Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Көмір бағасы неге өсуде?

Көмір бағасы неге өсуде?

"Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ баспасөз турын ұйымдастырды. Соның барысында журналистер елорданың теміржол тұйықтарының біріне барды.

"ҚТЖ-Жүк тасымалы" ЖШС атқарушы директоры Нұржан Келбұғановтың айтуынша, көмір уақытылы түсірілуде.
"Былтырғыға қарағанда биыл көмір тасымалы өте жақсы, 4%-ға жоғары. Мысалы, қыркүйекте 8%-ға артық көмір артылған. Оның ішінде былтыр елордада 1 мамырдан бастап есептегенде 91 мың тонна көмір түссе, биыл 99,9%-ды құрап отыр. Бұл 8%-ға немесе 8 мың тоннаға артық. Сондықтан көмір тапшылығы жоқ. Мұндай пікірге қарсымын. Көмір бар”, – деді Нұржан Келбұғанов.
Елордада көмір тиейтін сегіз тұйық бар. Баспасөз турын өткізу кезінде оларда көмірі бар 75 ашық вагон, бұдан басқа елордаға жақындар келе жатқан тағы 138 ашық вагон болды. Ол вагондар алдағы тәуліктерде келіп жетуі тиіс. Тұйықтан қатты отын көмір қоймаларына тасымалданып, содан кейін тұрғындарға сатылады.
"Күн сайын біз 8-10 вагоннан қабылдаймыз, адамдар бөліп алады. Күніне шамамен 100 машина келеді. Біз "Майкөбен-Вест" разрезімен жұмыс істейміз, өйткені көмір сұранысқа ие. Айына орта есеппен 20 мың тонна көмір жібереміз. Кезек деген атымен жоқ. Соңғы жеткізілім кеше болды, 500 тонна алынды. Көмірдің тоннасы 11 500 теңге, сапасына қатысты шағымдар жоқ", – деді"Айткульжинова" ЖК көмір тұйығы директорының орынбасары Валерий Горудко. 
Теміржолшылар көмір тасымалдау тарифі көтерілмегенін және ұлғаймайтынын атап өтті.
"Баға жыл сайын инфляцияға байланысты бір рет өсіп отырады. Ол жылдың басында болды. ҚТЖ тарифі көмір бағасының 8%-ын құрайды. Мәселен, көмір 8 мың теңге тұрса, нүктеге дейін 9 мың теңгемен жетеді, яғни 1000 теңге қосылады. Тағы 1000 теңгені вагон иелері қосады. Сөйтіп шамамен 10 мың теңгемен жетуі керек. Дегенмен басқа да оператор, локоматив иелері де бар. Оданбөлек, кірме жолдары да өздерінің қызметіне ақы қосады. Осыдан баға бүгінгі күні 13 100 теңгені құрап отыр. Бұл "Шұбаркөлдің" бағасы, ал "Майқұбанікі" 13 мың теңгеден тұр”, – деп түсіндірді Нұржан Келбұғанов. 
"ҚТЖ-Жүк тасымалы" өкілінің айтуынша, көлікпен көмір таситындар көмір өткізу орнынан 13 мың теңгеге сатып алып, оны 25 мың теңгеге жеткізіп отыр.
"Мысалы көлікпен көмірді таситындар бес тонна 13 мың теңгеден алып отырса,  бір рейске 20-25 мың теңге алады. Сонда бір тонна 18 мың теңгеге шығады. Бұл бағаларды тексеру біздің құзыретімізде емес. Яғни көмірдің тұтынушы үйіне барғанға дейінгі баға неліктен 18 мыңға өсіп кететініне мониторинг жасау қажет", – деп түсіндірді ол.
Іс-шараны ұйымдастырушылар "ҚТЖ" ҰК" АҚ-да ағымдағы жылдың тамыз айынан бастап апта сайын Қазақстан бойынша көмір тасымалдауды үйлестіретін көмір разрездері өкілдерінің қатысуымен жедел штаб жұмыс істейтінін қаперге салды.
Сонымен қатар жол бөлімшелерінде жедел мониторингтік топтар жұмыс істейді. Күн сайын олар көмір қорының нақты мөлшері туралы ақпарат жинайды және қажеттілік деңгейін болжайды.




stan.kz

09 қазан 2021 ж. 2 654 0