салық және әлеуметтік салада есептік көрсеткіш ретінде колданбау қажеттігін де жеткізді.

sputnik.kz
09 қыркүйек 2021 ж. 1 292 0