Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Арал ауданында жол жөндеу жұмыстары қарқынды

Арал ауданында жол жөндеу жұмыстары қарқынды

Халық қатынасын қамтамасыз етіп отырған жол мәселесі қай кезде де назардан тыс қалған емес. Жыл сайын бюджет қаржысының бір бөлігі жолдарды жөндеу жұмысына жұмсалады.

Арал ауданы бойынша аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 643,8 мың шақырым болса, оның 242,6 мың шақырымы жақсы, 142,0 мың шақырымы қанағаттанарлық және 259,1 мың шақырымы қанағаттанарлықсыз жағдайды құрап отыр. Биылғы жылы жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының үлесі 59 пайызға жеткізілді.

2025 жылға қарай жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының үлесін 92 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. 2022 жылы автомобиль жолдарын жақсарту мақсатында барлығы – 1,8 млрд.теңге бөлінген. Жоспарға сәйкес 2021 жылы бастау алған аудандық маңызы бар «Самара-Шымкент-Қамыстыбас-Аманөткел-Жаңақұрылыс» автожолына қосымша 680 млн теңге бөлініп, қазіргі таңда құрылыс жұмыстары жалғасын табуда. «Сазды елді мекеніне кіреберіс» автожолын орташа жөндеуге республикалық бюджеттен 228,0 млн теңге бөлініп, жұмыстары басталды.

Аудандық жоба құны 328,0 млн теңге болатын Хан елді мекені тұсындағы қалқымалы көпірді қайта жаңғыртуға облыстық бюджеттен 48,0 млн теңге бөлініп, тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Сондай-ақ қазіргі таңда аудандық маңызы бар Бөген-Ақлақ бағыты бойынша 237,5 млн теңге, Қаратерең – Жаңақұрылыс автомобиль жолына 148,1 млн теңге қаржы бөлініп, жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Қызылжар елді мекенінің кіреберіс автомобиль жолын орташа жөндеуге 212,3 млн теңге және Қызылжар-Шөмішкөл автомобиль жолының құрылысына 100,0 млн теңге бөлініп, мердігер мекеме анықталды. Жақын күндері екі жобаның жұмыстары бастау алмақ.

«Ауыл-Ел бесігі» бағдарламасы аясында жоба құны 197,5 млн теңге болатын Сексеуіл кентіндегі №231 мектептен темір жол өткеліне дейінгі автожолды орташа жөндеуге республикалық бюджеттен 105,4 млн теңге қаржы бөлініп, мердігер тарапынан бөлінген қаржыға тиісті жұмыстар атқарылды.
Сонымен қатар Арал қаласындағы В.Терешкова, И.Панфилов көшелерін орташа жөндеу және аудандық маңызы бар «Самара-Шымкент-Сексеуіл», қала көшелеріне автокөлік жолдарына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Мұнымен қоса, Бақтыбай батыр көшесін абаттандырудың бірінші кезеңіне аудандық бюджеттен 17 млн теңге қаржы бөлініп, тиісті жұмыстар жасалуда.
Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында аудандық бюджеттен 3,6 млн теңге қаржы бөлініп, аудандық маңызы бар және қала көшелерінің жол белгілері стандартқа сәйкестендіріліп, жаңадан орнатылды.

kyzylorda-news.kz
13 қыркүйек 2022 ж. 1 650 0